Банкрот адам мойнындағы қарызынан босатылады

6144

Бүгінде банктерден несие алған адамдардың есебіне жетемін дегенше шаш ағарады. Өйткені банкке берешегі жоқ адамды шырақ жағып іздесеңіз де төңірегіңізден табуыңыз қиын. Тіпті банктегі қарызынан қашып, өзі жайлы жалған ақпарат беріп бой тасалап жүргендер қаншама. 

Банкрот адам мойнындағы қарызынан босатылады

Үнемі әр банктен несие рәсімдеп, өмір бойына қарызға басы байланған адам да көп. Солардың банктегі несиесін кешіретін заң жобасы үкіметте жасалып жатыр.

Кәсіпорынның банкрот деп танылып, берешегі кешірілетінін естуші едік. Енді адамға да соның кері келді. Банктегі несиесін кешіру үшін адамды банкрот деп тану деген жаңа үрдіс пайда болды. 5 қаңтарда елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай бойынша мәжіліс болған еді. Сол жиында Мемлекет басшысы үкіметке жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын дайындауды тапсырған болатын. Заң жобасы осы күні дайын болуға жақын қалғанын Қаржы министрінің бірінші орынбасары Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Тұрақты табысы және қарызды жабуға мүмкіндігі болмаған адамға өзін банкротпын деп жариялауды мемлекеттің өзі ұсынып отыр. Оның екі түрі болады. Біріншісі, сотсыз банкроттық, екінші, сот арқылы банкроттық жариялау.

Қарызды төлеу мерзімі бес жылдан асқандар, 306 мың 300 теңгеден аспайтын қарызын бір жыл төлемей жүргендер және 4 млн 900 мың 800 теңгеден аспайтын қарызын алты ай төлемегендер сотсыз банкроттыққа жүгіне алады. Ол үшін электронды үкімет порталы арқылы сотсыз банкроттықты жариялау туралы өтініш жолдау керек. Өтінішті "Е-салық азамат" мобильді қосымшасы арқылы да жіберуге болады.

Ал қарыз көлемі 5 миллионнан асатын адамдар банкроттықты сот арқылы жариялайды. Мүлкі болса сатылып, несиені жабуға жіберіледі. Қалған қарызы кешіріледі.  Жалғыз баспанасын кепілдікке қоймаған болса, банк оны алып қоя алмайды. Жалғыз баспанасынан басқа мүлкі мен ақшасы болмаса, қарызы кешіріледі. Жеке тұлғаны банкрот деп жариялау процесі алты айға дейінгі мерзімге созылуы мүмкін. Мүлкі жоқ адамдар үшін бұл тезірек болады. Себебі  уәкілетті органдардан мүлікті растайтын құжаттар әзірленуі қажет.

Бірақ заң жобасында банкроттығы сот арқылы жарияланған адамға бес жыл бойы несие мен займ алуға тыйым салынып отыр. Бұдан бөлек, үш жылға елден тыс жерге шығуға рұқсат болмайды. Шетелге тек емделуге, жақын туысын алып баруға және жақын туысын жерлеуге шығуға мүмкіндік беріледі. Жұмыс істеу үшін де рұқсат берілуі мүмкін.

Ал банкроттықтан кейінгі шектеулермен жүргісі келмейтін адамдар қарыздан бірте-бірте құтылу тетігін таңдай алады. Мұны банктің тілінде "төлем қабілеттілігін қалпына келтіру" деп атайды екен. Ондайда борышкер сотқа жүгініп, қарызды бес жылға бөліп төлеуді сұрайды. Бірақ тұрақты табысы болуы шарт. Ал берешегі 5 миллион теңгеден асатын болуы керек.

Жеке тұлғалар банкроттықты  7 жылдан кейін ғана қайтадан қолдана алады.

Шамамен әр алты адамның бесеуінің банктерде несиесі бар. Қазақстан бойынша банкте несиесі жоқтардың саны үш миллион екен.

Халықтың ипотекалық қарыздары 3 триллион теңгеден асады. Автонесиелеудің жиынтығы  триллион теңгеден жоғары екен. Бұдан бөлек тұтынушылық несие де бар, оның сомасы да триллиондардан кем емес.

Банктегі қарызын өтей алмай шыр айналып жүргендер үшін бұл заң пайдалы болайын деп тұр. Несиесі жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңда көрсетілген сомаларға сәйкес болса, оны төлей алмай қиналып жүрсе, ондай адам мен банкротпын деп өтініш жолдауына болады. Банкроттық тек өтініштің негізінде қаралып, шешім шығарылады. Заң банктерге берешегі бар барша азаматтарға жаппай сырттарынан қолданылмайды.

Заң әзірге жоба нұсқасында дайындалып жатыр. Әлі Парламенттен және Президенттен өтуі керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу