"Қазақ ауылы" қазақстандық туризмді дамытпақ

Маржан Кәрімжанқызы Маржан Кәрімжанқызы
8655

Таразда "Төрткүл" керуен-сарай кешенінде "Қазақ ауылы" бой көтерді.

"Қазақ ауылы" қазақстандық туризмді дамытпақ

Ашық аспан астында қанат жайған ұлттық ауыл сипатындағы көрменің мақсаты – ұлттық дәстүрді дәріптеп қана қоймай, шетелдік туристерге ұлтымыздың бай мұрасын, сан қырлы өнерін паш ету, сол арқылы Қазақстанға деген қызығушылықты арттыру. 

Қазанның 9-ы күні ашылып, екі күнге жалғасатын көрме-мерекеде халқымыздың ас-ауқатынан бастап, ұлттық музыка және театр өнерінің фестивальдері, көркем өнер және қолөнер шеберлерінің шеберлік сыныптары мен көрмелері, этникалық музыкалық фестиваль, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылуда.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында "Қазақ ауылы" этно-жобасын құрудың басты мақсаты – көне Тараз дәстүрін, көшпенділердің бірегей, жарқын және айқын мәдениетін, өткен тарихын жаңғырту. Ұлттық-мәдени кешен қонақтарды қазақ халқының бай тарихымен, мәдениетімен, өнерімен және салт-дәстүрімен таныстырады. Кешенде кез келген адам көшпенділер өркениетінің этномәдени ортасын сезіне алады және ауылдың күнделікті, мерекелік өміріне көз жүгіртуге толығымен ие болады", – дейді Жамбыл облысы әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.

Жобаның алғашқы күнінде ұлттық ойындар мен ойын-сауық түрлері көпшілікке паш етілді. Алтыбақанда тербелген жастар жағы қазақтың халық әндерін нақышына келтіре орындап, айналаны ду-думанға бөлесе, киіз үйдің түрілген түндігі мен айқара ашық тұрған есігінен де ән әуелеп жатты. "Қазақ ауылына" қонаққа келген меймандарға қазан-қазан ет асылып, ас таратылып, сақырлай қайнаған самаурыннан күрең шай құйылып жатты. Ал қазақ музыкалық-театр өнері саласы бойынша театр майталмандары көшпенділер өмірінен әдемі үзінділерді сахналап, бір сәт өткен ғасырға оралуға септесіп жатты. Ал атадан балаға мұра болып жалғасқан қолөнер шеберлерінің өнері өз алдына зор қызығушылық тудырды.  

Тоқсаныншы жылдардан бері ұлттық бұйымдарды, оның ішінде қазақ батырлары қолданған шоқпар мен дулығадан бастап, әйел адамдарға арналған әшекей бұйымдар жасаумен айналысатын қолөнер шебері Есмұрат Жексенбиев мұндай шараның жиі ұйымдастырылуы туризмді дамытудан өзге, ұлттық құндылықты дәріптеуші шағын кәсіп иелерін қолдауға көп көмегі тиер еді дейді.

"Халқымыз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі алғашқы жылдарда-ақ ұлттық өнерге ден қойдым. Бостан елдің болашағы ұлттық құндылығымен қоса дамиды деп ойлаған едім. Алайда, осы күнге дейін қазақтың қолөнеріне деген қызығушылықтың өте төмен болғанын жасыра алмаймыз. Әсіресе, осы саладан нәпақасын тауып отырғандар үшін өте қиын. Өйткені, сұраныс төмен, тіпті мүлде болмайтын да кездер көп. Енді "Рухани жаңғыру" бағдарламасы дұрыс бағытта орындалса, біз секілді шағын кәсіпкерлерге жақсы болар еді деп ойлаймын. Әсіресе, Тараз сынды шағын қаладан тапсырыстың аз болуы себепті, мұндай өнерді өзге өңірлерге, тіпті шетелге танытатын кез келді, – дейді қолөнерші Есмұрат Жексенбиев. 

Ал туризмді дамытуға бағытталған жоба аясындағы дәстүрлі аң аулау түрлері өңірдің кең жазира даласында өтіп жатыр.

Маржан Кәрімжанқызы, Жамбыл облысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу