"Ұлттық ғылым академиясы ғылымға жат нәрсемен айналыспайды"

Бұлбұл Болат, Алматы Бұлбұл Болат, Алматы
4952

Соңғы 3 жылда ғылым саласына 100 млрд теңге бөлінді.

"Ұлттық ғылым академиясы ғылымға жат нәрсемен айналыспайды" Фото: akorda.kz

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында  өткен Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық мерейтойында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.

Сессия жұмысына Ресей ғылым академиясының президенті Владимир Фортов, Молдова Ғылым академиясының президенті Георгий Дука, Тәжікстан Ғылым академиясының президенті Фарход Рахими, Қырғыз республикасының ҰҒА президенті Абдығани Эркебаев, "Elsevier Scopus" халықаралық базасының басқарма төрағасы, америкалық профессор Йонг Сук Чи қатысты.

Осыдан 70 жыл бұрын ашылған Ұлттық ғылым академиясы талай кезеңді бастан өткерді. Бүгінде Ұлттық академияда 237 тұрақты мүше бар. Оның 135-і академик, 102-сі корреспондент-мүше. Бұдан бөлек 14 шетелдік және ҰҒА-ның 88 құрметті мүшесі тіркелген.

Салтанатты жиынның шымылдығын ашқан ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов арнайы баяндама жасады.

"Ұлттық ғылым академиясы арқылы Қазақстанды өркендеген ғылыми-техникалық салалары бар республика ретінде сонау Кеңес одағы тұсында да, қазір де бүкіл әлем мойындап отыр. Бүгінгі таңда Ұлттық ғылым академиясы кеңестік үлгіден бас тартып, Еуропалық үлгіге көшті. Сонымен қатар еліміздің  негізгі ғылыми-техникалық әлеуеті мен бас ғылыми орталығы  ретіндегі мәртебесін сақтап қалды...", – деді ҰҒА президенті.

Бұдан кейін жиналған жұртты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады.

"Бүгінде Ұлттық ғылым академиясы салалық және өңірлік бөлімшелері бар ірі зияткерлік орталыққа айналды. Ол Франция, АҚШ және басқа елдердегі ғылым академиялары сияқты ғылым үшін жат нәрсемен, яғни әкімшілендірумен айналыспайды. Ғылым саласын орталықтандырудың, онда қалыптасатын монополияның тиімсіз екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр", – деді президент.

Нұрсұлтан Назарбаев кезінде ұлттық ғылымның көш басында тұрған ғалымдардың есімдерін ерекше атап өтті.

"Бүгінгі мерейлі сәтте біз Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сынды ғұламаларымызды атап өтуіміз қажет. Тәуелсіздік жылдарында Ұлттық ғылым академиясы алдыңғы буынның абыройлы ісін жалғастыра білді. 25 жылда ғылыми ұйымдардың саны 2 есеге көбейіп, 300-ден асты. Ғылымды қаржыландыру жыл өткен сайын артып келеді. Соңғы 3 жылда ғылым саласына 100 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта бұл ұстанымнан айнымай, ғылымның қарқынды дамуына жан-жақты жағдай жасайтын боламыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан кейін елбасы Қазақстан халқына жолдаған биылғы жолдауында  5 бағытқа басымдық бергенін баяндады.

"ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің ғасыры. Әсіресе қолданбалы ғылымның көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқанын көріп отырмыз. Ғалымдар жаңа көкжиекке көз тігуі тиіс. Біз әлемдік жаңа технологияларды игеріп, өзімізге бейімдеуіміз керек. Академиктермен кездесуімде дүниеде болмағанды ашу нағыз революция болар еді, бірақ дүниеде бар нәрсені Қазақстанға әкеліп бейімдеу, ол да ғылым деп айтқан болатынмын. Ғалымдарымыз осы іске белсенді атсалысуы қажет. Сондықтан дәуір сұраныстарына сай, олар ғылыми көзқарастарын қайта қарауы керек. Біз өнеркәсіптік ғылымның қажеттігін ескере отырып, гуманитарлық салаға да ұмтылуымыз керек", – деді мемлекет басшысы.

Президент отандық ғылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды түбегейлі өзгертуді тапсырып, осы бағытта бірқатар нақты міндеттер белгіледі.

"Біз ғылымды орталықсыздандырдық. Көптеген бөлігін жоғары оқу орындарына бердік, алайда олардың бәрі әлі инновациялық орталыққа айнала қойған жоқ. Қазақстанның ғалымдары өз жұмыстарын белсенді түрде патенттеп жатыр. Бірақ олардың басым көпшілігіне сұраныс жоқ. Ғылым негізінен мемлекет есебінен қаржыландырылуда. Іс жүзінде нақты сектордан тапсырыс түспей тұр. Сонымен қатар ғылыми жұмыстарда плагиат жиі кездеседі. Біз ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы заң қабылдадық. Енді осы заң толыққанды қолданылуы қажет. Ғылыми-зерттеушілік қызмет нәтижелерін қазақстандық кәсіпорындардың қажеттілігіне бағыттайтын тетік енгізу керек. Біздің алдымызда импортты алмастыру және экспорттық өндірісті дамыту міндеті тұр. Ғылымды басқарудың, қаржыландырудың жаңа форматы бойынша және уақытында жүзеге асырылатын жаңа жүйесі енгізілді. Осыған орай Ғылым академиясы жанынан әдеп жөніндегі алқалы орган құруды ұсынамын. Ол Ғалым кодексін және жарияланымдар әдебі жөніндегі кодексті әзірлеп шыға алар еді", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы ғылым мен инновацияны ұштастыра білудің мәні зор екенін алға тартты.

"Бұл жерде ғылымды кәсіпорынға араластыру мәселесі бар. Мұндай механизм жеке бизнестің міндетті қаржыландыруы арқылы жүзеге асуы керек. Мысалы Сингапурде ғалымға бизнестен қанша ақша тапса, сонша қаржы беретін ереже бар. Солай болуы керек. Осындай жолмен ғана патенттеудің үлесін арттырып, ғылымға құйылатын жеке инвестицияны көбейтуге болады. Қолданбалы табыстың негізі қозғаушы күші жеке сектор болуы қажет. Біздің алдымызда импортты алмастырып, экпорттық өндірісті дамыту міндеті тұр", – деді мемлекет басшысы.

Осыдан соң президент нақты тапсырма жүктеді.

"Әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін үздік зерттеушілерге қосымша грант тағайындалсын, Орталық Азия елдерінің жас ғалымдарына Қазақстанда ғылыми зерттеу жүргізу үшін грант бөлу мәселесі зерделенсін! Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылым академиясымен және жоғары оқу орындарымен бірге отандық ғылыми басылымдарды халықаралық рейтингтік базаларда ілгерілету жұмыстарын жүзеге асырсын!", – деді елбасы.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу