"Сылтау іздемей, "Нұрлы жол" қаржысын уақтылы игеріңдер"

2537

Ұлттық қордың қаржысы әкімдіктерге тек сәуір айында жетеді. Конкурсты өткізгенше мамыр болады, ал жұмыс тек шілдеде басталады. Сөйтіп, миллиардтаған қаржы жыл соңына дейін игерілмей қалады.

"Сылтау іздемей, "Нұрлы жол" қаржысын уақтылы игеріңдер"

Мәжіліс депутаттары әкімдіктерден мемлекеттік бағдарламаға қосымша қаржы сұрауды доғарып, "Нұрлы жол" бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражатты уақтылы игеруді талап етті. Сонымен қатар, бағдарлама аясында салынатын тұрғын үйлерден соғыс ардагерлеріне кезектен тыс пәтер бөлуді ойластыруды ұсынды.

Үкіметке алақан жайып, қаржы сұрап келудің орнына, атқарылып жатқан жұмыс тиянақты әрі уақтылы орындалсын. Мәжіліс жанындағы "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту және тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту" комиссиясы инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының әкімшілеріне осындай кеңес берді. Комиссия отырысы барысында "Нұрлы жол" бағдарламасына Ұлттық қордан және бюджеттен бөлінген ақшаның мақсатты әрі тиімді жұмсалуы қызу талқыға салынды.

Депутаттардың пікірінше, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағдарламасы аясында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға бөлінген қаржыны игеру барысы сын көтерер емес. Алматы қаласы энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Ермек Үсенбаевтың айтуынша, ұлттық қордан осы салаға бағытталатын қаржының 90%-ға жуығы жылу жүйелеріне жұмсалады. Алматының жылу желісінің ұзындығы 1,2 мың км болса, оның 64%-ы, яғни, 800 км ескірген. Усенбаев соңғы жылдары 125 шақырымға жуық жылу желісінің қалпына келтірілгенін, ал бұған жұмсалған 52 млрд теңгенің тек 12,4 млрд теңгесі ғана "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында бөлінгенін айтты.

"Десек те, әбден тозығы жеткен жылу желілері бар. Оларды жаңғыртуға қыруар қаржы керек. Мұндай учаскелерде күрделі технология қолданылады. Алматы қаласын дамыту жоспарында 2020 жылға дейін тозған жылу желілерін 60%-дан 53%-ға дейін қысқарту мақсаты қойылған. Бұл – жыл сайын 115 км жылу желісін қалпына келтіру қажет деген сөз. Бұған 2020 жылға дейін 40 млрд теңге керек", – дейді ол.

Басқарма басшысы мемлекеттің қолдауы бәсеңдеп кетті деп есептейді. Оның айтуынша, 2017 жылы бұл жұмыстарға бөлінетін қаржының 70%-ы жергілікті, ал 30%-ы республикалық бюджеттен қарастырылған. Ермек Үсенбаев депутаттардан 2018-2020 жылдары әкімдіктердің үкіметтен қосымша қаржы бөлу туралы бюжеттік өтінімін қолдауды өтінді. Сондай-ақ, мелекеттік конкурстар мен тендерлер ережесінің өзгеруі – бағдарламаны жүзеге асыруда қиындықтар туғызып отырғанын тілге тиек етті.

"Бұрын нысандар құнының 5%-ы демпингтелсе, бүгінде бұл көрсеткіш 30%-ға жеткен. Ал нысанды 30% демпингпен қалай салуға болады? Мұны депутаттармен, әкімдіктермен бірлесіп шешкен жөн", – деп санайды ол.

Мұнымен қоса, ол "Нұрлы жол" бағдарламасының қаржысы әкімдіктерге созылып жетеді деп те шағымданды.

"Ұлттық қордың қаржысы бізге тек сәуір айында жетті. Конкурсты өткізгенше мамыр болды да, жұмысты тек шілденің ортасында бастадық. Ал оны жылыту маусымына, яғни, 15 қазанға дейін аяқтау бізден талап етілді. Миллиардтаған қаржыны мұндай қысқа мерзімде игеру мүмкін емес. Дегенмен, жұмысты уақтылы аяқтауға тырысып жатырмыз. Осы жерде жұмыс қаншалықты сапалы жүргізіліп жатыр деген сауал туындайды", – дейді басқарма басшысы.

Осыны алға тартқан Ермек Үсенбаев әкімдердің конкурстарды жыл басында өткізу жайын ойластыруды өтінгенін айтты.

"Біз жылыту маусымына дейін абаттандыру, желі тарту жұмыстарын аяқтап, халықты сумен, жылумен уақтылы қамтуымыз керек", – дейді ол.

Бұл пікірді құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Мархабат Жайымбетов те қолдап отыр.

"Биыл тұрғын үй-коммуналды шаруашылықты жаңғырту жұмыстарына 90 млрд теңгеден астам қаржы, ал өткен жылы 60 млрд бөлінді. Бұл бюджет несиесі екі жылға беріледі. Осы жылы бөлінген қаржы келесі жылдың желтоқсаны соңына дейін игерілуі тиіс. Әкімдіктер оны табиғи монополиялар субъектілеріне жібереді. Бұл ретте әкімдіктердің алдында конкурс өткізу мәселесі бойынша көптеген қиыншылықтар туындайды. Шынымен де бұл процедура күрделі", – деп ағынан жарылды Жайымбетов.

Ал комиссия мүшесі, мәжіліс депутаты Майра Айсина 2016 жылғы өңірлердің сумен жабдықтау және су бұру жүйесін жаңғыртуға бағытталған қаржыны игеру көрсеткішін мысалға келтірді. Депутат бұл көрсеткіштің Қызылорда облысында – 15%, Қостанайда – 22%, ОҚО – 23%, ал Жамбыл облысында 88%-ға игерілгенін айтты.

"Егер қаржы өңірлерге әрдайым кеш жететін болса, олардың барлығының да "Нұрлы жол" бағдарламасының қаражатын игеру көрсеткіші төмен болмай ма? Мұндай үлкен айырмашылықтың болуы бір түрлі екен. Осы тендер өткізу мәселесі нешінші жыл қатарынан көтеріліп келеді? Оны әкімдіктермен бірлесе отырып, мүдделі органдар шеше алмай ма? Ұлттық экономика министрлігі осы бағдарламаның үйлестірушісі, сол себепті, ведомство бұл олқылықты жоюы тиіс. Әлде біз мұны аспаннан түсіп біреу шешіп береді деп күтіп отырмыз ба? Елде мықты экономист, қаржыгерлер бар. Солардың басын қосып, осы мәселені түбегейлі шешуге болады ғой. Тәртіпті қашан орнатамыз?", – дейді Майра Айсина.

Ал депутат Бақытжан Ертаев мемлекеттік бағдарлама әкімшілеріне ақша жетпей жатыр деген сылтаумен "көз жасын ағыл-тегіл төккенше", берілген қаржыны тиімді жұмсап, халық игілігіне жұмыс істеуге кеңес беріп отыр.

"Осы мәселе төңірегінде атқарылған жұмыс туралы сөз қозғасаң болды, барлығы да бөлінген ақшаны санап кете барады. Ал шын мәнінде халыққа пайдасы тиген қандай жұмыс атқарылды? Бағдарлама әкімшілерін есеп беруге шақырсаң, барлығы да тиын санап, ақшаны қалай игергенін тілге тиек етеді. Ал іс жүзінде бұл қаржыға қандай жұмыс атқарылып отыр? Халық оның пайдасын қаншалықты көріп отыр? Мәселе осында. Халықтың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасау керек. Олардың пәтерлерін жылы сумен, жылумен қамтып, күнделікті тұрмысына қажетті басқа да жағдайды жасап беру керек. Ал біздің бағдарлама әкімшілерімен басымыз қосылып, жұмысты тиянақтайық десек, олар тек ақшаны санаумен әлек болып жүреді", – деп ашынды депутат.

Халық қалаулысы бағдарлама әкімшілері жауапкершілікті бір-біріне жүктеп, қол қусырып отыр деген ойда. Оның айтуынша, депутаттар бұл мәселенің шешілуіне қуана көмектеседі.

"Олар барлығы жақсы, бағдарлама дұрыс орындалып жатыр дейді. Ал ел не деп жатыр? Ел наразы. Біз халық мүддесін ойлап, халық үшін маңдай терімізді төгуіміз керек. Біз, парламент депуттары, шындықтың айтылғанын қалаймыз, ал мәселенің бетін жалтыратып, жақсы жақтарын ғана көрсеткен жөн емес", – деп кесіп айтты Бақытжан Ертаев.

Депутат Берік Оспанов та "ақша өңірлерге дер кезінде жетпейді" дегенді бағдарлама әкімшілерінің сылтауы деп отыр. Оның айтуынша, ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік конкурстардың ұзаққа созылып кететінін біле тұра, "Нұрлы жол" қаржысын өңірлерге жеткізудің өзге механизмін ойластырмаған.

"Ұлттық қор қаржысы есепшоттарға аударылып, онда жыл бойы бос жатқан. Нәтижеде толық игерілмеген. Бұл қаржы ел игілігіне, экономиканы гүлдендіруге пайдалану орнына, шоттарда жатқан", – дейді ол.

Бұдан бөлек, депутаттар Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлерден кезектен тыс пәтер бөліп, 2017 жылдың Жеңіс күніне дейін олардың барлығын баспанамен қамтуды ұсынды. Депутат Марат Бопазов ҰОС ардагерлерінің қатары жыл санап сиреп келе жатқан уақытта, олардың барлығын баспанамен әлі күнге дейін қамтамасыз ете алмауды ұят санайды.

"Бүгінде олардың саны бес мыңдай ғана. Бұл мәселені 2017 жылы бірден шешіп тастауға болады", – дейді ол.

Ұлттық экономика министрлігінің ақпараттарына жүгінсек, қазір баспана кезегінде тұрғандар саны 413 мың адамды болса, оның 268-і соғыс ардагерлері мен мүгедектері.

Ауған соғысының ардагері Бақытжан Ертаев 25 жыл бойы Отан алдында борышын атқарған әскерилерді де ұмытпау керек деген ойда. Депутат елімізде әскерилерге пәтердің жалға берілетініне көңілі толмайтынын айтты.

"Жауынгерлеріміз Отан алдындағы борышын жалға атқармайды ғой. Неліктен полковниктеріміз, 25 жылдан астам ел тыныштығын күзеткен әскерилеріміз әлі күнге баспанасыз жүр? Бұл жерде ақша санап отырғанымыз дұрыс емес. Біз патриот болсақ, жауынгерлерімізді пәтермен қамтуымыз керек", – дейді ол.

Депутат, сондай-ақ, ауған соғысы ардагерлері, Чернобыль апаты мен Семей полигонындағы ядролық қару сынағы салдарынан зардап шеккен азаматтарды да баспанамен қамту керек дейді.

"Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне пәтер беріп жатырмыз, ал осы топтағы ардагерлер үшін неге қам жемейміз?", – деп күйінді Ертаев.

Депутат Берік Оспанов болса, бұл мәселеге қатысты "Нұр Отан" фракциясы атынан Үкіметке ұсыныс жолдағанды жөн санайды.

"Меніңше, бұл мәселені қарастыруды үкіметке ұсынуымыз керек. Әскерилер мен соғыс ардагерлерін баспанамен қамтуды "Нұрлы жер" бағдарламасының бір тармағы ретінде қарастыруды ұсынған жөн деп ойлаймын. Оны фракциямыздың өзге мүшелері де қолдап отыр", – дейді ол.

Осылайша, депутаттар шенеуніктерге "Нұрлы жол" бағдарламасының қаржы бөлу механизмін қайта саралап қана қоймай, болашақта нақты шара қабылдап, ақшаны мақсатты жұмсап, елдің көзі жететін жұмыспен оны іс жүзінде дәлелдеуге кеңес берді. Халық қалаулылары бұл мәселелерді шешуде бағдарлама әкімшілеріне көмекке келіп, жұмысты бірге атқаруға даяр екенін ескертті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу