"Қазақстан Сириядағы қанды қырғынды тоқтатуға үлес қосады"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2300

Қажет болып жатса, келіссөзді әрі қарай жүргізу үшін де алаң ұсынуға дайынбыз.

"Қазақстан Сириядағы қанды қырғынды тоқтатуға үлес қосады"

Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанада Сирия мәселесіне қатысты өтіп жатқан жиын жайлы abctv.kz тілшісіне сұхбат берді.

– Астанадағы кездесуден не күтеміз?

– Біз Астанадағы келіссөздің әу баста белгіленген мерзімде өткені үшін осы сирияаралық диалогқа қатысушы барлық тарапқа алғысымызды білдіреміз. Бұл олардың ниеттерінің салмақтылығын білдіреді және келіссөздің қорытындысына қатысты көңілге оптимизм мен үміт ұялатады. Сириядағы ахуалды реттеуге арналған кездесу Түркия мен Ресей президенттерінің бастамасымен өтіп жатқанын және оны Қазақстан көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев толығымен қолдағанын еске салғымыз келеді.

Бұл ретте Қазақстан келіссөз процесіне тартылмай, тек сирияаралық сұхбаттастыққа алаң ғана ұсынатынын ескерген маңызды және бұл принципті жай. Астанадағы келіссөзге Сирия үкіметінің, қарулы сириялық оппозиция, сондай-ақ Ресей, Иран және Түркия үкіметтерінің өкілдері қатысып отыр. Сонымен бірге БҰҰ бас хатшысының арнайы өкілі және АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі де қатысты.

Сирияаралық диалогқа бүкіл әлем жұртшылығы үлкен қызығушылық білдіріп отыр. Сириядағы қақтығыстың дүниежүзіндегі қауіпсіздікке ықпал ететінін ескерсек, мұны түсінуге болады. Бұл ықылас-ынтаны Қазақстанға келіссөз барысын жариялауға келген шетелдік журналистер санынан-ақ байқаймыз. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі 320 шетелдік және 120 қазақстандық журналисті, редакторлар мен продюсерлерді тіркеді. Оларға ақпарат және коммуникация министрлігі "Қазмедиа орталығы" ғимаратының бірінші қабатында тәулік бойы жұмыс істейтін арнайы баспасөз орталығын құрды. 24 қаңтар күні осы орталықта делегациялар басшыларының қорытынды баспасөз мәслихаты ұйымдастырылады.

Жалпы кездесуді лайықты деңгейде ұйымдастыру және өткізу, келіссөзге қатысушылар мен ақпарат құралдарының Астанада тұруы барынша қауіпсіз әрі тиімді жұмысқа қолайлы болуы үшін Қазақстан тарапы өзіне байланыстының бәрін жасады.

Қандай да бір жаңа топтарды келіссөз үстеліне отырғызу мүмкін болды ма? Жалпы келіссөзшілер құрамы қандай?

– Делегацияларды кім басқарып келді дегенге келсек, Сирия Араб республикасы үкіметінің делегациясын – БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Башар әл-Джафари бастап келді. Сирия оппозициясын – шамамен 15 оппозициялық топтың өкілі ұсынады. Жоғарғы деңгейде – Астанадағы келіссөзге кепілдік беруші елдер ұсынылды. Ресей делегациясына РФ президентінің сириялық реттеу бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев, Түркия және Иран делегацияларына осы елдердің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, тиісінше, Седад Онал мен Садек Хусейн Джабери Ансари жетекшілік етеді.

БҰҰ-дан – осы жаһандық ұйымның бас хатшысының арнайы елшісі Стаффан де Мистура, АҚШ-тан – еліміздегі елшісі Джордж Крол қатысады.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов кеше барлық тараппен кездесу өткізді. Біз келіссөзге барынша қолайлы жағдай жасау жұмысын жалғастырамыз. Барлығы да жұмыс істеуге ынталы.

Келіссөз үстеліне 2016 жылдың желтоқсанының аяғында Түркия мен Ресейдің белсенді араласуының нәтижесінде қол жеткен "атысты тоқтату" режимін қолдағандар атынан Сирияның шамамен 15 оппозияциялық тобының өкілі қатысып отыр. Негізі сириялық оппозиция өз делегациясының басшысы ретінде қандай да бір топты белгілеген жоқ. Сирияның бүкіл қарулы оппозициясын ұсыну өкілдігі де ешкімге берілмеген. Тиісінше олардың әрқайсысы тек өз тобы атынан ғана өкілдік етеді және келіссөз барысында өз ұстанымын үйлестіріп отырады.

– АҚШ неге елшісін ғана жіберіп отыр?

– Бұл фактіні қандай да бір теріс тұрғыдан қарастырудың жөні жоқ. Биыл қаңтарда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри Американың Астанадағы келіссөзді қоштайтынын мәлімдеген болатын. Оның үстіне Ресей, Түркия, Ираннан бір айырмашылығы – АҚШ бұл келіссөздің бастамашысы емес. Құрама Штаттардың делегациясының деңгейі де осы факторға негізделеді. Бұл жерде тәжірибелі дипломат Кролдың біліктілік деңгейіне ешкім шәк келтіре алмайды деген ойдамын. Яғни бұл қалыпты нәрсе.

Бұл келіссөз кейін жаңа форматта өткізуді көздей ме? Яғни жаңа тұлғалармен, жаңа топтармен тағы кездесу ұйымдастырылуы мүмкін бе? Әлде осы диалогпен шектеле ме?

– Қазір қабылдаушы тарап ретінде біздің міндетімізге дәл осы келіссөзді өткізу кіреді. Егер қажет болып жатса, әрі қарайғы келіссөз жүргізу үшін де алаң ұсынуға дайынбыз! Қазақстан бұл кездесуді кепілдендіруші тарап болып есептелмейді. Біз қабылдаушы тараппыз. Ендеше ондай шешімді қабылдау біздің еншімізде емес және келіссөз құрамын кеңейту немесе оны әрі қарай жалғастыру біздің құзырымызға кірмейді. Қазақстан осы істің табысқа жетуіне одан әрі де барынша қолдау және жәрдем көрсетуге әзір.

Біз бұл диалогтың сындарлы, кездесудің нәтижелі болатынынан үміттіміз.

Бұл кездесу Қазақстанға қандай саяси не басқа да ұпай береді?

– Қазақстан бұдан ұпай жинаудың соңына түсіп отырған жоқ. Қазақстан көшбасшысының қос ел президентінің бастамасын қызу қолдауының және Астананы келіссөз алаңы ретінде ұсынуының басты себебі – сол, біздің мемлекетіміз алты жылдан бері жүріп жатқан Сириядағы қанды қырғынды тоқтатуға өз үлесін қосқысы келеді.

Рас, бұл – ең басты мақсат емес, бірақ Қазақстанның халықаралық аренадағы мәртебесін нығайтуға ықпал етеді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі. Демек біз Астанадағы келіссөздің қорытындысы мемлекетіміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі жұмысының қорытындысында да көрініс береді деп отырмыз.

Сириядағы қақтығысты реттеудегі Ресей мен Түркияның рөлін қалай бағалайсыз?

– Өткен жылы Түркия-Сирия шекарасында ұшақты атып түсіру оқиғасынан кейін Ресей мен Түркияның келіспеушілігін реттеуде және олардың жақсы қарым-қатынасқа қайта оралуында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өте маңызды рөл атқарғаны белгілі. Олай болса, елбасымыз былтыр ұйымдастырған сол процессіз бүгінгі келіссөз де жүрмеуі мүмкін еді. Өзара қарым-қатынастың реттелуінің арқасында Түркия мен Ресей, Иранмен бірлесіп, Астанадағы кездесудің бастамашысы және қаржылық демеушісіне айналып отыр.

Бұдан шығар байлам: Қазақстан басшылығы Сириядағы соғысты тоқтатудағы осы екі елдің рөлін жоғары бағалап, ең алдымен солардың арасында келісімнің болуына қол жеткізді.

– Келіссөз қашан бітуі мүмкін?

– Барлығы келіссөздің қалай жүретініне байланысты. Біз әу баста 24 қаңтар күнінің соңына қарай аяқталады деп шамалағанбыз. Егер одан ерте бітіп жатса, ерте тәмамдауға және қорытынды баспасөз мәслихатын ұйымдастыруға дайынбыз. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу