"Зайырлылық деген атеизм емес"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2520

Мектеп бағдарламасына қоғам және дін курсы енгізіледі.

"Зайырлылық деген атеизм емес"

Қазақстандықтардың үстінен "киберқалқан" жайылыпты. Бұл туралы үкімет үйіндегі баспасөз конференциясында дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жария етті.

Оның айтуынша, Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған "киберқадағалау" іске қосылған. Жобаны дін істері және азаматтық қоғам, ақпарат және коммуникациялар министрліктері бас прокуратурамен тізе қоса отырып жүзеге асырған.

"Ведомствоаралық жұмыс аясында деструктивті діни ағымдарға қарсы іс-әрекеттің идеологиялық әрі ақпараттық қадамдары қабылданып жатыр. Үкімет жанынан тек дін мәселелерімен айналысатын арнайы ведомствоаралық комиссия құрылды. Осындай өзара іс-қимылдың нәтижесінде діни мекемелердің айналасындағы қауіпсіздік күшейтілді, діни материалдарды тарату арналарының тұрақты мониторинг жұмысы реттелді. Бірінші тамыздан бастап, бас прокуратура ақпарат және коммуникациялар министрлігімен бірлесіп, "Киберқалқан" жобасын іске асырып жатырмыз. Оның аясында арнайы kibernadzor.kz ресурсы құрылды", – деп хабарлады Нұрлан Ермекбаев.

"КиберНадзор" (ол осылай орысша аталады) жобасы арқылы интернетте құқыққа қайшы контент-мазмұны бар сайттар анықталып, бұғатталады екен.

"2017 жылы министрліктің мамандары шамамен үш мыңдай сайтты зерттеді. Оның ішінде бір жарым мыңға жуығы заңсыз контент таратқан", – деді министр.

кibernadzor.kz сайты да осы мақсатта жұмыс істей бастапты.

"Мемлекеттік органдардың қызметкерлері күдік тудыратын контенті бар сайттарды әшкерелейді де, оларға сілтемелерді аталған сайттың арнаулы бөлімінде орналастырады. Біздің қызметкерлер басы артық қағазбастылықсыз, сол сайттарға сараптама жүргізеді. Осының арқасында діни сараптама жүргізу мерзімі қысқарады. Заңсыз контенті бар сайттарға қатысты материалдар да сотқа анағұрлым жедел түседі", – деп мақтанып қойды дін істері министрі.

Сайттарға монторинг жасаудан өзге, кітап және баспа өнімдеріне сараптама жүргізілуде. Сондай-ақ ішкі істер министрлігімен бірлесіп, діни экстремизм үшін сотталғандарды оңалтудың арнайы қызметі құрылды.

Оның байламынша, ел үкіметі 2017 жылы қабылдаған шаралар Қазақстанда діни радикализмнің алдын алуды айтарлықтай күшейтуге сеп болды.

Нұрлан Ермекбаев министрлік 2017 жыл ішінде ауқымды тәжірибелік шараларды қабылдағанын баяндады. Идеологиялық негізі "2017–2020 жылдарға арналған діни саладағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасынан" тұратын заңнамалық өзгерістер пакеті әзірленді.

Тұжырымдамаға сәйкес, діни насихатты бақылау жұмыстары күшейтіледі және діни бірлестіктердің қызметін қадағалайтын мемлекеттік қызметтер кеңейтіледі.

"Сонымен бірге мемлекет бұрынғысынша канондық және діни мәселелерге араласпайтын болады", –  деді ведомство басшысы.

Дінді ұстануға да тыйым салынбайды. "Өйткені зайырлылық деген атеизм емес" –  деп нықтады Нұрлан Ермекбаев.

Бұдан өзге ақпараттық-түсіндіру жұмысының жүйесі жетілдірілді. Теологиялық және ақпараттық топтардың құрамы қайта жасақталды және теологтар, үкіметтік емес ұйым сарапшылары, белсенділер, БАҚ және діни бірлестіктер есебінен кеңейтілді.

Олар жыл басынан бері 1,8 млн адамды қамтыған 17 мыңнан астам шара өткізген. Жастармен жұмысқа баса назар аударылды. Аталған кезеңде 700 мың жас өздеріне арнап ұйымдастырылған 6 000-нан астам шараға қатысқан.

Сондай-ақ қауіп топтарымен жүргізетін жұмыстың жобалық тәсілдері қалыптастырылды. Министрліктің осы бағыттағы негізгі серіктесі – "Ақниет" оңалту орталығы болып отыр. Ол бостандығынан айыру орындарында қызмет көрсетеді. Орталық қызметкерлері діни экстремизм үшін сотталғандармен және олардың отбасыларының мүшелерімен жұмыс жүргізеді.

Деструктивті секталардан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін консультация орталықтары құрылған. Министрліктің осы жобадағы серіктестері 24 қоғамдық ұйым болды. Күрделі аймақтарда тек консультация орталықтары ғана емес, толыққанды психологиялық оңалту қызметтері жұмыс істейді.

"Қауырт желі-114" -ге 2016 жылы азаматтардан 500-ден астам хабарлама келіп түскен екен. Аталған жоба азаматтарға кеңес беруге және құқық бұзушылық туралы сигналдарға шұғыл әрекет етуге мүмкіндік береді. Жалпы көпжақты серіктестік негізінде дін саласындағы жағдайды бақылау қамтамасыз етілуде. Соның нәтижесінде деструктивті діни идеялардың ықпалы біртіндеп төмендеп жатыр.

Үкімет сондай-ақ Қазақстанның жұмыс істеп тұрған діни бірлестіктерімен жұмысты жандандырды.

Нұрлан Ермекбаев қазіргі кезде министрлік заңды жұмыс істеп тұрған барлық діни бірлестіктермен (3,6 мыңнан астам діни бірлестік) ынтымақтастықты ретке келтіргенін атап өтті. Онымен қоса көптеген мәселелер онлайн режимде шешіліп жатыр.

Осындай ынтымақтастық аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен (ҚМДБ) меморандумға қол қойылған. Оның негізінде ҚМДБ өз жұмысының форматтарын өзгерту бойынша елеулі шараларды қабылдады. Имам корпусының жұмысы жаппай-насихат жұмысынан мақсатты аудиториямен жүргізілетін нақты жұмысқа қайта бағытталды. Кең форматты түсіндіру жұмысы ендігі тек діндар адамдар арасында әрі негізінен діни мекемелерде жүргізіледі.

Сондай-ақ ҚМДБ басшылығымен бірлесіп, білікті және даярланған имамдардың пулы қалыптастырылды. Олардың қызметі деструктивті ағымдардың өкілдерімен нақты жұмыс жүргізуге, оларды қайта сендіріп, дәстүрлі ислам аясына қайтаруға бағдарланған. Қазақстандық теология мектебін дамыту мәселесі пысықталуда.

Бұдан өзге ҚМДБ мешіт имамдарының біліктілік деңгейін арттыру шараларын қабылдап жатыр. Бұл үшін экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институты құрылған. 2016 жылғы қазан айынан бастап бұл институтта 40 имам мен теолог мамандар қайта даярлау курсынан өткен.

Сонымен қатар Қазақстанның православие шіркеуімен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, католик шіркеуі мен өзге конфессияларға көмек көрсетілуде. Министрлік жанында дін мәселелері жөніндегі сарапшылар кеңесі мен діни көшбасшылар басшыларының жиналысы жұмыс істейді. Жыл сайын дінтанушылардың форумы өтіп тұрады. Ел үкіметі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің жаңа құрамы қалыптастырылды. Оған дәстүрлі конфессиялардың көшбасшылары, ғалымдар, ЖОО ректорлары, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері кіреді.

Министр мектеп бағдарламасына 2018 жылдан кешіктірілмей қоғам және дін курсы енетінін  айтты. Бұл бағытта білім және ғылым министрлігімен бірлескен жұмыстар жүргізілуде екен.

Дін істер министрлігі шенеуніктерге жұмыс уақытында діни ғибадат орындарына – мешіт пен шіркеуге және басқаларына баруға тыйым салынатынын мәлімдеді. Бос уақытында қайда барам десе де, шектеу жоқ екен. Бірақ мемлекеттік қызметкерлер жұмыс уақытында тек жұмыста отыратын болады. Осылайша олардың жұма күні мешітке баруға сұрануына жол берілмейді.

Министр Нұрлан Ермекбаев елімізде дін саласындағы заңнамаға алда өзгерістер енгізілетінін мәлім етті. Осы мақсатта "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленген.

Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы Мырзаев Балғабектің айтуынша, заң жобасына енгізілетін жаңашылдықтар қатарында шетелде діни білім алу, қоғамдық орындарда адамның-бет бейнесін тұмшалайтын киім түрлерін киюді шектеу, дін қызметіне мемлекеттік қызметкерлердің қатысуы, дін жоралғылары бойынша некені қиғызуға қатысты жаңа нормалар қабылданатын болады.

Бұдан бөлек заң жобасы аясында БАҚ-та жарнамаланатын және таратылатын деструктивтік идеологиялық ағымдардың киім түрлерін киюге шектеу қою көзделген. Бұл өз кезегінде кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдердің заңсыз діни ағымдарға тартуға қатысты жауапкершілікті күшейтеді.

Қазақстанда қазір 18 діни-конфессия жұмыс істейді. Олар 3 658 діни бірлестікке біріккен.

Министрліктің ресми мәліметінше, қазақстандықтардың 15%-ы – діндар адамдар, яғни діни рәсімдерді тұрақты орындайтындар. Олардың ішінде түрлі конфессиялар бар. Азаматтардың 75%-ы құдайға сенеді, бірақ тұрақты түрде діни амалдарды орындамайды және діни бірлестік қызметіне тартылмаған. Азаматтардың шамамен 10%-ы өздерін атеист немесе агностик деп санайды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу