"Команда-лифт" мәртебесінен де айырылдық

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1963

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы 2008 жылдан бері бірінші рет бірден Жоғарғы дивизионға шыға алмай қалды.

"Команда-лифт" мәртебесінен де айырылдық

Неліктен команда-лифт атандық?

Шайбалы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының "команда-лифт" атанғанына кемі бес-алты жыл болды. Шетелдік басылымдар (әсіресе ресейліктер) соңғы жылдары біздің құрамаға осындай "айдар" таққан. Тіпті Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) ресми сайтындағы кейбір мақалалардан да осы атауды кездестіргенбіз...

Негізі, бұл термин ең алғаш футболда қолдана бастаған секілді. Екі дивизионның (топтың) арасында тербеліп жүретін командалар осылай аталады (немісше - fahrstuhlmannschaft, испанша – equipo ascensor, ағылшынша – yo-yo club). Түптеп келгенде, "тұрақсыз команда" деген мағынаны білдіреді.  

Шынымен де, біздің құрама 2009 жылдан бері жоғары дивизион мен бірінші дивизион арасында синусоида сұлбасындай тербеліп жүрді. Тербеліс ырғағын бұзбай, бір жыл жоғары дивизионда, бір жыл бірінші дивизионда бақ сынап келді:

Биыл осы "лақап атымызға" да зар болдық

Биыл Қазақстан ұлттық құрамасы 1-дивизионындағы "А" тобының Киевте өткен бүкіләлемдік біріншілігінде бақ сынады. Бұған дейін жазғанымыздай, әуелі Австрия хоккейшілерін әзер ұтып, тұңғыш рет Оңтүстік Корея құрамасынан ұтылды.

Бұдан кейін Польша құрамасын ойынның негізгі уақытында ұта алмай, овертаймда ғана гол соқты (есеп – 1:0). Яғни үш ұпайдың екеуін еншілеп, біреуінен айырылды. Осы матчтан кейін қарқындарын үдеткен болып, Украинаны 4:2, ал Венгрияны 3:1 есебімен жеңді.

Ал біздің құрамадан ұтылып қалған Австрия жігіттері Корея хоккейшілерін 5:0 есебімен тізе бүктіріп, көш бастады. Әлем чемпионаты аяғына қарай қарқындарын үдетіп, көсіле шапты.

Ол, ол ма... Біздің құрама әупіріммен жеңген Польша хоккейшілерін 11:0 есебімен тас-талқан қылды. Қайта біздің құраманың жолы болған сияқты. Егер Аустрия құрамасымен мұзайдын додасы аяғында кездескендерінде, не болар еді?!

Сонымен Аустрия құрамасы бірінші орынға ие болды. Ал әлем біріншілігі соңында титықтап қалған Корея хоккейшілері соңғы матчта Украина құрамасын әзер ұтты. Ойынның негізгі уақыты мен овертаймда шамалары жетпей, біллитте бақтары жанып, басым түсті.

Ұпайлары біздің құрамамен бірдей болғанымен, екеуара матчта жеңіске жеткен. Сондықтан екінші орынды Корея хоккейшілері иеленді. Қазақстан құрамасы үшінші орынды қанағат тұтып, Жоғарғы дивизионға шыға алмай қалды.

Бас бапкер қызметінен кетті

Қазақстан – Венгрия ойыны аяқталысымен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Эдуард Занковец өз еркімен қызметінен кететіндігін мәлімдеді. Отандық журналистерге тіпті "Барыс" клубында да қалмайтындығын, келісімшартының мерзімі түгесілгендігін, оны ары қарай ұзартпайтындығын да тәптіштеп айтқан.

Себеп? Өзінің айтуы бойынша, биыл күзде қызы мектеп табалдырығын аттайды екен. Енді Беларусь маманы жақсы әке болып, бала тәрбиесімен айналыспақ көрінеді. Әрине, бұл адам сенерлік сылтау емес...

Қазақстан хоккей федерациясы ұлттық құраманың әлем чемпионатындағы ойынын саралап, өз бағаларын береді деп үміттенеміз. Бас бапкер де бекітілер. Ең бастысы, Киев мұзайдынындағы сүреңсіз ойындарымыздан сабақ алып, нақты шешімдер қабылданады деп сенеміз...

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу