Шығыс Қазақстанда «Бұқтырма балықшы – 2025» фестивалі өтті

7005
Шығыс Қазақстанда «Бұқтырма балықшы – 2025» фестивалі өтті

Фестивальге 2.5 мыңға жуық көрермен қатысты. 

Шығыс Қазақстанда «Бұқтырма балықшы – 2025» фестивалі өттіСамар ауданында өткен «Бұқтырма балықшы – 2025» фестиваліне 450-ден  астам балықшы бақ сынасты. Еліміздің түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген қатысушылардың ішіндегі ең жасы – 8-де болса, үлкені – 76 жаста.

Шығыс Қазақстанда «Бұқтырма балықшы – 2025» фестивалі өттіМұндайда кіл мықтыны анықтау да қиынға түсері хақ. Десе де, жарстың аты жарыс. Асай-мүсейлерін арқалаған қалың нөпір Ертіске қарай ентелей жөнелді. 

Шығыс Қазақстанда «Бұқтырма балықшы – 2025» фестивалі өттіАталған фестиваль республикалық деңгейде Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен тұңғыш рет өтіп жатыр.

Шығыс Қазақстанда «Бұқтырма балықшы – 2025» фестивалі өттіБұған дейін аудандық деңгейде өткен. Шараға орай Бұқтырма көпірінің Самар ауданы жағындағы жағалауында қаз қатар киіз үйлер тігіліп, сахна құрылды.

Шығыс Қазақстанда «Бұқтырма балықшы – 2025» фестивалі өттіРеспубликамызға танымал өнер жұлдыздары ән айтып, шараның көрігін қыздырды. Сонымен қатар, алаңда білекті жігіттер қой көтеріп, мергендер садақ атып жарысты. 

Шығыс Қазақстанда «Бұқтырма балықшы – 2025» фестивалі өтті

– Арнайы осы фестиваль үшін Алматы қаласынан келіп тұрмын. Немерелерімді қоса ертіп келдім. Бұған дейін Шығыс Қазақстанның жазғы табиғатын ғана көргенмін. Енді міне, қысын да көріп жатырмын. Өте керемет. Концертімізді тамашалап, ит жеккен шанаға отырып, балық аулағандарды тамашалап жатырмыз. Ерекше әсер қалдырды, – дейді фестиваль қонағы Гүлжан Ақылбекқызы. 

Шығыс Қазақстанда «Бұқтырма балықшы – 2025» фестивалі өттіИт шана демекші, мұз айдынында ит жеккен шаналармен сырғанап, әуе шарларымен ұшуға да мүмкіндік жасалған. Сонымен бірге, атқа міну, қаршанамен жүру сынды жұмыстар ұйымдастырылды. 
Ендігі назарымызды балықшыларға бұрайық.

Ертістің бетінде екі үлкен алаң дайындалған. Бірі балаларға арналса, екіншісі ересектерге арналған. Арақашықтықтарын бес метрден өлшеген балықшылар қалыңдығы 70 сантиметрлік мұз қабатын бұрғылай бастады. Араларында әйелдер қауымы да бар. 

Шығыс Қазақстанда «Бұқтырма балықшы – 2025» фестивалі өтті

– Жасым 72-де. Өскемен қаласынан арнайы осы жарысқа қатысу үшін келдім. Балық аулаумен зейнетке шыққаннан бастап айналысып келемін. Қазір сүйікті ісіме айналды. Адам қартайған шағында айналысатын жұмысы болмаса қиын.  Таза ауада, күннің суығымен шынығып келеміз. Жарыс өте тартысты өтіп жатыр. Балыққа келер болсақ, олар өте қу болады. Кейде қармақтағы жемді жеп кеткенін де сезбей қаласың, – дейді Вера Дмитриевна.

Балықшылардың балық аулауына екі сағат уақыт берілді. Арнайы комиссия құрылып, төрешілер төрелік жасады. Жарыстың басталғанына 1 сағат өтті. Бірақ ілгекті балық қауып, қармағын көтеріп жатқандар кемде-кем.

Шығыс Қазақстанда «Бұқтырма балықшы – 2025» фестивалі өттіСоған қарағанда балықшы болу да бағыңа байланысты ма деп қаласың. Су еркесіне құрық салып отырғандардың сөзінше, бұған асқан төзімділік керек екен.

Шығыс Қазақстанда «Бұқтырма балықшы – 2025» фестивалі өттіКейде тіпті құр қайтуың да ғажап емес. Себебі, жортқан аңды атқандай нысанаңды өзің таңдамайсың, қармағыңды қабу-қаппау балықтың еркінде. 
Шәй қайнатым уақыт өткенде жарыс өз мәресіне жетті. Төрешілер ауланған балықтарды нөмерлеп, салмақтарын өлшеуге жіберіп жатыр. 

Шығыс Қазақстанда «Бұқтырма балықшы – 2025» фестивалі өттіАйта кетейік, осы жарыстың жүлде қоры да ерекше. Гран-при – екі адамға арналған Мальдив аралдарында балық аулау туры, 1-2-3 орын – екі адамға арналған Алакөлде балық аулау туры. Сонымен бірге, балаларға 1-2-3 орын жеңімпаздарына Sportmaster немесе Лимпопо дүкеніне сертификаттар табысталады екен. 

– Осындай кең көлемде өткен жарыс Қазақстанда бірінші рет өткізіліп тұр деп айтуға болады. Себебі, фестивальге 450-ден астам адам қатысты. Оның 20-сы бала, 15-і әйел. Ауланған балықтардың ішіндегі ең үлкен, әрі салмақтысы 680 граммдық Бұқтырма леш балығы болды. Енді тек қысқы фестиваль ғана емес, жазда да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Жарыс өте әділ өтті. Барлықтарыңызға алғысымыз шексіз, – дейді ШҚО спорттық балық аулау федерациясының президенті Александр Гуляев.

Жарыс соңында жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды. 

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу