25 жылда Қазақстаннан офшорларға 140-160 млрд доллар шығарылған

1537

Қазақстанның құқық қорғау органдары қаражатты шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған көрінеді. 

25 жылда Қазақстаннан офшорларға 140-160 млрд доллар шығарылған

Таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқа заңсыз кеткен және ел аумағында заңсыз иеленген активтерді қайтаруға пәрмен берген болатын. Маусым айында арнайы комиссия құрылған. Ол комиссия – Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия деп аталады. Бұл комиссияның жұмыс органы – Бас прокуратура.

Әрине, шет елдерге қыруар актив бір күнде кеткен жоқ, заңсыздыққа жол берілуінің салдарынан жылдар бойы жөнелтіліп келген. Активтер көп қаржыны құрайды, бірсыпырасы осы күнге дейін мүлікке, жер телімдеріне айналып кеткен. Сыртқа кеткен активтер жайлы, оның қайтарылуының жай-жапсары туралы ел біліп отыруы керек-ақ.

Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысы жайлы мәліметтерді келтірді, қайтарылған активтердің қайда бағытталып жатқанын айтты.

Бас прокурордың айтуынша, қайтарылған әр қаржының өз орны бар. Активтер бей-берекет жаратылмайды, яғни бір қолдан екінші қолға өтпейді. Осылайша, қайтарылған активтер бұрын мемлекет меншігінде болса, онда өз орнына барады, ал ұлттық компаниялардың меншігінде болса, сол жаққа бағытталады.

Тамыз айында Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа азаматтарға қатысты тергеу қорытындысымен 500 млн доллар қайтарылғаны хабарланған еді. Сол тұста шетелге асып кеткен 900 млн доллардан аса қылмыстық активтер жуық арада қайтарылатыны да айтылған болатын. Бас прокуратураның бүгінгі мәліметіне қарағанда, сол жұмыс жалғасып жатыр.

"Жұмыс ел ішінде де, шетелде де жүргізіліп жатыр. Мысалы, комиссия жұмыс істеген бес ай ішінде мемлекетке залал өтелді және жалпы сомасы 630 миллиард теңгеден аса активтер қайтарылды, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 400 млн доллардан аса қаражат қайтарылды. Атап айтқанда, Лихтенштейннен 170 млн доллардан аса, Гонконг пен Біріккен Араб Әмірліктерінен 3 миллионға жуық доллар, ал алыс шет елдерден құны шамамен 230 млн доллар болатын зергерлік бұйымдар қайтарылды",– деді Берік Асылов.

Бас прокурордың айтуына қарағанда, шетелге кеткен қылмыстық активтерді қайтару ісі оңай шаруа емес. Қылмыстық актив екенінің дәлелін ұсыну керек болады. Ұрланғаны, шет елге шығарылғаны, белгілі бір нысанды сатып алуға төленгені, тағы басқа ұңғыл-шұңғылы дәлелденбесе, активті қайтарудан бас тартылуы да мүмкін.

Экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамына 11 құзырлы мекеме енгізілген. Атап айтқанда, құқық қорғау, арнаулы және бірқатар орталық атқарушы орган, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің және "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамының бірінші басшылары осы комиссияның мүшелері. Олардың басты қызметі – елімізден заңсыз шығарылған қаржыны  кері қайтару.

Мемлекет басшысының Үкіметке тапсырма бергеніне жарты жылдан асты, комиссияның құрылғанына 4 айдай уақыт өтті. Ел ішінде бұл жұмыстың жемісін қашан көреміз деп жүргендер аз емес. Бірақ заңсыз жасалған шарттарды анықтау, оларды сот тәртібімен бұзу, активтерді қайтару ұзақ уақытты қажет ететінін көрінеді.

Қайтарылмаған активтер әлі көп. Сондықтан бұл жұмыс алдағы уақытта жалғаса береді.

Соңғы уақыттағы қоғамдық зерттеу ұйымдарының қорытындыларына негізделіп таратылған мәліметтерге қарағанда,  кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140-160 млрд доллар шығарылған. Ал Ұлттық экономика министрлігінің есебінше, 30 жылда елімізден 100 млрд доллар шетел асып кеткен. Ұлттық банктің деректерінде соңғы он шақты жылда 53,4 млрд доллар қаржының сыртқа кеткені келтірілген. Бұл ақша бүкіл Қазақстанның бір жылдық ішкі жалпы өнімімен тең және еліміздің сыртқы қарызымен шамалас екен. Бұл – 30 жыл бойы мұнайдан түскен табыстан 2-3 есе көп қаржы.

Қазақстанның құқық қорғау органдары қаражатты шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған көрінеді. Комиссияның дерегінше, қылмыстық істерді тергеп-тексеру аясында мемлекетке әп дегеннен шамамен 518 млрд теңге, оның ішінде шетелдік юрисдикциялардан 173 млн доллар өндірілген. Прокурордың актілері бойынша мемлекет кірісіне құны 5 миллиардтан астам теңгенің 75 мың гектар жер аумағы, сондай-ақ 600-ден астам теміржол және оларға қатысты жер учаскелері қайтарылған.

Шет ел асып кеткен активтерді қайтарумен өзге мемлекеттер де айналысады. Мысалы, соңғы уақытта Өзбекстан 20 млн долларын, Ресей 3,5 млн долларын қайтарған екен. Олардың жанында Қазақстанның қайтарғанының айырмасы жер мен көктей.

Бүгінде соттарда жалпы сомасы миллиард теңгеге жуық мүлікті мемлекет меншігіне қайтару бойынша 10 прокурорлық талап қаралып жатыр. Олардың ішінде Астанадағы "Шапағат" базары, Шымкенттегі қоқысты қайта өңдеу кәсіпорны, Шымкенттегі "Қазақ инновациялық университеті" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі құны 4,5 млрд теңге болатын 150 гектар жер учаскесі, "Сарыағаш" санаторий-курорттық кешеніндегі 1,44 гектар жер, Ақмола облысындағы 17 мың гектар жер учаскесі, Алматыдағы құны 2,9 млрд теңге болатын 3,84 гектар жер учаскесі, бағалау құны 1,5 млрд теңге болатын "Барыс-4" базары атанған "Найза-БН" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық капиталының 65 пайызы бар.

Қысқасы, заңсыз иеленген активтер экономиканы көтеріп жібермесе де өз орнымен пайдаға асырылуда. Әйтеуір қайтқан малда қайыр бар деген болып жатыр. Ал ең бастысы, әділдік орнауы.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу