"Дипломы бардың барлығы білікті маман емес"

Елбасы дәрігерлер білікті әрі халыққа жақын болуы керек екенін айтты.

"Дипломы бардың барлығы білікті маман емес"

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Жергілікті басшылар президентке бар жақсыны көрсетті.

Балық өсірсең, бекіре өсір
Елбасы Ұлан ауданындағы бекіре еті мен уылдырық өндіретін Ostfish ЖШС-ның жұмысымен танысты.

2016 жылы іске қосылған кәсіпорын жыл аяғына дейін өнім беруді жоспарлап отыр. Ал толық қуатымен 2022 жылы жұмыс істей бастайды.Сол кезде кәсіпорын жылына 45 тонна бекіре еті мен 4 тоннадан астам уылдырық өндіретін болады.

Серіктестіктің бас директоры Рашид Алшынбаевтың президентке баяндауынша, кәсіпорын құны 424 млн теңгені құрайтын еуропалық Sia AquaFerma қондырғысымен жабдықталған. Ал жобаның жалпы құны 1,8 млрд теңге. Бұл ақшаның 300 млн теңгесін кәсіпкер өз қалтасынан шығарған. қалғанын "Қазагроқаржы" АҚ қаржыландырған.

Облыс әкімі Даниал Ахметов "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында кәсіпорынға өңір бюджетінен инженерлік инфрақұрылым тарту үшін 40 млн теңге және құрылыс шығындарының субсидиясы ретінде 317 млн теңге бөлінгенін айтты.

Бұдан кейін елбасы "Силумин Восток" кәсіпорына аялдады. Аты аталған  серіктестік 2002 жылдан бері энергетика, тау-кен және мұнай-газ өндірісіне қажет сорғылар мен мойынтіректер, электр-қалқанды құрылғылар дайындап келеді. Кәсіпорынның толық цифрландырылған. Мамандар автоматтандырылған жүйені кеңседе монитор арқылы бақылап отырады.  Зауытта 240 адам жұмыс істейді.

Кәсіпорынның бас директоры Олег Фроимчуктің сөзінше, жұмысшылардың орташа жалақысы 220 мың теңгеден асады.

"Мемлекет көрсетіп отырған қолдаудың арқасында компания жыл сайын табыс көлемін арттырып, өндіріс аясын кеңейтіп келеді. 2016 жылы 597 млн теңгенің өнімі шығарылса, биыл бұл көрсеткішті 1,4 млрд теңгеден асырамыз деп отырмыз", – деді кәсіпорынның бас директоры Нұрсұлтан Назарбаевқа.
 

Роботтандырылған ота орталығы
Шығыс Қазақстан облысында цифрландыру қарқынды жүріп жатыр. Осыған дәлел ретінде елбасы назарына Өскемен қаласының №1 ауруханасындағы роботтандырылған ота орталығы ұсынылды.

Мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған аурухана соңғы 2-3 жылда материалдық-техникалық жабдықталу жағынан үлкен өзгерісті бастан  кешірді. Соның ең елеулісі – роботтандырылған ота орталығы. Оның жұмысын жүргізу үшін 4 маман іріктеліп, Италия мен Алманиядан қосымша білім алған болатын. Ал "оташы роботты" іске қосып, жергілікті мамандарды үйретуге Италиядан Стефано Джидаро есімді профессор шақыртылған. Ол 27 наурыздан бері Өскеменде еңбек етіп жатыр. Оның басқаруымен "оташы робот" 36 науқастың алғысына бөленіп үлгерді.

Жуырда оташы робот әлемде тұңғыш рет бүйрек алмастыру отасын атқарды. Келешекте роботтың көмегімен жылына 500 ота жасау көзделген.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова президетке өңірдегі медицина мекемелерін заманауи материалдық базамен қамту үшін 2020 жылға дейін 23,4 млрд теңге бөлінетінін баяндады.

"Облыстағы барлық медициналық мекемелердің жабдықталуына талдау жасалды. Нәтижесінде салаға 23,4 млрд теңгенің жабдығын алу туралы шешім қабылданды. 2019 жылдың аяғына дейін қажеттілікті өтеуді көздеп отырмыз. Мамандарымызды шетелдің үздік медицина орталықтарына жіберіп, біліктіліктерін арттырып жатырмыз. Өңірлік бағдарлама аясында 3 жылда 173 маманды ұзақмерзімді оқу курстарына жібермекшіміз", – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ауданда инсульт орталығы бар
Биыл Шығыс Қазақстанның екі ауданында инсульт орталығы ашылған болатын. Аталмыш орталықтардың ұжымы Аягөз және Зырян қалаларынан елбасымен телекөпір арқылы тікелей байланысқа шықты.

"Аягөздегі инсульт орталығынан Үржар, Тарбағатай және Жарма аудандарының халқы ем алуда. 200 мыңнан астам халыққа заманауи қондырғылармен жабдықталған орталықта ем-дом жасауды басты парызымыз деп білеміз. Халық бұрынғыдай Өскемен мен Семейге бармайды, жергілікті жерде емделеді", – деді Аягөз аудандық ауруханасының бас дәрігері Шалқар Омаров.

Ал Зырян ауданындағы орталық Катонқарағай және Күршім аудандарына қызмет көрсетеді.

"Зырян қаласын жақсы білемін, нағыз өндірістік қала. Облыс орталығынан алыс жатқандықтан, инсульт орталығының ашылуы құптарлық іс. Қазір бүкіл әлемде адамзат өмірін ұзарту үшін күрес жүріп жатыр. Елімізде жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұматындардың саны көбейген соң, барлық облыс орталықтарында инсульт орталықтарын ашқанбыз. Соның нәтижесінде қауіпті індеттен қайтыс болғандардың саны күрт азайды. Ана мен бала өлімін де төмендеттік. Әлемде өлім көрсеткіші жөнінен онкологиялық аурулар бірінші орында тұр. Онымен күрестің ең алғашқы қадамы - әркім өз денсаулығын күтуі қажет. Денсаулық сақтау ісінде медицинаның үлесі 10-15% ғана. Қалғаны адамның өзіне тікелей байланысты", – деді мемлекет басшысы.

Елбасы мемлекет қаржысына алынып жатқан қымбат қондырғылардың ел игілігіне жарауы үшін дәрігерлердің білімі сай болу керектігіне тоқталды.

"Ең әуелі дәрігер білікті болуы шарт. Дипломы бардың барлығы білікті маман емес. Кейбір медицинасы озық елдерде студенттер 3-4 курстарда бейімдігіне қарай іріктеледі. Яғни барлығына бірдей дәрігер дипломы берілмейді. Кейбірі медицина саласының менеджері болуы мүмкін. Қымбат әрі заманауи қондырғылардың болғаны жақсы, бірақ оны қолдана алатын мамандар болуы керек. Қазір ағза алмастыру оталарын өзіміз жасай алатын болдық. Робот техникасы медицинаға да дендеп енуде. Осының бәрі адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталып отыр. Соңғы 10 жылда халықтың орташа өмір сүру жасы 65-тен 72-ге жетті. Енді оны 80-ге дейін жеткізу міндеті тұр. Ол үшін дәрігерлер халыққа жақын болуы керек. Алдарыңызға келген науқасқа жылы қабақ танытып, сыпайы сөйлескендеріңіздің өзі үлкен көмек", – деді президент.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу