Украина шабуылға шығуға шақ тұр деген сөз тарап жатыр. Ал мұндай хабарлар өзге оқиғаларды көмкеріп, тіпті көмескілендіріп те жіберсе керек. Мысалы, бүгінде Ауғанстан тақырыбы өзекті болмай қалған сияқты. Ол жақта ахуал әлі жақсарған жоқ. Тәліптердің билікке келгеніне оншақты ай өтсе де, өзгеріп жатқан ештеңе көрінбейді. Халық жетіспеушілік пен жұмыссыздықтың қыспағынан шыға алмай келеді. Тәліптер әлеммен тіл табысқысы келгенімен, олардың билігі мен режимін мойындап жатқан ел жоқ. Себебі Ауғанстан әлі күнге радикалдық ұйымдардың еркін жүріп-тұратын жері күйінде қалған.
Дегенмен, Ауғанстанмен шекаралас елдер алаңдамай отыра алмайды. Әсіресе Тәжікстанның қатты алаңдайтын жөні бар. Өйткені Тәжікстан тәліптердің режиміне ашық түрде қарсы шығып, олармен араласудан ат тонын ала қашқан мемлекет. Тәліптер мұны жақсы біледі. Ауғанстанда тәжік көп. Ал Тәжікстан билігі Ауғанстанның билігінің бір ұстыны тәжіктерден құралар деп күткен. Бірақ олай болмағасын ресми Душанбе тәліптерден теріс айналды. Тәліптер Тәжікстанмен арадағы шекарасын қатаң түрде бақылауға алған. Осы жақында тәліптер шекара маңына жаңа бақылау бекетін сала бастапты.
Негізі, Тәжікстанмен арадағы шекараның бақылауын тәліптер о бастан-ақ өздерінің құрамындағы тәжік содырларға тапсырған көрінеді. Ауғанстанның тәжіктерінен құралған "Аңсарулла жамағаты" деген топ шекараға жаңа бақылау бекетін салып жатыр. Мұны Душанбе "Тәліптердің Тәжікстанға сес көрсетуі" деп қабылдапты. Содырлар салынып жатқан жаңа бекеттің үстіне шығып, дауыс күшейткішпен Тәжікстанның тарапына арнап балағат сөздерді жаудырады екен. Дауыстар бергі беттегі елдімекендерге анық естіледі. Оған қоса жаңа бекеттің төбесіне алыстан көрінетіндей етіп өте үлкен тақтаға "М. Арсалон" деп жазып қойыпты. Мұны Душанбе арандату деп отыр.
М.Арсалон дегені – Тәжікстанның шығысындағы Нұрабад ауданында туған 27 жастағы Мұхаммед Шарифовтың "Махди Арсалон" деген лақап атын білдіреді екен. Тәліптер Дарваз ауданындағы шекараны күзетуді соған тапсырған. Ал Мұхаммед Шарифовке Тәжікстан билігі терроризм айыбын таққан, сегіз жылдан бері ол іздеуде жүр.
Арсалонмен бірге екі жүзден астам тәжік "Талибан" қозғалысы құрамына кіріп, "Ансарулла жамағаты" деген топ құрған көрінеді. Бұл топты "тәжік тәліптер" деп те атайды екен. Тәжікстанда іздеу салынған содырлар екі елді бөліп тұрған Пяндж өзенінің бойында емін-еркін жүргенін Тәжікстан билігінің адамдары айтады. Содырлар көлікпен жаңа бақылау бекетіне күнде барып, дауыс күшейткіш құралымен тәжік билігін балағаттайды. Тәжікстан билігі өкілдерінің сөзінше, Арсалон алдымен Ауғанстанның Дарваз ауданындағы шекараға жауапты болып, кейін содырларымен бірге Таулы Бадахшан облысының Хвахан ауданына ауысқан. Хвахан ауданы тәжік-ауған шекарасындағы ең проблемалы аудан болып саналады екен. Ал өз кезегінде Ауғанстан билігі Тәжікстанға қауіп төндіруге жол берілмейтінін айтқан. Әрине, тәліптердің билігі шекарадағы жағдайды білмей отырған жоқ. Осылай берекесін алып, Тәжікстан билігін алдына келтіргісі келетін сияқты.
Забиулла Мужахид, "Талибан" қозғалысының ресми өкілі:
"Егер Тәжікстанда қандай да бір мәселе немесе қиындық туындаса, олар бізбен ресми келіссөз жасаса, Алла бұйырса, жауап береміз және қауіпті сейілтеміз. Екіншіден, Арсаланның есімі жазылып тұрған шекара бекетінде билігін асыра пайдаланып отырған немесе қиындық туғызып отырған біреу бар. Бұл тұрғыдан алғанда, екі ел арасында сенім болуы үшін Тәжікстан билігінің біздің билікпен ресми диалогқа келгенін қалаймыз", – дейді.
Ауғанстанның Тәжікстанда түрлі мүдделері болса керек. Мысалы, тәліптерге қарсы шыққан, олармен соғысқан ауғанстандықтардың бірсыпырасы осы күні Тәжікстанда жүр. Олардың арасында Ауғанстан ұлттық қарсылық майданын басқарған Ахмад Масуд та бар. Ауғанстанның бірнеше әскери ұшағы Тәжікстанға ұшып барып қонған екен.Ұшқыштар кері қайтпай, барған жерінде қалып қойған.Ал Тәжікстан билігі ұшақтарды Ауғанстанға қайтарудан бас тартқан деседі. Тәліптер бұған қатты ашуланған көрінеді. Тәліптерге салса Тәжікстанға өтіп кеткен өздерінің қарсыластарын кері қайтарып, жазаласақ дейтін болса керек.
Ал Ауғанстанның ішкі жағдайына келсек, өз қазанында өзі қайнап жатқан аймақ деуге келеді. Бұрынғы биліктің кезіндегі активтің бәрі бұғатталған, кәсіпорындардың істеп жатқаны да байқалмайды. Бұрынғы биліктің тұсында бюджеттің 80 пайызға дейінгі қажеттілігі шет елдерден қаржыландырылған екен. Ауғанстан банкінің 7 миллиард доллар активін АҚШ бұғаттап тастаған. Гуманитарлық ұйымдардың Ауғанстанға деген 2,5 миллиард доллары Американың банктерінде, ол да бұғаттаулы. Жиынтығында 9,5 миллиард доллардың жартысын тәліптердің билігіне емес, Ауғанстанның халқына теңдей бөліп беру, ал жартысын 2001 жылдың 11 қыркүйегінде Нью-Йоркте болған терактіде қаза болғандардың отбасыларына таратып беру бастамасы бар. Бірақ ол әзірге жүзеге асырылған жоқ.
Ал уақытында Ауғанстаннан қашып кете алмай, орнында қалған халықты күнкөріс пен тыныштықтың уайымы құрсап алған. Тәліптер зайырлы мемлекет құрамыз деп уәде бергенімен, оның белгісі байқалмайды. Керісінше, әйелдер өздерінің құқығын талап етіп көшеге шығып жатыр. Оларды күштеп тарқатып жібереді. Ал әйелдерге теңдік, білім, жұмыс, табыс керек. Жаңа билік әйелдердің әлеуетін өнеркәсіп мен басқару саласында пайдаланғысы келеді-ақ. Бірақ оны ұйымдастырулары қиынға айналған. Себебі шариғат бойынша әйелдердің жүріп-тұруына және қоғамның ісіне араласуына қойылатын шектеулер аз емес. Жалпы алғанда, Ауғанстанда азық-түлікке қол жеткізу, денсаулық сақтау, білім алу, жұмыс істеу мен табыс табу мәселелері қиындап кеткен. Елде спорт атымен жоқ, әйелдерге спортпен айналысуға мүлде тыйым салынған. Музыка жазылған дискілер мен пластинкалар жойылған, дүке
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін