"Бұл сол жерде жұмыс істейтін болашақтықтардың "ісі"

3836

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев ШҚО-дағы мемлекеттік сатып алу мәселелерін талқылады.

"Бұл сол жерде жұмыс істейтін болашақтықтардың "ісі"

Үкімет отандық өндірушіні қолдау мен мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор саласында сатып алу мәселелері бойынша түбегейлі шара қолдануға дайындалып жатыр. Бұл туралы ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бастаған делегацияның Шығыс Қазақстанға жасаған жұмыс сапары барысында белгілі болды. Республикалық отырысқа елдің барлық өңірінен жүзден астам кәсіпкер қатысты, дөңгелек үстелдің модераторы "Атамекен" КҰП басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов болды.

"Бақытжан Әбдірұлы, алдымен сізге алғыс айтқым келеді. Кәсіпкерлер палатасы үш жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді және біз барлық құрылымдық мәселеге араласамыз. Дегенмен тауар өндірушілерді қолдау және сатып алудың өзекті мәселелерін талқылауға жасалған бұл қадам теңдесіз жоқ деп айтсақ болады", – деп баса айтты Абылай Мырзахметов.

Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік қолдауға зәру тауар өндірушілердің негізгі екі алаңы бойынша шолу әзірледі.

"Біз ҚР қаржы министрлігі және "Самұрық-Қазына" АҚ-мен бірлесіп екі сатып алу алаңын талдап шықтық. 2017 жылы 18 мың мекеме мен 245 ұлттық компанияның жалпы сатып алу көлемі 5,5 трлн теңгені құрайтын болады. Мүмкіндік – 1,1 трлн теңге. Бұл отандық өндірушілер қатысып, тапсырыс алуға мүмкіндігі бар көлем. Жүргізілген сауалнама бойынша бұл жүйеге елеулі ықпал ететін бес мәселе белгілі болды. Бұл сатып алу жоспарларында ақпараттық тұрақтылықтың болмауы, бірыңғай кодификацияның қажеттілігі, сатып алуды өткізуде бірыңғай әдістердің қажеттілігі, жергілікті үлесті бақылауға алу мен мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы сатып алуларға бірыңғай қол жетімділік", – деп нақтылады КҰП басшысы.

Абылай Мырзахметовтың айтуынша, өткізілген талдау сатып алудың нақты мерзімі көрсетілетін жоспардың жоқ екенін көрсетті. Оның үстіне бюджеттік бағдарлама әкімшілері сатып алу жоспарын уақытында жарияламағаны үшін жауапкершілікке тартылмайды. Сонымен қатар, КҰП басшысының пікірінше, барлық алаңдарда біліктілік алдында іріктеу (БАІ) жүргізуді заңнамалық деңгейде міндеттеу қажет. Бүгінгі күні бес сатып алу әдісінің біреуі ғана БАІ жолымен жүргізіледі. Одан бөлек, талаптарды бір ізге салып, бизнес өкілдері қатысқанда берілетін индустриалды сертификат енгізу қажет, бұл қолданыстағы СТ-КЗ сапа стандартын алмастырар еді. Индустриалды сертификат бойынша ұзақмерзімді келісімшарт мерзімінде өндірісті жаңғырту, тауар сапасын және импортпен бәскелестікті сақтау міндеттеледі. Сондай-ақ жергілікті үлесті бақылау күшейтіледі.

Өз тауарымызға сұраныс жоқ

Жиһаз және ағаш өңдеу өндіріс кәсіпорындары қауымдастығының президенті Ержан Садықовтың пікірінше, бүгінгі күні дамудың стратегиялық жоспары болмағандықтан саладағы жергілікті үлес бар болғаны 30%-ды құрайды.

"Біз Универсиада және "ЭКСПО" сияқты беделді жобаларға үлкен үміт артып отырмыз. Универсиаданың қорытындысы бойынша түскен бір жарым миллиард теңгенің 99%-ы Ресейге кетті, біздің жиһаз жасаушыларымыз бар болғаны бір пайызын ғана алды. КҰП мен қаржы министрлігі өткізген талдау осыны көрсетті. Ресей компаниясы ақшаны артығымен алды, ал қазақстандық компанияға ақша жоқ. Баса назар аударғым келетіні, мемлекеттік сатып алуларда қолданылатын барлық шара тауар өндірушілерді қолдауға бағытталмаған. Талдау көрсеткендей, тек 18% ғана жиһаз жасаушы компаниялар болып табылады. Ал қалған 72% – делдалдар. Бұл жүйелі мәселе және өңдеу саласының барлық бағыттарына қатысты. Олар тапсырыс алып, жиһазды Ресей, Қытай, Беларусь және Қытайдан сатып алады. Жиһаз бойынша өткізілген тендерлерде тіпті мейманханалар да жеңімпаз болып жатады. Мысалға, "ЭКСПО" көрмесінде 30 млн теңге және 20 млн теңгеге тендерлерді екі сауда үйі ұтып алды. Ал қауымдастық мүшелерінен тұратын отандық тауар өндірушілер консорциумы 500 мың теңге ұтқан", – деп мәлімдеді ол.

Кәсіпкерлердің айтуынша, КҰП жалған СТ-КЗ сертификаттарын қайтарып алу бойынша жұмыс жүргізіп жатқандығына қарамастан, бұл мәселе әлі де түбегейлі шешілмей тұр.

"Мен бүгін СТ-КЗ тізіліміне кіріп, қызық жайды көзім шалды: сертификаттарына сәйкес электр қозғалтқыш жасайтын, жергілікті үлесі 78%-ға жететін жеті зауытты таптым. Яғни бұл толық циклды зауыттар болуға тиіс. Аумағы 10 мың шаршы метрден кем емес және мыңдаған жұмыс орындары бар кәсіпорын. Мұндай зауыттардың орналасқан мекенжайы тіптен қызық. Мысалға, Ақтөбе қаласы, 12-шағынаудан, 45-үй, 90-пәтер. Міне осындай жалған өндіршілер тендерді ұтады. Егер біз сараптаманы салалық ұйымдар арқылы кәсіби ортаға тапсырмасақ, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған барлық шара тиімсіз болып қалады және ол бізге емес, қаптаған делдалдарға қолдау жасамақ" – деп баса айтты кәсіпкер, "Алматы желдеткіш зауыты" ЖШС төрағасы Марат Баққұлов.

Кездесуде кәсіпкерлердің дені "Самұрық Қазына" АҚ-ның сатып алуларына байланысты қиындықтарды атады. Оның ішінде сатып алу ережелерінде тендерге қатысуға рұқсаттың жоқтығы. Сондай-ақ конкурстық өтінімін түзетуге немесе толықтыруға мүмкіндіктің жоқтығы да аталды.

"Қиындықтардың бірі – сатып алулар бойынша жылдық қажеттіліктерді жариялаудың төмендігі. Берілген ақпарат нақты емес, кейде қарама-қайшы, жалған ақпарат болуы мүмкін. Іс жүзінде сатып алу кезінде куәландырылмайды. Мысалы, Атырауда "Газ құбыры электр станциясының құрылысы" атты ірі жоба іске асырылуда. Алайда арамыздағылардың көпшілігі жобаның қажеттілігі туралы ақпарат алмағаны былай тұрсын, жоба туралы тіпті естімеген", – деді өз сөзінде Марат Баққұлов.

Сонымен бірге біліктілік алдында іріктеуді өткізуде де кедергілер туындайды. Мысалға, ұпай белгілеу жүйесінде сегіз біліктілік өлшемі қолданылады, олар бойынша 235 талап жиналады дейді бизнесмендер. Кәсіпкерлер 1,5 млн теңгеге жететін іріктеуден өту құнының жоғары екенін айтып шағымданды, өтемақыны төлеу іріктеуден өтуге кепілдік бермейді.

Шикізаттың жетіспеушілігі жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін жалғыз қиындық емес.

"Тендерден ұту өте қиын. Біз бұл нарықта шамамен 25 жыл жұмыс істеп келеміз және "Самұрық-Қазына" АҚ-дан бірде-бір тапсырыс алған жоқпыз. Олардың өз әккі амалдары бар. Олардың өз сайты бар, тендерге қатысу үшін осы сайтқа кіру керек. Бірақ оған кіру мүмкін емес. Кейінірек біз олардың құпиясын аштық, олар әріптерді ауыстырады екен. Мысалға, ағылшын әрпін орыс әрпіне. Ол жерде болашақтықтар жұмыс істейді ғой, бұл солардың ісі. Онымен қоймай, олар шағын көлемге тендер жариялайды, әрине тапсырыстың аздығынан ешкім қатыспайды. Оның шығыны көп, тиімсіз. Ал кейін олар ұтқан компаниямен үлкен сомаға қосымша келісім жасасқаны мәлім болып жатады", – деп шағымданды Шымкенттегі "Гаухар" тігін фабрикасының директоры Әнипа Қалбаева.

Оның айтуынша, олардың кәсіпорны негізінен мемлекеттік қорғаныс саласының тапсырысы есебінен күнін көріп отыр. Бірақ әскерилердің тапсырысы бес айдан артық уақытқа созылмайды. Былтыр олар мектеп формасын тігуді қолға алыпты. 200 млн теңге тұратын тауар қалдық болып қалған. Осының салдарынан ОҚО-да екі кәсіпорын тұралап, фабриканың 240 жұмыскері бес ай қатарынан мәжбүрлі демалыс алып отырғанын айтады Әнипа Қалбаева.

Ал "Гаухар" тігін фабрикасы жылына 100-200 мың бұйым шығаруға қауқарлы.

ҚР статистика жөніндегі агенттіктің мәліметіне сүйенсек, жеңіл өнеркәсіп саласында 942 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 90%-нан астамы шағын және орта бизнес кәсіпорындары. Бұл кәсіпорындардың өндіріс көлемі 2016 жылы шамамен 80 млрд теңгені құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 12%-ға жоғары. Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспортқа шығару өткен жылдың 11 айында 2015 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге ұлғайды да, 250 млн доллардан артық соманы құрады. Импорт 1,4 есеге қысқарып, 930 млн долларды құрады.

Алғашқы және табысты болды

Былтыр Шығыс Қазақстан алғашқы болып кәсіпкерлерді қолдау мәселелерін қарастыра бастады. "Атамекен" КҰП басшысы Абылай Мырзахметовтың ойынша, өңір өзіне артылған міндетті табысты орындап келеді.

Отандық тауар өндірушілерін қолдау жөнінде құрылған арнайы комиссия, ҚР премьер-министрінің тапсырмасына сәйкес, 2016 наурыз айынан бастап жұмысын құрылыс саласында бастады. Нәтижесінде, жергілікті биліктің айтуынша, жобалық-сметалық құжаттарда қазақстандық үлесті 80%-ға дейін ұлғайтуға қол жеткізілді.

Комиссия отандық тауар өндірушілермен келісімшарт жасасуға жәрдемдеседі, атқарушы органдармен орын алған даулы мәселелерді қарастырады. Жобаға дейінгі және тендерден кейінгі бақылау жүзеге асырылады.

"Қабылданған шаралардың нәтижесінде бүгінде өндіріске қажетті тауар Қазақстанның тауар өндірушілерінен сатып алынады", – деп есеп берді премьер-министрдің алдында ШҚО әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов.

"Біздің ұстаным өз кәсіпорындарымызды ұзақмерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ету. Ол үшін отандық 746 тауар өндірушіден тұратын тізілім жасалды. Оның 510 кәсіпорнында СТ-КЗ сертификаты бар. Комиссияның ендігі жоспары осы жылдың соңына дейін азық-түлік, жиһаз, құрылыс матриалдары және жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша мемлекеттік сатып алуларда жергілікті үлесті 95%-ға дейін жеткізу. Сонымен бірге жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компания өкілдіктерінің сатып алуларында жергілікті үлесті арттыру бойынша жұмыс қолға алынады. Жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлер палатасы және "Қазцинк" ЖШС арасында шағын және орта бизнеске барынша көп тапсырыс жариялау бойынша бағдарлама іске асырылуда. "Востокцветмет" ЖШС-мен осыған ұқсас жұмыс басталып кетті. Оған қоса бүгінгі таңда шетелдік өндірушілері тарапынан орын алған жоғары бәсекелестік те күрделі мәселенің бірі болып отыр. Аталған мәселені шешу үшін мемлекеттік сатып алудың үлгілік шартына құрылыс материалдарын қазақстандық тауар өндірушілерден таңдауға бағытталған ЖСҚ дайындауды қарастыруды өтінеміз. Сонымен бірге құрылыс-сәулет бақылау органдарына отандық өндірушілердің құрылыс материалдары мен құрал-жабдықтарын жеткізуде келісімшарттың болуын тексеруге тапсырма беруіңізді сұраймыз. Бұл ел аумағында өндірілмейтін тауарларға қатысты емес", – деп атап өтті ШҚО әкімінің орынбасары.

Жалпы, "Атамекен" КҰП мәліметі бойынша 2017 жылы 2,1 трлн теңге сомасына 105 жобаны іске асыру жоспарлануда.

"Ашық әңгімеңіз үшін рақмет"

Кездесудің соңында премьер-министр қорытынды шығарып, үкіметте қандай бағыттарда жұмыс басталғанын атап өтті.

"Біз мемлекеттік сатып алу бойынша түбегейлі шаралар қабылдай бастадық. Сондай-ақ биыл Қарағанды, Астана, Ақмола облыстарында құрылыс келісімшарттарына қазынашылдық сүйемелдеуді енгізіп жатырмыз. Біз сотта үнемі жемқорлық істері қаралатынын көріп жүрміз, нысанды уақытында тапсырмаймыз, соның салдарынан жобаның құны қымбаттайды. Енді бюджеттік қаражаттың 30% қазынашылық арқылы өтеді. Нысанды тапсырдың ба, мемлекет құжатқа қол қойып, есеп айырысады. Осыдан соң сен салық, еңбекақы төлеуге тиіссің, барлығымен есеп айырысқаннан кейін қалған ақшаны қалауынша жұмса. Ал квазимемлекеттік сектор бойынша мәселе шынымен де күрделі. Егер біз енді аяғына енді тұрып жатқан бизнеске Еуроодақтың немесе Құрама Штаттардың стандарттарына сәйкес кел деп талап қойсақ, олар шыдамайды. Оларға ары қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Олар келесі деңгейге өткенде ғана стандарт талап ету керек", – деп баса назар аударды Бақытжан Сағынтаев.

Министрлер кабинетінің басшысы Өскемен арматура зауытының өнімі толық мөлшерде Ресейге кететінін, ал Қазақстанда осындай жоғары сапалы отандық өнімге деген сұраныстың жоқтығын түсінбейінін айтты.

"Егер Ресейге тауар жеткізетін кәсіпорындарымыз өзіміздің біліктілік талаптарынан өте алмаса, онда енді мен білмеймін..." – деп қатты айтты ол.

Ол сондай-ақ "Самұрық-Қазына" АҚ сатып алу мәселелері үкіметте талқылана бастағанына тоқталды. Ұлттық компаниялардың сатып алулары бойынша мәселе осынша күрделі екенін ойламағанын ескерді.

Жанар Асылханова, Өскемен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу