"Болашақ" түлектері мемлекеттен алған қарызды қайтармай отыр

Саяжан Каукенова Саяжан Каукенова
5438

"Болашақ" бағдарламасымен оқуға кетіп, елге оралмаған түлектердің мемлекетке 2 млрд теңгеге жуық қарызы бар.

"Болашақ" түлектері мемлекеттен алған қарызды қайтармай отыр

Халықаралық бағдарламалар орталығы білім алуға қаражат алып оқыған, бірақ, қарызды қайтаруға асықпайтын болашақтықтардың санын есептеп шықты. 2005 жылдан бастап бүгінге дейін олардың саны 155 адамға жеткен.

"Олардың қарызы 1,9 млрд теңгеге жуықтаған, оның шамамен 500 миллионы қайтарылды. Бұл кісілердің ақша қайтаруға қатысты ешқандай қиындығы жоқ", – дейді орталық басшысы Жанболат Мелдешов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Олай болса, білім алған жастар неліктен мемлекетке қарызын толық қайтармай отырғанын түсіндірмеді.

Қарыз қайтармағандардың басым бөлігі 2005 жылғы түлектер, оның бірқатар себебі де бар. Яғни, ресми ақпаратқа сүйенсек, шәкіртақы тағайындау басталысымен, 1994 жылдан 2004 жылға дейін бұл мүмкіндікке 780 үміткер қол жеткізген. Ол кезде іріктеу өте қатаң жүргізілген. Ал 2005 жылы олардың саны 2574-ке дейін артты. Бұл көрсеткішпен бірге "Болашақ" бағдарламасының шәкірттері оқи алатын елдердің тізімі де 13-тен 33-ке дейін артты.

Шығыс бағыты дамыды: білім алуға ұсынылған шетел жоғары оқу орындарының қатарына Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Малайзия және Сингапурдың озық университеттері, сондай-ақ, посткеңестік мемлекеттердің жоғары оқу орындары енгізілді.

Жалпы, 1994 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін "Болашақ" шәкіртақысы 12 мыңнан астам адамға тағайындалыпты. Алайда, сол жастардың басым бөлігі Отанға оралған соң шарт талаптарына сәйкес міндетті түрде 5 жыл жұмыс істеу үшін Астана мен Алматы қалаларын таңдайды екен.

"Болашақ" бағдарламасының шамамен 85% түлегі Астана мен Алматы қалаларында қалады. Қалған 15%-ы 5 жыл аймақтарда жұмыс істейді. Сол себепті, біз "Болашақ" түлектерін ынталандыру үшін аймақтарда жұмыс істеу мерзімін 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартуды жоспарлап отырмыз. Осылайша, түлектердің аймақтарда жұмыс істеуге деген қызығушылығын арттырамыз ба деп сенеміз", – дейді ол.

Сондай-ақ, халықаралық бағдарламалар орталығы түлектер арасында тиісті сауалнама алып, бұл мүмкіндік олардың қызығушылығын тудырғанын көрсетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу