"Самұрық-Қазынаға" сырт елдер қол созады

2816

ҰӘҚ жекешелендірілетін активтердің үштен бірін шетелдіктерге сатпақшы.

"Самұрық-Қазынаға" сырт елдер қол созады

Алматыда өткен "Инвестор күнінде" "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ өкілдері 2016-2020 жылдары жекешелендірудің кешенді жоспары барысында 215 актив сатылуға қойылғанын тағы бір еске салып өтті.

Олардың ішіндегі 48 активті холдинг ірі кәсіпорын есебіне қосып отыр, олар тәуелсіз кеңесшілердің ұсынысымен басым тәртіпте сатылатын болады. Оның ішіндегі ірі алты кәсіпорын 2019-202 жылдары IPO/SPO-ға шығарылады ("Эйр Астана", "Қазатомөнеркәсіп", "Қазақтелеком", "ҚазМұнайГаз", "Самұрық-Энерго" және "Қазақстан темір жолы").

"Бұл компанияларды сатуға шығарудың басым алаңы ретінде Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) алынып отыр. Көрсетілген мерзімде сатуды бастау дайындық жұмысын жүргізуге байланысты, яғни компанияларды оңтайландыру және трансформациялауға қатысты", – деді "Инвестор күні" аясында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.

Сондай-ақ министр АХҚО осы жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істейтінін атап кетті.

Ал қалған шағын 167 компания электронды аукцион арқылы сатылатын болады. Шетелдіктердің қолына өтетін активтердің жағдайын "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев түсіндіріп берді.

"Әлемдік үздік тәжірбиелерге сүйене отырып, жекешелендірілетін активтердің үштен екісін жергілікті инвесторлар мен бірлескен кәсіпорындарға, ал шетелдік инвесторларға үштен бірін беруді жоспарлап отырмыз", – деп мәлімдеді холдинг басшысы.

Өмірзақ Шөкеевтің әріптесі, қордың активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры Берік Бейсенғалиев: "Жекешелендіру бойынша жұмысымыз бірыңғай принциптерге негізделген. Компанияның бақылау пакеттерін экономиканың ресурстық секторында сақтап қалмақпыз. Мұндай компаниялардың акциясының 25%-ы ғана сатуға шығарылады. Сондай-ақ ресурстық емес сектордағы компаниялардың бақылау пакеті үлесін сатуды қарастырып отырмыз",– деді.

Атап айтарлығы сол, жалпы 780 ұйымды жекешелендіру келесі жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.

"Елбасының "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" Қазақстан халқына жолдауында үкіметке кешенді жоспарға кірген ұйымдарды 2018 жылдың соңына дейін жекешелендіруді аяқтау тапсырмасы берілген. Осыған орай қаржы министрі мемлекеттік органдар және ұйымдармен, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингтермен бірлесіп жекешелендіру процесін жандандыру бойынша үлкен жұмыс жүргізбек. 2017 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша әр нысанды сату бойынша жол карталары жасалып, кестелер қайта бекітілді", – деді министр.

Министрдің айтуынша, 2021 жылға қарай мемлекет 878 кәсіпорынды сатады. Осылайша мемлекет меншігі үлесін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне 15% ЖІӨ-ге жеткізу жоспарланып отыр. Тимур Сүлейменовтың айтуынша, бұл міндет үкіметтің алдағы 2-3 жылдағы басым міндеттері болып табылады.

Бұл жайында іс шарада сөз алған Алматы әкімі Бауыржан Байбекте айтты. Бүгінгі күні Алматы қаласы бойынша экономикадағы мемлекеттің үлес деңгейі шамамен 18%-ға жеткен. "2016 жылы

18 мемлекеттік кәсіпорын жекешелендірілген. Осы жылы өтімді активті 21 кәсіпорын сатылады деп жоспарланып отыр", – деді Бауыржан Байбек.

Әкім Алматыда қолайлы инвестициялық ахуалды жасауға ерекше тоқталып өтті. Оның айтуынша, былтырғы жылы "DoingBusiness" халықаралық рейтингте Алматы бойынша бағаланған Қазақстан 35 орынға көтерілген.

Сонымен бірге Бауыржан Байбектің айтуынша, былтыр Алматы бойынша негізгі капиталға салынған инвестицияның өсуі 4,8% болған, ал бюджеттік инвестициялар үш есе қысқарып, жеке капитал есебінен салынған инвестициялар 34%-ға өскен. Әкім шетелдік инвестициялардың тартылу фактісін ерекше мақтанышпен айтып өтті. Оның айтуынша, былтырғы жылы Алматыға сегіз трансұлттық компания тартылған.

Ұлттық экономика министрі Алматыда және жалпы Қазақстан бойынша шетелдік инвесторларды тарту үшін жасалып жатқан шаралар жайына көбірек тоқталып кетті.

Оның айтуынша, инвест ахуалды жақсарту бойынша атқаралып жатқан шаралардың арқасында Қазақстанда шетелдік инвестицияларды тарту бойынша оң динамика байқалады. Сонымен бірге министр басқа мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстандағы салықтық жүктеме ең төмендердің бірі екенін айтты.

"Қазақстанда жекешелендіруді өткізу үшін барлық жағдай жасалған, сондықтан инвесторларды осы процеске белсенді ат салысуға шақырамыз", – деп қорытындылады өз сөзін министр.

Инвестор күні барысында "Самұрық-Қазына" және "KazakhInvest" ұлттық компаниясы Қазақстанға инвесторларды одан әрі белсенді тарту мақсатында ҚР-ға инвестицияларды тарту бойынша жол картасын іске асыру туралы екіжақты құжатқа қол қойды.

"Самұрық-Қазына" қорының активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры Берік Бейсенғалиев бұл жайында былай деді: "Біздің ұйымның мамандарымен әзірленген жол картасы елімізге инвесторларды тартуға бағытталған. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудағы атқарылып жатқан шара. Жол картасы инвесторларды тарту мен іздеудің бірлескен жүйелі және қарқынды жұмыс механизмін қарастырады, сондай-ақ "Самұрық-Қазына" АҚ компаниясының активтерінің тартымдылығын арттырады".

"KazakhInvest" басқармасының төрағасы Мақсат Қабашев өздерінің компаниясы шетелдік өкілдер арқылы"Самұрық-Қазына" және қордың қоржындық компанияларына инвестициялық жобаларды бірігіп іске асыру үшін стратегиялық серіктестерді іздеуде және келіссөз жүргізуге, оның ішінде трансұлттық корпорациялармен келіссөз жасауға қолдан келген көмектің бәрін жасайтынын айтты.

Элина Гринштейн, Гүлназ Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу