Алимент төлемей жүргендерді жұмысқа орналастыру қолға алынбақ

1914

Кәмелет жасына  толмаған балалардың құқықтары жан-жақты қорғалатын болса, соның механизмдерінің бірі – алимент өндіру. 

Алимент төлемей жүргендерді жұмысқа орналастыру қолға алынбақ

Алимент ер азаматтан оның бұрынғы жұбайына жас баланы бағып-қағуы мақсатына өндіріп берілетін қаражат. Алимент төлейтін борышкер адамның жұмысы мен табысы болса жөн, ал жұмыссыз жүрген ерден ақша өндіру деген бір ақырет екені тағы бар. Алимент төлеуден жалтарып жүргендер елімізде мыңдап саналады. Сол сияқты, бұрынғы ерінен бала-шағасы үшін алимент өндіруден бас тартқан әйелдер де бар. Алимент берешек ерлер еліміздің барлық облысында жетерлік, олардың саны ондаған мыңға барып қалуы мүмкін.

Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында алты мыңнан астам ер азамат алимент берешек екен. Жұмысы болып, еңбекақысынан алимент өндіріліп жүргені соның жартысына жетеғабыл. Қалғандары алимент төлеуге шамасы келмей жүр. Оларда не жұмыс, не табыс жоқ болар, меншігінде мүлік те жоқ болса керек. Егер мүлкі болса оны сот шешімімен алименттің пайдасына саттырып жіберетіні болады. Сол алты мыңнан астам алимент төлеушінің ішінде 190-ы сот орындаушыларға таптырмай немесе ұстатпай қашып жүрген көрінеді.

Алимент төлегісі келіп, бірақ жалақы табудың ретін таппай ішқұса болып жүргендер бар. Соның 111-і табысқа ілгуден үміттеніп жұмыспен қамту орталығына тіркелген екен. Осылай болғаннан кейін жақында облыс орталығында алимент төлей алмай жүргендерді жұмысқа орналастыру мақсатындағы бос орындардың арнайы еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Басын тауға да, тасқа да ұрып бос жүрген ерлерге тамаша мүмкіндік емес пе?

Жәрмеңкені облыс орталығының жұмыспен қамту орталығы, прокуратура және жеке сот орындаушылары бірлесіп ұйымдастырды. Мұндағы басты мақсат – алиментін төлей алмай жүрген борышкерлерді жұмысқа орналастыру. Борышкерлер үшін 5 кәсіпорын құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру және қызмет көрсету салалары бойынша бос жұмыс орындарын  ұсынды.

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасындағылардың айтуына қарағанда, олар жұмыс таба алмай жүргендерге алдымен жұмыспен қамту орталығына тіркелуді ұсынады. Ал еңбек жәрмеңкесінің өтетін орны мен уақытын айтып, борышкерлерге алдын-ала хабарлама беріледі екен. Ол жерде әр түрлі жұмыс ұсынылатыны белгілі. Егер борышкер ешбір ұсынысты қабылдамаса, онда сот орындаушылар оларға шара қолдануы мүмкін. Егер де борышкер ұсынылған жұмыстардың бәрінен бас тартса оның үстінен қылмыстық іс қозғау немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жіберіледі екен. Сот орындаушылар мұның соңы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 139-бабы бойынша бас бостандығынан айыру немесе бостандығын шектеу, айыппұл төлеу жазасына алып баратынын айтады. Облыс бойынша жеке сот орындаушылардың өңірлік палатасындағылар құқық қорғау органдарына жазаға тарту ұсынысымен 190-ға жуық борышкердің материалын жіберген. Оның 12-сі қысқарыпты. Себебі 12 жағдайда борышкер мен алиментті алушы жақтар өзара келісімге келген. Бұлардан бөлек, бір адамға айыппұл салынған, екі адамның бас бостандығы шектелген, 9 адамның ісі сотта қаралып жатыр.

Кәмелетке толмаған балалардың құқығы мен мүдделерін қорғауды, яғни алимент өндіріп алуды бақылауда ұстайтын орган – прокуратура. Прокуратураның араласуымен биыл Солтүстік Қазақстан облысында 71 борышкер жұмысқа орналасқан, 36 млн теңге алимент өндірілген. Алимент төлеуден қашып жүрген 48 адам әкімшілік, екеуі қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Белгіленген ай сайынғы алимент мөлшері барша борышкерге тиесілі. Бір балаға белгіленген алимент әкесінің жалақысының немесе өзге де табыстарының төрттен бір бөлігі. Екі бала үшін ер адамның табысының үштен бір бөлігі, үш немесе одан көп баласы үшін табысының тең жартысы алынып отырады. Мысалы жалақысы 100 мың теңге болса, соның 25 мың теңгесі бухгалтерияда автоматты түрде алиментке есептеліп, оның бұрынғы жұбайына аударылады. 100 мың теңге жалақыдан екі балаға 33 300 теңге, үш және одан көп балаға 50 мың  теңге алынады. Ең төменгі жалақы 60 мың теңге болып белгіленген. Осы сомадан өндірілетін алимент бір бала үшін 15 мың теңге.

"Алиментші" деген жақсы ат емес. Дегенмен де олардың төлем қабылетін арттыру үшін өзге өңірлер Солтүстік Қазақстан облысынан үлгі алса болатын сияқты.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу