"Қағазсыз аурухана", электронды виза және жаңа жәрдемақы

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
1731

Еліміздің бірнеше заңына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар шілденің алғашқы күнінен бастап заңдық күшіне ие болды.

"Қағазсыз аурухана", электронды виза және жаңа жәрдемақы

Сыртқы істер және ішкі істер министрліктерінің 2016 жылғы 26 қарашадағы №1100 бірлескен бұйрығына сәйкес, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы аумағына шетелдіктердің енуіне шақырту жіберу мерзімі қысқарды. Осыған қатысты ІІМ баспасөз қызметі: "Шақыртуды виза алушының Қазақстанға келуіне дейін 5 күннен кешіктермей жіберу керек. Бұған дейін бұл мерзім 14 күнді құраған. Шақыртуда шетелдік азаматтың Қазақстанда тоқтайтын мекенжайы және жүретін жерлері көрсетіледі", – деген хабарлама таратты.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, шақыртуда Қазақстан Республикасының арнайы елді мекендеріне сәйкес келетін әкімшілік-аумақтық нысанның коды нақтыланады.

"Шетелдік азаматта Қазақстанның визасы болған жағдайда ол көші-қон органдарында тіркелмейді, себебі елдегі тоқтаған мекенжайы мен жүретін жерлері шақыртуда тұрады. Қолданыстағы визаның мерзімін ұзартуға кұжат тапсыру үшін 30 жұмыс күнінен кешіктірмей және визаның мерзімі аяқталардан 5 күн бұрын өтініш білдіру керек", – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Атап көрсетерлігі, виза электронды түрде рәсімделеді. Яғни шетел азаматтары консулдықтың қызметіне жүгінбейді. Шаруасын электронды портал арқылы шешіп, өздеріне қатысты мәліметтерді көші-қон қызметіне жолдайды. Егер деректер базасына қатысты тексерістен сүрінбей өтсе, еш кедергісіз виза алады.

ІІМ министрі Қалмұханбет Қасымовтың мәлімдеуінше, жыл сайын Қазақстанның көші-қон заңын бұзғаны үшін 100 мыңнан астам шетел азаматы әкімшілік жауапқа тартылып, 10 мың жуық адам елден қуылады. Қылмыстық кодексте заңсыз көші-қон ұйымдастырған адамға 5 мың АЕК көлемінде айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру белгіленген. Былтыр заңға қайшы әрекет еткені үшін 89 қылмыстық іс қозғалып, бюджетке 115 млн теңге қаржы түскен.

"Елге заңсыз кірген адамға 1 мың АЕК дейін айыппұл салынады немесе олар бір жылға дейін бас бостандығынан айырылып, елден шығарылады. Сонымен қатар елден шығудан жасырыну, рұқсатсыз жұмыс істеу және тіркелмеген орында тұрғаны үшін 25 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Заң бұзу фактісі қайталанған жағдайда 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алынып, ел аумағынан шеттетіледі. Мұндай жазаға ұшырағандар Қазақстанға 5 жыл келе алмайды", – деген болатын көші-қон мәселесіне қатысты пікір білдіргенде министр Қалмұханбет Қасымов.

Айтпақшы өткен айда ел азаматтары: "Қазақстанның сыртқы істер министрлігі қытайлықтар үшін визасыз режим енгізу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр екен", – деп дүрлікті. Қарапайым халыққа бұл ақпараттың жалған екенін сыртқы істер министрлігі: "Мессенджерлерде тарап жатқан Қытай азаматтары үшін визалық режимді алып тастау туралы ақпарат жалған. Қазақстан Қытай тарапымен Қытайдың халықаралық әуежайлары арқылы транзитпен өтетін қазақстандықтар үшін визасыз жүру мерзімін 24 сағаттан 72 сағатқа дейін ұлғайту туралы, сондай-ақ Қытайға барғысы келетін қазақстандықтар үшін жеке виза беруді жандандыру бойынша ғана белсенді жұмыс жүргізіп жатыр", – деген мәлімдеме арқылы түсіндірді.

Естеріңізде болса, өткен жылдың 4 желтоқсанында президент "2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасына қол қойды. Нәтижесінде қазақстандықтарды зейнетақымен қамсыздандыру үшін бюджеттен 1,9 трлн теңге бөлінді. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы - 8%-ға, базалық зейнетақы – 6%-ға өсті. Cәйкесінше  ең төменгі зейнетақы - 33 745, ал базалық зейнетақы 15 274 теңге болды

2018 жылғы 1 шілдеден бастап 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілін және 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу мерзімін ескере отырып, базалық зейнетақыны тағайындау әдісі өзгерді. Бүгінге дейін барлық зейнеткерге базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% мөлшерінде немесе 15 274 теңге көлемінде төленсе, 1 шілдеден бастап оның мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты құбылды. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың сөзінше, еңбек өтілі 10 жыл немесе одан кем, не мүлдем жоқ азаматтарға базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54% шамасында, 15 274 теңге көлемінде белгіленеді. Еңбек өтілі 10 жылдан асса, әр жыл үшін 2% үстеме қосылады. Еңбек өтілі 33 жыл немесе одан да көп азаматтарға ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100%-ы немесе 28 284 теңге төленеді.

Шілде айы зейнеткерлерді жоғарыдағыдай жағымды жаңалықпен қауыштырса, шылымқұмарларды қуанта қойған жоқ. Себебі осы айдан бастап темекі өнімдерінің бағасы өсті.

Үкіметтің №587 қаулысына сәйкес, 2018 жылғы 1 шілдеден бастап 31 желтоқсанға дейін бір қорап темекінің ең төменгі бағасы 360 теңге болып бекітілді. Ал 2019 жылы 1 қаңтардан бастап бұл бағаның үстіне тағы 20 теңге қосылады.

Үкімет өзінің әлеуметтік жауапкершілігіне ерекше назар аударып жатыр. Бұған шілде айының алғашқы күнінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналарға төленетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы дәлел. Биыл аталмыш жәрдемақыны 14 мың отбасы алады. Оларға ай сайын 29 699 теңге беріледі.

1 шілдеден бастап ел аумағында "Қағазсыз аурухана" жобасы іске қосылды. Ауруханалардағы қағазбастылықты жоюды көздейтін жоба бұған дейін еліміздің 8 өңірінде сынақтан өтті.

Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің айтуынша, "Қағазсыз аурухана" жобасы науқастардың амбулаторлық картасын электронды форматқа ауыстырады, ал дәрігерлер қағаз толтыру жұмысынан құтылады.

Осы айдан бастап Қазақстанда ЕАЭО елдерінің көлік құралдарына ортақ  электронды төлқұжат пайда болды. Онда автокөлікке қатысты барлық мағлұмат: көліктің техникалық жағдайы, жол-көлік оқиғасына қатысы бар-жоғы және көлікке қойылған шектеулер тіркеліп тұрады. Автокөліктің тарихымен портал арқылы танысуға болады.

Электронды төлқұжат ЕурАзЭҚ аумағындағы көлік құралдары мен техниканың басқа да түрлерінің емін-еркін жүріп-тұруна жағдай жасайды және шекарадан өткен кезде көлік құралдарын қадағалау тәртібін жеңілдетеді.

Бұл – шілде айында жеткен жаңалық. Ал жыл басында әйелдердің зейнетке шығу жасы кезең-кезеңмен ұзаратыны және педофилдерге химиялық кастрация жасалатыны белгілі болған.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу