"Туристік Қамқор" кімге қамқор болмақ?

4458

Қазақстанның туристік агенттіктер қауымдастығының қолдауымен "Туристік Қамқор" корпоративтік қоры құрылды.

"Туристік Қамқор" кімге қамқор болмақ?

Голливуд актері Том Хэнкс ойнайтын "Терминал" фильмін көрдіңіз бе? Кракози елінен ұшақпен Нью-Йоркке ұшып келген қарапайым азамат Виктор Наворски саяси ауыс-түйістің, екі ел арасындағы келіспеушіліктің құрбаны болып, не еліне орала алмай, не АҚШ-тың әуежай ғимаратынан шыға алмай, шиеліністі жағдайға тап болып, бірнеше тәулік терминалда тұрақтауға мәжбүр болады. Тіл білмейтін елде аш қалмай, нанын тауып жеу үшін ол түрлі жұмыс істеп, амал-айлаға барады... Әрине, бұл ойдан шығарылған сюжет, кино да шығар. Бірақ, саяси жағдайлардың қатысы болмаса да, туристік операторлардың кесірінен, соның бірі елді шулатқан "Гульнар Тур" туристік компаниясының жауапсыздығынан 2013-2014 жылдары шетелге демалып қайтуға шыққан Қазақстан азаматтарының "Терминал" фильмі бас кейіпкерінің басынан өткен хикаяға ұқсас жағдайды өткергенін ел біледі. Бұл жағдайлар қазақстандық туроператорлардың шетелге туристік саяхатты ұйымдастыру ісіндегі шикіліктерін, заңсыз әрекеттерін әшкерелеп беріп, қоғамға қозғау салып, көпшілік наразылығын тудырған еді. Даулы мәселе Елбасына да, Үкімет басындағыларға жетіп, бұл мәселенің дұрыс шешімін қабылдайтын кезі жеткенін көрсетті. Не керек, биыл күрделі мәселенің күрмеуі шешілген сыңайлы. Олай дейтініміз, ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде БАҚ өкілдеріне арнап ұйымдастырылған брифингте, сыртқа шығу туризмі саласында ҚР азаматтарының құқығын кепілдендіруге қатысты жүйе түзілгенін және ол қандай негізгі ережелерден тұратыны егжей-тегжейлі түсіндірді. Ұққанымыз, бұдан былай туристік компаниялардың жауапсыздығы мен алаяқтық әрекеттеріне жол берілмейді. Турист қаннен-қаперсіз шетелге шығып, арқасын кеңге салып, саяхаттап немесе демалып яки емделіп қайта алады. Ол үшін ең бастысы, шетелге саяхатқа шығар алдында туроператорды дұрыс таңдай білуі керек. Ал, сенімді туристік компанияларды қалай тауып, анықтауға болады? Шетелге шыққалы тұрған Қазақстан азаматтарының дін аман туған еліне қайта оралуына кім кепілдік бере алады? Қазақстандық туристерді толғандыратын тағысын тағы сауалдар жетерлік.

2013-2015 жылдары жоғарыда атап өткен "Гульнар Тур" сияқты жауапсыз нарық өкілдерінің кесірінен Қазақстанның турист-азаматтарының басым бөлігіне шет елдерде орналасқан орындары мен кері қайтатын билеттерінің ақысы төленбей қалған. Бұл әрине, туристердің наразылығын тудырды. Сондықтан сыртқа шығу туризмі саласындағы іс-әрекеттерді реттеп, туроператорлардың басын бір арнаға тоғыстыратын бір орталық керек еді. Ұзақ кеңесу нәтижесінде, Қазақстан туристік агенттіктер ассоциациясының қолдауымен "Туристік Қамқор" корпоративтік қоры құрылып, оған туризм саласында жиырма жыл тәжірибесі бар Инна Рей төрайымы болып сайланған екен. Ал бұл Қордың қызметі қандай? Мәселен, сіз шетелге демалуға барып, жаңағыдай жауапсыз туроператордың кесірінен төтенше жағдайға тап болдыңыз делік. Міне, осы жағдайда "Туристік Қамқор" көмекке келеді. Яғни ол уақытша қалып қойған мемлекеттен Қазақстан азаматтарын елге қайтарып алуға шұғыл шаралар қолданады. Десе де, қуануыңызға әлі ертелеу. Неге дейсіз ғой... Жаңа айтып өткеніміздей, шетелге саяхатқа шығар алдында ең бастысы туристік компанияны дұрыс таңдай білуі керек дегенде бір сыр бар. "Туристік Қамқор" бірінші кезекте Қорға тіркелген туристік компаниялардан туристік өнімді сатып алған туристерге ғана қолұшын береді. Сондықтан шетелге саяхаттар алдында, жолдама алғалы отырған туристік компаниядан бірінші кезекте туркод сұрағаныңыз абзал. Ал әлгі компания берген туркод "Туристік Қамқор" корпоративтік қорының www.fondhamkor.kz сайтында тіркелген болса, онда алаңсыз шетелге шығуға дайындала беруіңізге болады.

Инна Рей ханым Корпоративтік қорды құрудың маңыздылығын былай деп сипаттайды:"Бұл қор өте тар, бірақ аса маңызды мақсатпен құрылып отыр. Туроператорлар қандай да бір жағдаймен өз міндеттерін орындай алмаған жағдайда, біздің Қор туристердің шетелде қалып қоймай, елге қайтарылуына жәрдемдеседі".

Ал ҚР ИДМ Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Игалиев Қазақстан Республикасының азаматтарына туристік өнімді сатып алу барысында, туристік компаниядан туристік өнімді әзірлеген туроператормен және "Туристік Қамқор" корпоративтік қоры арасында жасалған келісімнің бар екендігіне көз жеткізіп алуларына кеңес беріп, ведомство өкілінің сөзін Қор төрайымы Инна Рей Қорға тіркелген туроператорларға Тіркеу туралы куәлік берілетінін және турист оны көрсетуді талап ете алатынын пысықтай түсті.

Десе де, аталған Қорға тіркелу үшін екі талап үдесінен табылу керек. Біріншісі, туристік компаниялар атқаратын қызметінің тәуекелділігі қандай мөлшерде екеніне байланысты, егер тәуекелділігі жоғары болса, 30 млн теңге көлемінде, ал жай ғана туристік қызметтер көрсетіліміне қатысқан жағдайда, 10 млн теңге көлемінде банктік кепілдеме ұсынуы керек. Екінші кепілдік түрі – аударымдар. Яғни әр туристік өнімнен резервтік қорға ең төменгі мөлшердегі сома аударылып, жинақталуы екен. Бірақ, нарықта бұл тәсіл аса кең таралмай отырған көрінеді.

Туристердің "құлағына алтын сырға", қазір Қор жүйе әкімшілігінің жұмыс істеуіне қажетті шаралар қабылдап, "Туристік Қамқордың" бүкіл қызметін бүге-шігесіне дейін интернет кеңістігіне, яғни www.fondhamkor.kz сайтына орналастырыпты. Ондағы ақпарат турагент, туроператор және туристке қолжетімді болып отыр. Сайтта туристерге әлдебір төтенше жағдайға тап болғанда, қайда, кімге жолығуы керектігі, "Туристік Қамқор" қорына қандай деректер беруі керектігі айтылған. Бұдан кейін жүйе әкімшілігінің жұмысы басталып, ол шұғыл кеңес шақырып, туриске ауыртпалық түсірмей, жағдай жасау әрекеттеріне көшуге шешім қабылдайды. Мәселен, ұшақ кешігіп жатса, тамаққа, жататын орынға төлемақы жүргізу әрекеттері осы жүйе әкімшілігінің міндетіне кіреді. Әрине, бұл шаралар жоғарыда айтып өткеніміздей, туристер Қордың құрамына кірген туроператорлардан туристік өнімді сатып алған жағдайда "Туристік Қамқор" қамқорлығында болмақ. Бұл жерде туроператордың банктік кепілдемесі сақтандыру сомасы рөліне көшеді. Яғни, Корпоративтік қор туроператордың банктік кепілдемесі арқылы банктегі қаражат есебінен туристі елге қайтаруға жұмсалған шығынын қайтарып алатын болады. Сөйтіп, Қазақстанның турист азаматының елге аман есен оралуына кепілдік береді. Бүгінгі таңда "Туристік Қамқор" қорының құрамына 12 туристік компания кіріп, сенім білдіріпті.

Ал ел Үкіметі тарапынан қандай шаралар қолданылуда дейтін болсақ, бұл жақта да соны серпіліс бар екенін айқын аңғарасыз. Оған дәлел, үстіміздегі жылдың 18 қазанында ҚР Үкіметінде екі қаулы жобасының қабылдануы. Яғни, бұл қаулылар турпоператорлар өз міндеттерін дұрыс орындамаған немесе мүлдем орындамаған жағдайда, қазақстандық туристерді елге қайтару мәселелерін реттеп, азаматтарды шетелдерден туған елі – Қазақстан аумағына алып кетуді қамтамасыз етеді.

Осы ретте, қазақстандық туристерді елге қайтару үшін арнайы есепшот ашылмақ. Ол Қазақстан азаматына турагент арқылы сатылатын немесе туроператор және әуе кемесін жалдаушы-туроператормен жасақталған әрбір туристік өнімнен 0,5 АЕК (1061 теңге) мөлшерінде аударылған сомадан құралатын болады.

Шетелге демалыстарын жоспарлап, емделуге баратын Қазақстанның турист азаматтарының қамын ойлап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрылған "Туристік Қамқор" қорының қамқорлығына туристердің күні түсер-түспесі – уақыт еншісіндегі мәселе. Бірақ, бүгін бар, ертең жоқ болып жататын туроператорлардың құрығына түсіп, алаяқтарға алданып қалмау үшін осындай Қордың құрылуы көңілге сенім ұялатып, "Терминал" фильміндегі бас кейіпкердің тағдыр тәлкегін кешуден алыстата түскендей.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу