Фэшниндустрия саласына қатысты іспен он сегіз жыл айналысып жүрген жоба жетекшісі стилист-имиджмейкер әрі "Сән және дизайн жоғары мектебі" мемлекеттік емес білім беру мекемесінің директоры Ольга Крюковамен "GLOBAL FASHION STARTUP" жобасы туралы, қазақстандық дизайнерлер еңбегі, сән әлемі туралы ой-бөлістік.
"GLOBAL FASHION STARTUP" бұл қандай жоба?
"GLOBAL FASHION STARTUP" дизайнерлерге арналған халықаралық жоба, осы жоба шеңберінде биыл сәуір айының 2-8 күндері аралығында Парижде коллекциялар көрсетілімі өтеді. Соған әзірше 12 дизайнердің қатысатыны белгілі болып отыр. Солардың сегізі – Қазақстаннан. Сондай-ақ, шеберлік сабақтары мен кездесулерге қатысуға тағы 5 дизайнер барады. Дизайнерлер Zeken, Aikin Aripova, Hayra, Karo Meli, Karolina, Inabat және тағысын тағы жаңа брендтерді көрсететін болады. Енді fashion-индустрия саласында іскерлік байланыс орнатып, ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік беру.
"Бұл арада біз, қол жетімді баға бойынша киім тігіп және прет-а-порте бағытында жұмыс істеп жатқан жас та болса, кәсіби дизайнерлер туралы айтып отырмыз. Ал GFS миссиясына келсек, fashion-индустрияда дизайнерлер брендін дамыту, ілгерілету және нығайту үшін бірыңғай алаң құру. Яғни біздің дизайнерлердің өнімдерін танымал етіп, олардың бастамаларына қолдау көрсету", – дейді Крюкова ханым.
Негізі, бұл байқау алғашқыда "KazakhstanFashionStartup" атауымен өтіпті. Ал биыл халықаралық деңгейге көшкен және де Парижде өтпек. Өйткені, Париж – сән отаны. Бұл жерден әлемге танымал небір брендтер, атақты дизайнерлер шыққан. Сондықтан халықаралық жобаның беташарын Парижде ашуды жөн көріпті ұйымдастырушылар. Бірақ, келешекте әр жылда әртүрлі қалада өтетін болады. Мәселен, Сингапур, Милан, тағысын тағылар.
Бұл жоба дизайнерлерге не береді?
"Сән және дизайн жоғары мектебі" МЕБМ директоры Ольга Крюкова, осы жобаға қатысып отырған дизайнерлердің ұтары көп екенін айтады. Біріншіден, "GLOBAL FASHION STARTUP" жобасындағы коллекциялар көрсетілімі Эйфел мұнарасынан 10 минуттық жерде, Париждің үздік залдарының бірі CAP 15-те өтеді, екіншіден, оларға Парижде халықаралық жобаға қатысқаны туралы диплом беріледі. Бұл дегеніңіз, дизайнерлер үшін брендтерді шығару нарығына үлкен жолдама. Сонымен қатар дизайнерлер әлемнің жетекші трендтік агенттік өкілдерімен кездесіп, панельдік дискуссияларға, шеберлік сабақтарына қатыса алады. Трендтік агенттік үздік дизайнерді таңдап алып, оған 2019-2020 жылдарға арналған TRENDBOOK-ті тегін сыйлайтын болады. Ал мұндай трендбуктың бағасы 2000 еуро тұрады. Атақты дизайнер Жан-Клод Житруаның Сән үйінде болып, Маэстро өзі таңдаған дизайнер оның Сән үйінде тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болмақ. Житруаның фетиші және басты матасы – жібек немесе жұқа жүн сияқты жұмсақ және иілгіш тері, оның модельдерін Монако ханшайымы Каролина, әнші Шер, Аманда Лир, Леди Гага киіп жүр. Дизайнерлер Лафайет галереясының байерлерімен кездесетін болады. Zara брендін шығаратын Inditex компаниясының өкілдерімен келіссөздер жүргізуі мүмкін. Жаңа айтып өттім, көрсетілім дизайнерлер коллекцияларына арналған ең үздік залда, лед-экран, жарық, музыкалық және медиа сүйемелдеу, дыбыс, бейне материалдар болса, лук-буктарды лед-экрандарда көрсету мүмкіндігі болады, режиссер, дыбыс операторы, кәсіби фотографтар, видеооператорлар жұмыс істетін болады, дизайнерлердің коллекцияларын кәсіби модельдер көрсетеді. Сондай-ақ, Париждің байерлерін, ритейлерін, сондай-ақ, БАҚ, блогер, фотограф, қала қонақтарын тарту мүмкіндігі, сән әлемі өкілдерінен арнайы сыйлықтар мен тәжірибеден өтуге шақырылымдар алу мүмкіндігі тумақ. Бір сөзбен айтқанда, жобаның сәтті әрі жоғары деңгейде өтетініне сеніміміз мол.
Қазақстанда фэшниндустрия жоқ
Стилист-имиджмэйкердің аталған салаға қатысты пікірі осы.
"Мен фэшниндустрия саласында өмір бойы жұмыс істеп келемін. Жоғары оқу орнында да дизайнерлік мамандығына оқыдым. Өзім Қарағандының тумасымын. Сонда өзімнің шағын ательем де болды. 2000 жылы Астанаға келдім, ондағы ойым еліміздің бас қаласын бағындыру еді. Алдыма фэшниндустрияға қатысты қандай да бір нәтижеге қол жеткізуді мақсат еттім. Бұл мақсатыма жеттім деуге де болады. Дизайнер ретінде жұмыс істей отырып, бір нәрсеге толық көзім жетті. Мәселен, шығармашылық тұрғыдан дизайнер ретінде қалыптастың делік, сурет сала аласың, киім тіге аласың, ал оны әрі қарай жылжыту қиын. Менің арманым жәй ғана шығармашылықпен айналысып қана қоймай, адамдарды киіндіру, өзіңнің желіңді жасау. Ал міне, осы тұрғыда бизнесті басқаруға бізді ешкім оқытқан емес. Бұл дегеніміз, біздің елде фэшниндустрия жоқ дегенді білдіреді. Мүмкін оған кейбір дизайнерлер келіспес. Бірақ, ащы шындық осы" дейді сән мектебінің жетекшісі.
Оның айтуынша, коммерциялық коллекциялар "Прет-а-портені" жасауды бұға дейін дизайнерлерге оқтып, үйретпеген. Сол себепті стилист-имиджмэйкер бір тұжырымға келіпті. "Жас дизайнерлерге коммерциялық коллекцияларды қалай жасауды, өзіңнің брендіңді жасауды үйретуге көштік. Қазір біздің жоғары сән және дизайн мектебін бітіріп шыққандардың өз бренділері бар. Олар өздерін нарықта жариялап отыр, олар өздерінің бірінші коммерциялық коллекцияларын шығарып отыр. Ал коммерциялық коллекцияларды жасау үшін көп білу керек, яғни дизайнер алдын ала таяу екі жылда адамдар нені киетінін білуі керек, менен сабақ барысында дизайнерлер алдағы екі жылдың сәнді киімін қалай сезіп білеміз деп сұрайды. Ештеңені сезіп білудің қажеті жоқ. Бәрі ертеректе жасалып қойған" дейді Ольга Крюкова.
"Жаңаның бәрі – ертеректе ұмыт қалған ескі"
Фэшниндустрия саласында трендтік агенттік деген ұғым бар. Ол қандай агенттік дейтін болсақ, бұл таяу жылдары қандай киімдердің сәнді болатынын картинкалармен салып, сұлбалармен сызып беретін ұйым екен, онда суретшілер, суретші-дизайнерлер жұмыс істейді. Олар екі жыл бұрын әртүрлі жағдайларға байланысты, бәлкім ол күнтізбелік оқиғалар болар, тағысын тағы дегендей сәндік үлгілерді жасап береді, қажетті барлық ақпаратты жинап, сәнге айналатын киім үлгілеріне қатысты сараптама жасайды. Өйткені, сән үлгілері 12 жылда бір қайталанып отырады, осыны негізге ала отырып, олар қайталанатын киім үлгілерінің қайсысы стильді болатынын зерттейді, сонысына қарай трендбук жасайды, ал мұны өз кезегінде дизайнерлер сатып алады немесе трендтік агенттіктердің семинарларына қатысып, мағлұмат алады. Яғни кез келген дизайнер, мейлі ол сәулетші немесе интерьерші болсын, мейлі ол ландштаф немесе киім дизайнері болсын, олар осы трендбукті сатып алу арқылы ақпаратқа қол жеткізеді, сөйтіп, өз саласын киіндіреді. Демек, дизайнердің міндеті осы ақпаратты оқи алуында және түйсіне білуінде, яғни, қандай түс, қандай пішін, қандай стиль сәнге айналатынын дер кезінде тани алуы тиіс екен. Және де осы алған ақпаратын өз коллекциясына тиімді енгізе алуы керек, ал дизайнер жасаған бұл коллекцияны бір жылдан соң жұрт киетін болады.
"Ал біздің дизайнерлер не істейді дейсіз ғой, – дейді Ольга Крюкова әңгіме барысында. – Біреудің ойлап шығарған киім үлгілерін ес-түс жоқ, көшіріп алады. Парижде, Миланда, Нью-Йоркте өткен фэшнвикте көрсетілген сән үлгілерін көшіреді. Бұл барып тұрған шығармашылық ұрлық. Мен мұндайда оларға: "сіздер көшірме жасаған екенсіңдер, оны сауатты жасай білсеңдерші, толықтай көшіріп алмай, бір жерлерін ауыстырыңдар,бір ерекшелік қосыңдар, қазір адамдардың көзі ашық, оларға да ақпарат қол жетімді, әрине, олардың да сәнді киінгілері келеді, сондықтан да өз қолтаңбаларың болсын" деймін. Біз осының бәрін, яғни өзіндік қолтаңбасы бар брендті жасауды, оны әрмен қарай қалай нарыққа шығаруды, оны сатуды, тағы басқаларды оқыту процесінде үйретеміз".
Қазір сән апталығы, түрлі жәрмеңке, көрмелер өтіп жатады, бірақ, мұның бәрі дизайнерлердің атын шығаруға жұмыс істейді екен. Ольга ханымның айтуынша, дизайнер екі бағытта жұмыс істейді. Бірі атын шығаруға, бірақ, танымал болу үшін көп жылдар керек. Екіншісі, бренд жасау. Бренд ол бизнестің қайнар көзі болып отыр. "Біз бренд жасауға үйретеміз, өйткені, бренд тез дамитын бизнес. Бірақ, бренд жасаумен айналысу үшін көлем қажет, бұл арада сен сатып алушыны ғана емес, өндірушіні де қызықтыра білуің керек, яғни, сен шоу-румды, сені сатып алғысы келетін байердің тілің табуың қажет. Нақтырақ айтсақ, бұл жерде дизайнердің міндеті, өзін-өзі "сатуы" емес, сені "сатуға" мүдделі байерді қызықтыру. Сонда ғана бренд бизнеске айналады. Сондықтан да біздің жоба байерлерге, өндірушілерге арналып отыр. Біздің брендтердің нарыққа шыққанын көрсеткіміз келеді, мүмкін біреулері өзекті шығар, қызықты шығар, ондайда ынтымақтастық орнатуға қош келдіңіз демекпіз" дейді сән және дизайн мектебінің жетекшісі.
Сонымен GFS жобасы – фэшнвик, жәрмеңкелер, көрмелер баламасы. Бұл жоба шеңберінде шоурумға ұсыну үшін өз ісінің білгірлері жиналмақ. "Неліктен жобаны халықаралық деңгейге көшірдіңіздер?" деген сұрағымызға, ол FASHIONSTARTUP Қазақстан деген атаумен жобаны екі жыл қатарынан Қазақстанда өткізгенін, бірақ, бізде әзірге фэшниндустрия жоқ екені, біздің нарық мұндай алаңға әлі дайын емес екенін, сондай-ақ, байерлердің де, өндірушілердің де жоқ екенін түсініп, жоба атауын өзгертуге мәжбүр болғандарын айтып берді. . "Біз шетелге барып танылып келгенде ғана біздің дизайнерлер брендіне қазақстандық нарықта жол ашылмақ. Байерлердің де сенімі артатынын, өндірушілер тарапынан да ұсыныстың көбейе түсетініне үміттеніп отырмыз. Қысқасы, халықаралық деңгейге шығу арқылы қазақстандық дизайнерлер брендін елге таныту, осы арқылы шетелдік брендтерді сатып алуға кетіп жатқан қазақстандықтар ақшасын Қазақстанда қалдыру" деп түйіндейді сөзін жоба жетекшісі.
Сұлугүл Бакесова