"Нұрлы жер" әкімдерді екіге "бөлді"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3449

Жаңа тұрғын үй бағдарламасы "үй құрылысы комбинаттары" мен құрылыс материалдарын өндірушілер арасындағы текетіресті ушықтырғалы тұр.

"Нұрлы жер" әкімдерді екіге "бөлді"

Ел Үкіметі 12 желтоқсанда өткен отырыста "Нұрлы жер" бағдарламасының тұжырымдамасын қарады. Бұл құжат өмірге көптеген "жаңалықтар" әкелгелі тұр. Мысалы, Қазақстанда Кеңес одағындағы секілді, бір-бірінен егіз қозыдай айнымайтын біртекті тұрғын үйлерден тұратын тұтас шағын аудандар пайда болмақ. Мұны ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев растады. Әрі бұған ешкім қарсы шығып отырған жоқ. Әкімдерді басқа бір мәселе екіге жарып отыр.

Мәселенің байыбына тереңдей түсу үшін ең алдымен, "Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасының аясында кім үй ала алатынына тоқтала кеткеніміз жөн. Үкімет жоспарына сай, "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 1,5 миллионнан астам тұрғын үй, соның ішінде 2017-2019 жылдары 274 мыңнан астам тұрғын үй салынатын болады.

Министр Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, "Нұрлы жер" бағдарламасы мемлекеттің тұрғын үй құрылысы саласындағы барлық ресурсын біріктіреді. Оның тұжырымдамасына бірнеше басым бағыт еніп отыр, бұлар: "ипотекалық қарыздарды субсидиялау арқылы ипотекалық несие беруді қолдау; құрылыс компанияларының қарыз мөлшерлемесінің бір бөлігін жаба отырып, жеке құрылыс салушыларды ынталандыру; тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтар үшін "револьверлік" қағидатымен несиелік тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайту; халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру; қажетті инфрақұрылым жүргізу арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту".

Біріншіден, үкімет ипотекалық несиелеу нарығын жандандыруға тырысады. Бұл мүмкіндікті баспанасы жоқ, өзінің бірінші пәтерін сатып алғалы тұрған азаматтар пайдалана алады. Ұлттық экономика министрі бұл адамдарға бастапқы тұрғын үйін сатып алуға екінші деңгейлі банктер беретін ипотеканың пайыздық төлемінің бір бөлігін мемлекет субсидиялайды.

"Бұл жерде банктің сыйақы төлемі 17%-дан аспайтын ипотекасын 7 жыл бойы субсидиялау болжанып отыр. Ол ипотеканың сыйақы құнының 7%-ына дейін мемлекет жабады, нәтижесінде түпкілікті қарыз алушы үшін ол 10%-ға дейін төмендейді. Субсидия қаражатын тиімді пайдалану мақсатында Астана және Алматы қалаларының тұрғындарына 20 млн теңгеге дейін, ал өңірлерде 15 млн теңгеге дейін 15 жыл мерзімге несие беріледі. Осындай шартпен ипотека алғандарға несиенің ай сайынғы орташа төлемі Астана және Алматы қалаларында 158 мың теңге, өңірлерде 116 мың теңге", – дейді Қуандық Бишімбаев.

Екіншіден, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" (ТҚЖБ) салымшыларын және әкімдіктерде кезекте тұрған азаматтарды жалдамалы баспанамен қамтамасыз ету жаңа бағдарлама аясында да жалғасады. Қазіргі деректерге сүйенсек, әкімдіктерде үй кезегінде 400 мыңнан астам адам тұр. Ал "ТҚЖБ" клиенттерінің саны 700 мыңнан асып жығылған. Министр Қуандық Бишімбаев осы миллионнан астам адамды баспанамен қамту үшін "бұрын бөлінген қаражат есебінен "револьверлік" қағидат бойынша несиелік тұрғын үй салу жалғасатынын" жеткізді. Яғни, жалдамалы пәтерге қол жеткізгендердің қайтарған несие қаржысы бюджетке қайтарылмай, жаңа тұрғын үйлер тұрғызуға жұмсалады.

"Жоспарға сай, алдағы 15 жыл ішінде 14,7 млн шаршы метр несиелік тұрғын үй салынады, бұл 245 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етеді", – дейді министр.

Бұл екі бағыт та бұрындары қолданылған дәстүрлі құралдар. Ең қызықтысы – үшінші, "жеке тұрғын үй құрылысы" бағыты. Қазір жергілікті атқарушы органдарда жер кезегінде 1 миллионнан астам адам тұр. 2017 жылы басталатын "Нұрлы жер" жаңа бағдарламасы аясында азаматтарға үй салу үшін жер телімдері тегін берілетіндігінен ел құлағдар. Бұл ең жоғарғы деңгейде жарияланған. Бірақ, ол жер учаскелерінде үй салуға сол азаматтардың өздері жіберілмейтін болыпты. Бұл іс әрбір әкімдік өзі таңдайтын жалғыз бір құрылыс компаниясына жүктелмек.

"Бағдарлама аясында көпқабатты емес, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту үшін облыс орталықтарында жаңа пилоттық тәсілді сынақтан өткізу ұсынылып отыр. Оның негізгі міндеттері мынадай: бір құрылыс салушы арқылы бірыңғай сәулет үлгісінде жеке тұрғын үйлер салынады. "Үй құрылысы комбинаттары" технологияларын қолдану арқылы тұрғын үй құнының қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Кезекте тұрған азаматтар осы пилоттық жобаға қатысса, дайын үйді жер учаскесімен бірге сатып алуға немесе оны сатып алу үшін "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен" несие алуға құқылы", – дейді Қуандық Бишімбаев.

Артынша министр "облыс орталықтарындағы жеке тұрғын үйлер бой көтеретін шағын аудандарға бірыңғай сәулеттік стиль беру үшін ол баспаналардың бәрін бір құрылыс салушы "үй құрылысы комбинаттары" технологияларын қолдана отырып, жүзеге асыратынын" нықтады.

"Бұл құралдарды енгізу көппәтерлі баспана мен жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға салмақты серпін береді. Бағдарламаның барлық тетігі өңірлерде талқыланды, барлық ескерту бағдарламаның соңғы редакциясында көрініс табады. Біздің ойымызша, "Нұрлы жер" құрылысты өркендету және қалаларымыздың заманауи келбетін қалыптастыруда үлкен маңызға ие!", – деп санайды үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин.

Ал өңірлер не дейді? Аймақ басшыларының бір бөлігі жаңа тұрғын үй бағдарламасын қызу қолдаса, тағы бір бөлігін кейбір тұстары тіксінтіп отыр.

"Жеке тұлғалардың үй салуына байланысты айтарым, қазіргі таңда мұнда тәртіп жоқ, үйлерді қалай болса, солай салады, кішкентай бір "қалашықтар" пайда болады: қылмыс та, ұрлық та сол жерде. Ешқандай бірыңғай келбет жоқ – бірі кірпіштен, бірі саманнан, енді бірі ағаштан соғады. Екіншіден, берілген жерлер дер кезінде пайдаланылмайды, бірі ол жердегі үйін 5 жыл, ал бірі 15 жыл тұрғызады.

Сондықтан, көпқабатты емес үйлерді тез салудың пилоттық жобасы ұсынылды. Біз ұлттық экономика министрлігінің бірыңғай құрылыс салу жөніндегі ұсынысын қолдаймыз. Біздің облыста жеке тұрғын үй салу "үй құрылысы комбинаты" (ҮҚК) негізінде іске асырылады", – деген Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өз өңірінде ҮҚК-ның панелді үйлерінің бір шаршы метрінің құны 100 мың теңгеден аспайтынын жеткізді.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов өздерінде ашылған "үй құрылысы комбинаты" жобалық қуатымен жұмыс істей алмай отырғанын айтады.

"Біздің облыста үй кезегінде 7 мың адам тұр. Ұлттық экономика министрлігінің "бәрін бірыңғай сәулеттік келбетке келтіру" туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл – "үй құрылысы комбинаттарының" дамуына қолдау. Облыс орталықтарының ажар-бейнесі де жақсарары сөзсіз. Біздің өңір аумағында испаниялық технологиямен темірбетон панельдерін шығаратын зауыт іске қосылған еді. Оның жобалық қуаты 40 мың шаршы метр. Алайда, зауыт жобалық қуатына шыға алмады", – дейді СҚО әкімі.

Оның мәлімдеуінше, тапсырыс болмағандықтан, комбинат қаржылай қиындыққа тап болған. Енді "Нұрлы жер" бағдарламасын жүзеге асыру аясында облыс әкімдігі "ҮҚК" меншік иесімен бірге бірқатар шараны қолға алуды жоспарлап отыр.

"Ол алдағы жылдың бірінші тоқсанында-ақ жобалық қуаттылығына шығуға мүмкіндік береді! Бұл технология баспананың әр шаршы метрінің құнын 100 мың теңгеден асырмауға мүмкіндік береді, біз оны есептедік. 2017 жылы облысымызда 500 үйдің құрылысына белсенді кірісуге дайынбыз", – дейді Ерік Сұлтанов.

Алайда, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев комбинаттардың монополиясына қарсы шықты.

"Біз, жалпы алғанда, бағдарлама тұжырымдамасын қолдаймыз. Бірақ, оған өз ұсынысымызды енгізгіміз келеді. Әрине, "ҮҚК" технологияларын қолданғанда, бір үлгідегі үйлер шығатыны сөзсіз. Дегенмен, азаматтар арасында панельді үйлерге сұраныс аз. Сондықтан, жеке тұрғын үй құрылысында құрылыс материалын тек панельмен шектемей, газдыблок, кірпіш және басқаларын пайдалануға рұқсат берілсе! Осыны ескерсеңіздер!", – дейді Нұрлан Ноғаев.

Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев та бағдарламаның күнін комбинаттарға қаратып қою дұрыс болмайтынын ескертті.

"Әрбір өңірдің өз ерекшеліктері бар. Бізде мысалы, "ракушеблок, камень ракушечник" (ұлутас) деген өзіміздің құрылыс материалымыз бар. Сол себепті, біздің өңірде тез тұрғызылатын панельді конструкциялардан үй салудың еш мәні жоқ! Демек, әр өңірге жеке көзқарас болғаны жөн", – дейді Алик Айдарбаев.

Бұл жерде үкімет индустрияландыру перзенттері – "үй құрылысы комбинаттарына" жан бітіруге тырысқаны көрінеді. Биылғы жылдың 14 ақпанында инвестициялар және даму министрлігінде ұлттық экономика министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, даму институттарының, салалық қауымдастықтар мен барлық ҮҚК басшыларының қатысуымен жиналыс өткен болатын, ол толығымен "үй құрылысы комбинаттарын" жүктеу мәселесіне және оларды мемлекеттік қолдау шараларына арналды.

Министрлік өкілдерінің мәлімдеуінше, бүгінде индустрияландыру картасы аясында республикада жалпы қуаты жылына 1,5 млн шаршы метр панель шығара алатын 16 үй құрылысы комбинаты салынған, соның ішінде жылына 1.25 млн шаршы метр өнім шығаратын 15 жоба пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін жылына 200 мың шаршы метр панель шығаратын тағы бір жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Зауыттарда, құрылыс-монтаж кәсіпорындарын қоса алғанда, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Жиналыста осы комбинаттарды жүктеу үшін әкімдіктерге тұрғын үй, денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінің үлгі жобалары тапсырылды. "Нұрлы жер" бағдарламасында да ҮҚК әлеуеті пайдаланылатыны осы отырыста айтылған еді.

"Енгізілетін тұрғын үй санын арттыру мақсатында "Инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы" ҚР Президентінің 2015 жылдың 6 сәуіріндегі №1030 Жарлығына индустриялық үй құрылысы технологиясын қолдана отырып, шағын габаритті тұрғын үйдің үлгі жобаларын әзірлеуге қатысты толықтырулар енгізілді.

Одан басқа, "Тұрғын үйлер" құрылыс нормалары мен ережелеріне (СНиП РК 3.02-43-2007*) тұрғын ғимарат классификациясын шағын ғимаратпен толықтыру жөнінде өзгерістер енгізіледі. Осыған сәйкес пәтерлердің ауданы мынадай: 1 бөлмелі – 28 шаршы метр; 2 бөлмелі – 42 шаршы метр; 3 бөлмелі – 54 шаршы метр; 4 бөлмелі – 66 шаршы метр", – дейді индустриялық даму және өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің мамандары.

Сарапшылардың айтуынша, "үй құрылысы комбинаттарының" жағдайы шынында мәз емес. "Нұрлы жер" көмекке келіп, мол тапсырыс жүктемесе, тіпті, жабылып қалуы ықтимал. Мысалы, Қостанайдағы ҮҚК панель шығаруды тоқтатыпты.

1981 жылдан бері ұзақ уақыт бойы еліміздегі ірі "үй құрылысы комбинатының" басшысы болған, қазіргі "Қостанай Жилстрой" компаниясының бас инженері Николай Детков осындай шаралар комбинаттарды дағдарыстан шығарарына сенімді.

"Құрылысшылар дағдарыстан бірінші болып зардап шегеді және одан біріншілер қатарында шығады. Адамзат қайтадан үңгірлерде тұруға құлықты емес, демек, тұрғын үйге қай уақытта да сұраныс болады. Ал дағдарыс уақытында арзан үй тұрғызу керектігі маман емес, адамға да белгілі", – дейді Николай Детков.

Ол үй құрылысы комбинаттарының діңкесін құртып, жүрелетіп отырған мәселелер қатарында салмағы зілдей ауыр несиелерді, өнім шығаруға арналған технологиялық желілердің теңгерімге келтірілмегенін, дайын өнім сақтайтын қойманың жетіспеушілігін, оларға апарар темір жолдың жоқтығын және осы саладағы кәсіби менеджердің тапшы екенін айтады.

Ал бірқатар сарапшы "үй құрылысы комбинаттарын" дағдарыстан шығаратын жол өзге құрылыс материалдары өндірушілерін күйзелтуі мүмкін екенін жасырмайды. Интернетте осыдан біраз бұрын Батыс Қазақстан облысындағы бір топ кәсіпорын басшыларының облыс әкімі Алтай Көлгіновке, "Атамекен" КҰП филиалына жазған үндеу хаты жарияланды. Үндеу авторлары өз ауыздарынан нәсіптерін осы комбинаттар жырып әкететініне қатты алаңдайды.

Алпыс жылдық тарихы бар "Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясының" басқарма төрағасы М.Кенжеғұлов отандық құрылыс материалдары кәсіпорындары өндірістік мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай, қосымша тапсырысқа зәру болып отырғанын алға тартады.

"Панельді үйлер қолайлылықтың 4-сыныбына жатады. Жылу және шуды оқшаулау дәрежесінің төмендігі, қызмет ету мерзімінің шектеулілігі секілді әлсіз тұстары бар. Сондай-ақ, азаматтар кірпіштен салынған үйлерді қалайтынын да назардан тыс қалдыруға болмайды", – дейді ол.

Бұл тұжырыммен, әрине, құрылыс комбинаттары келіспейді. Астанадағы индустриялық паркте орналасқан "GLB" ЖШС-ның "үй құрылыс комбинаты" өз өнімінің дара сапасымен және өзіндік төмен құнымен ерекшеленетінін айтады.

"Біздің компания ірі панельді және құрамалы-каркасты құрылысқа маманданады. Бұл технологияда нысанды салу процесі конструктор құрастыруды көзге елестетеді. Құрылыс алаңына ғимараттың дайын бөлшектері жеткізіледі, оларды тек қабыстырып, монтаждау ғана қалады", – дейді комбинаттағылар.

Бұл мәселелерге түсініктеме берген ұлттық экономика министрлігі "үй құрылысы комбинаттарының" өнімін өңірлерге ешкім зорлықпен тықпаламайтынын айтады.

"Біз Батыс өңірлер көтеріп отырған мәселені білеміз, түсіністікпен қараймыз. Әрбір өңірде жеке тұрғын үйлердің құны да әртүрлі болады. 100 мың теңге дегеніміз – орташа сан ғана. Жаңа бағдарлама жергілікті материалдарды пайдалану мүмкіндігін қарастырады. Біздіңше, ҮҚК технологиясы әлдеқайда арзан болмақ. Бірақ, егер қандай да бір өңірде жергілікті материалды пайдалану баспана шаршы метрін арзандатуға мүмкіндік берсе, оған тыйым салмаймыз!", – дейді Қуандық Бишімбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу