"Саранская" кенішіндегі апатқа кінәлілер анықталды

2548

Төрт кеншінің қазасына "АрселорМиттал Теміртау" акционерлік қоғамы жауапты болып шықты.

"Саранская" кенішіндегі апатқа кінәлілер анықталды

Қарағанды облысындағы "Саранская" кенішінде төрт адамның өмірін жалмаған апатқа "АрселорМиттал Теміртау" АҚ көмір департаменті айыпты деп танылды. Бұл туралы 23 қарашада арнайы құрылған комиссияның төрағасы, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Құнанбаев мәлімдеді.

"Жұмыс берушінің кінәсі – 100%, жұмыскерлерді кінәсі – 0. Адамдар қылмыстық салғырттықтың себебінен көз жұмған", – деді комиссия төрағасы Нұрбек Құнанбаев.

Комиссия мүшелері апаттың басты себебі – кәсіби мамандардың тапшылығы, көмір департаменті тарапынан қадағалаудың болмауы деп атап өтті. Ал, арбаның мақсатқа сай пайдаланылмауына жұмыскерлердің кінәсі жоқ. Себебі, өндіруші зауыт мамандарды оқыту-үйретуге тиісті міндетін жіті атқармаған.

Комиссия апат болған еңіске бірнеше рет түскен. Дизеловозды арнайы жүргізген кезде жабдықталған, дұрыс жиналған көлік тура сол бағыт бойынша жүрісін жалғастыра алмай, бір бұрылыста тежеліп қалған.

Комиссия жұмысының нәтижесінде "Саранская" кенішінің 16 қызметкері, оның ішінде шахта директоры Серге Мустивко қызметтерінен босатылды. Олар еңбек қауіпсіздігі мен басқа да нормативтер бойынша емтихан тапсырады, қайта даярлықтан өтеді.

"АрселорМиттал Теміртау" Еңбек кодексін, Азаматтық қорғау туралы заңын бұзған деген тұжырымға келді мамандар. Компания қаза болған кеншілердің отбасына 10 жылдық жалақы көлемінен бөлек, басқа да көмек көрсетеді.

"Кеніштің 40 жұмыскерімен және басқа да мамандармен сөйлестік. Кінә тек жұмыс берушіде. Феррит тасымалдаушы құрал маршрут бойынша жүрмеген, кеншілерге нұқсаулық дұрыс түсіндірілмеген. Яғни, техника қауіпсіздігі сақталмаған", – деді Нұрбек Құнанбаев.

 Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың 10 қарашасында сағат 14.30 минутта "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Көмір департаментінің "Саранская" кенішінде апат болды. К9 бас конвейерлік еңісін қазу ауысымы аяқталған соң, "Феррит" дизелевозымен МДП-24Ф монорельстік жолға шыққан жұмысшылар төтенше оқиғаға тап болды. №4 "Гварек-1000" ленталық конвейердің жетек стансасына (47-62 пикет) бұрылатын жерде адам отырған арбаның бекіткіші үзіліп, соның салдарынан адам отырған арба қазылған жермен төмен қарай шамамен 200 метрдей "ұшып" құлаған.

"АрселорМиттал Темиртау" АҚ қарасты "Саранская" кенішінде болған апаттан төрт кенші көз жұмды. 52 жастағы Михаил Патин бас сүйегіне жасаған отадан кейін есін жимастан өмірден озды. Оған дейін 1983 жылы туған М.Ж. Жанысбаев, 1960 жылғы Э.В.Леснеков пен 1959 жылғы М.А. Нұрмағанбетов оқиға орнында қаза тапқан болатын.

Оқыс оқиға Саран қаласының ІІБ сотқа дейінгі тергеу-тексерудің бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-ның "Екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу туралы" 156-бабы 4-бөлімі бойынша тіркеліп, соталды тергеу шаралары басталды.

ҚР ИДМ Индустриалды даму және өндірістік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Құнанбаев төрағалығымен арнайы комиссия құрылды.

"АрселорМиталл Теміртау" АҚ баспасөз қызметі "Саранская" кенішінде болған апаттың алдын-ала себебін жариялады. "Техникалық стандартқа сай келмейтін техниканы пайдалану кеншілердің өлімі мен жарақаттануына алып келді", делінген баспасөз-қызметінің хабарламасында.

Ләззат Қожахметова, Қарағанды

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу