"Қашағанға" құрық салынғанымен, салық салынбайды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4456

"Қашаған" жобасынан Қазақстан бюджетіне ешқандай салық түсіп жатқан жоқ көрінеді. Бұл туралы ел үкіметі мәжілістің жалпы отырысында жария етті.

"Қашағанға"  құрық салынғанымен, салық салынбайды

Парламенттің төменгі палатасы бүгін "2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет" жобасын бекітті. Еліміздің алдағы үш жылдағы басты қаржылық құжатын депутаттық корпус алдында қорғап шығу үшін премьер Бақытжан Сағынтаев елордадағы барлық үкімет мүшелерін өзімен бірге ертіп келді.

Одан депутаттар Қазақстанда мұнай өндірісінің көлемі артқанымен, не себепті мұнайдан ел бюджетіне түсетін түсімдер өткен жылғыдан азайып кеткенін сұрады.

"Мұнай өндірісі көлемі шынында, өсуде. Біз биылғы жылы шамамен 84,5 миллион тоннасын өндіруді жоспарлағанбыз. Бірақ болжам көрсеткендей, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш біраз өспек. Ал 2020 жылға қарай 87 миллион тоннадан асыру жөнінде индикативтік жоспар қабылдап отырмыз. Мұнай өндірісі не себепті артуда? Бірінші кезекте оған "Қашаған" ықпал етуде: оның өндірісі қазіргі 6 миллион тоннадан 2020 жылы екі еседен астамға, яғни 13 миллионға дейін ұлғаяды. Ал қалған өндіруші компаниялар, әсіресе, Қызылорда өңіріндегі мұнай компанияларында, Ембіде, "ҚазМұнайГаздың" жобаларында өндіріс көлемі төмендейді", – деді үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев. 

Алайда ол мұнай өндірісі артқанымен, бюджетке де, Ұлттық қорға да түсетін түсімдер төмен болатынын ескертті: премьердің түсіндіруінше, бұған бірқатар фактор ықпал етпек. Соның бірі мысалы, әлемдік нарықтағы "қара алтын" бағасына қатысты болжам болмақ.

"Соның негізінде бюджетке және Ұлттық қорға түсетін түсімдер көлемі қалыптастырылады. 2017 жылы бұл саладан түсетін салықтардың көлемі мұнайдың 1 баррелі 50 доллар тұрады деген болжамға негізделді. Бірақ жаңа 2018-2020 жылдар бюджеті мұнай бағасы 45 доллар болады деген болжамға құрылуда. Яғни, мұнда әр бөшкеден 5 доллардан ұтыламыз", – деді үкімет жетекшісі.

Екіншіден, мұнай өндірісі екі еседен арттыққа артқанымен, "Қашағаннан" салық түспейді екен.

"Қашаған" бойынша инвесторлармен арамызда "Өнімді бөлісу келісімі" бекітілген, ол бойынша бұл алып кен орнынан салықтар тек бұл объекті өзін-өзі нақты ақтайтын көлемге жеткеннен кейін ғана түсе бастайды. Яғни, алда "Қашағаннан" тек біздің республикалық үлесіміздің түсімі ғана түсетін болады. Осы факторлар салдарынан өндіріс көлемі өскенімен, Ұлттық қорға бағытталатын түсімдер төмендейді", – деді  Бақытжан Сағынтаев.

Энергетика министрлігі Каспий теңізіндегі "Қашаған" кен орнынан мұнайдың коммерциялық өндірісі басталғанын 2016 жылдың қарашасында ресми мәлімдеген болатын. Әу баста басыбайлы жатжұрттық инвесторларға берілген бұл "әлемдік супергигантты" игеру жобасына мемлекет "ҚазМұнайГаз" арқылы 2005 жылы үлескер болып кірді. ҚМГ-ның консорциумдағы үлесі қазір 16,81 пайызды құрайды. Мұның сыртында италиялық Eni, америкалық ExxonMobil, британдық-голландық Royal Dutch Shell және француздық Total да сонша үлеске ие. Жапондық Inpex еншісі – 7,56 пайыз. Мұның сыртында қытайлық энергетикалық алпауыт CNPC "Қашағанды" игеру жобасының 8,33 акциясын 5 миллиард долларға сатып алды.

Үкімет басшысы келесі жылы еліміздегі барлық үш мұнай өңдеу зауытының жаңғыртылу жұмыстары толық аяқталатынын мәлімдеді: "Тиісінше, осы зауыттарға өңдеуге жеткізілетін шикі мұнай көлемі 16 миллионнан 19 миллион тоннаға дейін ұлғайтылады. Бұл жерде де біз тікелей Ұлттық қорға арна тартатын пайдалы қазбалар өндірісі бойынша салықтарды жоғалтамыз. Сондай-ақ осылардан мұнай экспортынан түсетін роялти де болмайды. Бірақ оның орнына жергілікті атқарушы органдарға мұнай өнімдері бойынша акциз алымы түседі", – деді Бақытжан Әбдірұлы.    

Сөз соңында, үкімет жетекшісі мұнай бағасы өссе, цифрлар қайта нақтыланатынын жеткізді. Демек, бұл бекітілген бюджет те қайта қаралмақ.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, құжатты мәжіліс жұмыс топтары мен комитеттерінің отырыстарында талқылау барысында еліміздің және аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланыпты.

"Осындай конструктивті талқылау нәтежесінде, 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының параметрлері өзгеріссіз қалды. Түзетулер тек шығыстардың құрылымына қатысты болды. Қаражаттардың артық ағымын шығыстардың жеке бағыттары арасында жүзеге асыру ұсынылады", – дейді бас қаржыгер.

Сонымен, оның мәліметінше, бюджет түсімдері 2018 жылы – 8 578,3 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 15,3%, 2019 жылы – 9 190,2 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 15,1%, 2020 жылы – 9 566,2 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 14,6% болады деп белгіленуде.

Ал шығыстар 2018 жылы – 9 217,9 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 16,5%, 2019 жылы – 9 798,2 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 16,1%, 2020 жылы – 10 219,7 млрд теңге немесе ЖІӨ-ге 15,6%-ды құрайды.

Республикалық бюджет шығыстарының жалпы көлемінде ең үлкен үлес әлеуметтік салаға тиесілі. Ол 2018 жылы 44,6%-тен 2020 жылы 47,4%-ке дейін өседі. Әлеуметтік салаларға арналған шығыстар 13 триллион 401 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 2018 жылға 4 триллион 108,6 млрд теңге.

Осы блоктың шығыстарының ең ірі көлемі әлеуметтік қамтамасыз ету және еліміздің азаматтарына әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталады.

Жоспарланған кезеңде осы бағытқа 8 707,5 млрд теңге көзделеді. Олардың ішінде ағымдағы жылға қарағанда 473 млрд теңгеге яғни 22,1%-ке өсе отырып 2018 жылдың шығыстары 2 612,9 млрд теңгені құрайды.

Бұл ретте, көрсетілген шығыстардың негізгі үлесін әлеуметтік төлемдер құрайды. Оларды қаржыландыру үшін үш жылдық мерзімде 8 508,7 млрд теңге бағытталатын болады, оның ішінде 2018 жылы – 2 547,9 млрд теңге.

Министр Қазақстанда зейнеткерлер саны өскенін хабарлады:

"Ағымдағы жылға қарағанда 2018 жылы зейнетақы төлемдерінің ұлғаюы бірқатар факторлар мен бастамаларға байланысты. Атап өткенде олар – төлемдерді алушылар контингентінің өсуіне, зейнетақы мөлшерін жыл сайын индекстеуге, зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты базалық зейнетақыны тағайындау тәртібінің өзгеруіне, сондай-ақ "ең төмен күнкөріс" деңгейі құрылымының қазіргі 60/40-тан 55/45-ке дейін азаматтардың нақты тұтыну шығыстарына сәйкес өзгеруіне байланысты", – деді Бақыт Сұлтанов.

Бұдан басқа, 2018 жылдан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінен 50% деңгейде көмек көрсету үшін өлшем-критерийлерді белгілей отырып, Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізілетін болады.

Мемлекет денсаулық сақтау жүйесіне 2018-2020 жылдары 3 триллион 342,5 млрд теңге шығындамақ. Оның ішінде 1 070,3 млрд теңге 2018 жыл еншісінде. Олардың өсуі негізінен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға сапалы өту мақсатында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің күшеюіне байланысты.

Білім және ғылым жүйесін дамытуға 2018-2020 жылдарға арналған бюджет жобасында 1 триллион 123,1 млрд теңге көзделген, оның ішінде 2018 жылы – 340,6 млрд теңге. Жоспарланған үш жылдық кезеңде орта білім беруді "жан басына қаржыландыруды" енгізу бойынша қолданыстағы "пилотты жобаны" кеңейту ұсынылады.

Осылайша, 2018 жылдың қыркүйегінен бастап Астана қаласындағы барлық 85 мектептің қаржыландыруын өзгерту көзделуде. 2019 жылы жобаға Алматы қаласының 239 мектебі қосылатын болады. 2020 жылдан бастап еліміздің барлық толық жиынтықты мектептерінде жан басына қаржыландыруды жаппай енгізу жоспарлануда. Олардың саны 3 981 мектеп.

Түсіндіре кетсек, жан басына қаржыландыру жүйесінде қаржы оқушының соңынан еретін болады. Нәтижесінде, қай мектепке ата-аналар өз балаларын көп берсе, сол мектепке қаржы көбірек бөлінеді.

2018-2020 жылдары мәдениет және спортты дамытуға 219,7 млрд. теңге бағытталмақ. Оның ішінде 2018 жылы – 82 млрд. теңге.

Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдау бойынша шығыстар блогында келесі мемлекеттік шаралардың бағыттары қаржыландырылады.

Біріншіден, Индустриялық-инновациялық даму, "Нұрлы жол", Нұрлы жер", Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі ірі бағдарламаларды іске асыру үшін және көлік және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға 2 триллион 064,9 млрд теңге шығыстар көзделген, олардың ішінде 2018 жылға – 854,8 млрд теңге қаражат бөлінеді.

Екіншіден, экономиканың жаңа драйвері ретінде агроөнеркәсіп секторын дамытуға ауыл шаруашылығы министрлігіне үш жылдық мерзімге 787 млрд теңге көзделген, оның ішінде 2018 жылға – 275,4 млрд теңге.

Үшіншіден, Қазақстан енді цифрландыруға мол шығындалғалы отыр:

"Жедел технологиялық жаңғыртуды жалғастыру мақсатында "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасының жобасы әзірленген. 2018-2020 жылдарға арналған бюджеттің жобасында қаржыландыру көлемі 17 млрд теңгені құрайды", – деді қаржы министрі.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу