"Ол бізді адалдыққа үйретті"

4804

Атақты шаруа Геннадий Зенченко өмірден озды.

"Ол бізді адалдыққа үйретті"

18 желтоқсан күні ауыр сырқаттан белгілі кәсіпкер, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының білгірі Генадий Зенченко өмірден өтті.

Нарықтық экономика кезінде өзінің шаруашылығын сақтап қана қоймай, оны көбейте білген шаруа әріптестерінің арасында ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлер арасында да беделге ие болды. Көп жыл бойы бірлесе атқарған жұмыс Геннадий Зенченконы елбасымен байланыстырды.

"Оның әкесі Иван Солтүстік Қазақстан облысындағы ірі шаруашылықты басқарған, атақты адам болды. Геннадий Иванович бұл кәсіпті саналы түрде таңдап алған еді", – дейді оның әріптесі, "Родина" ЖШС шаруа холдингінің басшысы Иван Сауэр.

"Ол әкесінің беделін пайдаланбай, қарапайым балғашыдан кәсіпорын директорына дейін көтерілді. Ауыл шаруашылығы құлдыраған 90-жылдардың ортасында шығынға батқан кәсіпорынды қорықпастан қолына алып, оны еліміздегі АӨК саласындағы көшбасшы етті", – деп жалғастырды Иван Сауэр.

"Зенченко және компания" ЖШС – елдегі шаруа кәсіпорындарына үлгі тұтарлық кәсіпорын. Зенченко – экономиканың осы саласына жаңалық енгізушілердің бірі. Ол сүт беретін мал табынын ұстау үшін төрт ірі мал шаруашылығы кешенін құрып, оның жұмысын компьютерлендірген. Осы жерде алғаш рет Германиядан шығарылған сиыр сауу жүйесі құрастырылды. Ал 2007 жылы дағдарыстың нағыз ширығып тұрған кезінде экономистердің жасаған болжамына қарамастан, Канада мен Аустралиядан асыл тұқымды мал әкелді. Ақыры оның шешімі дұрыс болып шықты! Оның шаруа қожалығы әлі күнге дейін сүт және сүт өнімдерін шығаруда елімізде көшбасшы болып отыр.

2014 жылы тәулігіне 50 тонна өнім шығаратын жеке сүт зауытын іске қосты. Ол зауытта сүттен басқа қырықтан астам өнім түрі шығарылып, Қазақстан мен Ресейде сатылып жатыр.

26 470 га жерге астық, картоп, майлы және мал азығы дақылдары өсіріледі. Шаруа қожалығында 235 ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істейді. Осының арқасында компания астықты 22 күн ішінде жинап, рекорд жасап жүр.

Жаңалық енгізуден қашпайтын Геннадий Зенченко елімізде жел энергетика стансаларын салуды ұсынды. Оның қаражатына сатып алынған кәсіпорынның төрт жабдығы тәулігіне 4 730 000 кВт өндіреді.

"Зенченко шаруа қожалығы әлеуметтік инфрақұрылымдарды іске қосумен ерекшеленді. Ол жаңа спорт-сауықтыру кешенінің іске қосылуын көре алмай кетті", – дейді Иван Сауэр.

Әріптестері атақты шаруаның шаруашылықта қолданған технологиялармен және алған білімімен бөлісетінін еске алды.

"Ол бізді адал болуға үйрететін. Бізге әрқашан кеңес беріп, қолдау көрсетіп отыратын. Ол тек бизнесмен ғана болып қоймай, ұстаз да бола білді", – дейді "Родина" ЖШС басшысы.

Иван Сауэрдің айтуынша, атақты шаруа ауыл шаруашылығының сенімді ұрпағын тәрбиеледі.

"Ең бірінші, оның ұлы Иван Геннадьевичті айтқым келеді. Ол әкесінің кәсібін одан әрі жалғастырып, шаруашылықты көшбасшылықтың жаңа деңгейіне көтереді деп ойлаймын", – дейді шаруа қожалығының басшысы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу