"ЭКСПО-2017" көрмесіне – халықтық 100 бренд!

3056

Ел аумағында өтетін "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне өзіміз дайынбыз ба?

"ЭКСПО-2017" көрмесіне – халықтық 100 бренд!

Әңгіме Астанадағы әсем ғимараттары самсап тұрған, аралық көпірі қирап үлгерген қалашық туралы емес. Озық технологияларын алып келеді делінген шетелдік меймандарға ұсынатын, мақтана көрсететін ұлттық құндылықтарымыз, сапалы төл дүниелеріміз бар ма?

Расы керек, күдік басым. 22 қараша күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты осы күдікті сәл сейілткендей болды.

Тұсаукесер жиынның басты себепкері – "Халық маркасы" қазақ тауарлары мен қызметтерінің сапасын бақылау жүйесі федерациясы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Римма Тәжібаеваның отандық өнімді насихаттаудағы өз ісіне деген құлшынысы тәнті етті. Қаршадай қазақ қызы бұл мақсатта еш кедергіден жеңілмеуге тастүйін бекінгендей. Сөзінен қазақты әлемге танытуға деген патриоттық леп пен жанашырлық байқалады.

"Астанада жақында есігін айқара ашқан "Халық маркасы" сауда орталығы Қазақстан тауарлармен толығуда. Бір жерге топтасқан ұлттық брендті тұтынушылардың қатары күн санап артып келеді. Ашылғанына бірер ай ғана болған бұл сауда алаңындағы тауардың барлығы отандық өндірушілердің қолынан шыққан. Шетелдік өнімдермен терезесі тең, бәсекелес болғанын қалаймыз. Бағалары қымбат емес. Маde in KZ белгісі кеңінен қанат жайғанын армандаймыз. Кеше ғана бәрін шетелден тасып әуре болсақ, бүгін жағдай өзгеше. Қазақ кәсіпкерлері тұтынушы сұранысына лайық ұсыныс жасай бастады", – деп мәлімдеді идея авторы.

Отандық өнімнің басын қосқан алаңның артықшылығы, сатушылар орынды жалға алғаны үшін ақы төлемейді. Тауарын тегін қояды. 5 мың шаршы метр павильонға бүгіндері жеңіл өнеркәсіп саласындағы 10 мың тауарымен 100 шақты компания орналасса, болашақта 100 мыңнан астам өнім қорымен 500 беделді тауар үлгісін ұсыну жоспарланып отыр екен.  

Мәселенің мәнісіне тоқталсақ, кейіпкеріміз батыл қадам жасап, жеке бастамасымен "Қазақстанда жасалған" ұлттық брендті басқару агенттігін құрып отыр. Сонымен қатар, "ЭКСПО-2017" көрмесіне орай, келесі бағытта 100 бренд жобасын жүзеге асырмақ: азық-түлік, жиһаз, үйге арналған заттар, киім-кешек пен аяқкиім және тағы басқа күнделікті тұрмыс қажеттіліктері. Жауапты белесті бағындыруға елімізге белгілі спортшылар мен өнер қайраткерлері тартылмақшы.

Игілікті істің жарқын мысалы ретінде, шара барысында Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Әділбек Ниязымбетовтың құрметіне балалардың спорт киімдерін таныстыру рәсімі өтті. Қуантарлығы, қазірдің өзінде 15 000 дана спорт киіміне тапсырыс түсіп үлгеріпті.

"ЭКСПО-2017" көрмесі қарсаңында қаланың туристік картасына ендік. Өйткені, қонақтардың бәрі, оның ішінде шетелдік азаматтар, көрме шымылдығын түретін 3 ай мерзімінде бірден қазақ өнімін іздейтіні анық. Аталмыш картаға тек отандық өнім сататын сауда орындары кіргізіледі. Оған дейін нарықта 30% жеңілдікпен сапалы 7 Duty Free дүкенін ашпақпыз", – деп қолға алған шаруасын баяндап берді Римма Тәжібаева.  

"ЭКСПО өткен соң не істейсіз?" деген сауалға "Халық маркасы" өкілі отандық бірегей тауарларды экспортқа жөнелтумен айналысатынын мәлімдеді. Ал Орталық базардың артында тұрған тиісті "Самғау" дүкеніне барған журналист жартылай бос тұрған сөрелерді көргенін айтып сынады.

Оған жауап ретінде Римма Тәжібаева жеңілдікпен сатылатын тауарларды халық талап әкететінін уәж етті. Біз де қолтықтан демесе, аз-кем кемшілік табылып жатса, оны біртіндеп жойып, "көш жүре түзеледі" деген үміт білдіреміз.

Алдаберген Кемпірбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу