Бірде-бір салада түбегейлі реформа жасалған жоқ

6348

Стандарттарды өзгертпей түбегейлі реформа жасай алмаймыз.

Бірде-бір салада түбегейлі реформа жасалған жоқ

Қазақстанда саяси дағдарыс орын алып отыр. Биліктің үш тармағының (заң шығарушы билік, атқарушы билік, сот билігі) арасында үйлеспеушілік бар. Бақылау, тепе-теңдік жоқ. Қазір төртінші элемент – президент институты мықты боп тұр.

Президент институты биліктің қай тармағына сүйенсе, сол тармақ өзгелерден биік тұратын болады. Әзірше біз айтқан төртінші элемент атқарушы билікке сүйеніп отыр. Сол себепті қазір атқарушы билік қалған екі биліктен әлдеқайда басым.

Кішкентай балаларды велосипед тебуге үйреткенде артқы дөңгелекке қосымша екі кішкентай дөңгелек орнатады ғой. Елдегі қазіргі жағдайды соған ұқсатамын. Сот билігі мен заң шығарушы билік атқарушы билікті қос бүйірден демейтін қосымша дөңгелектердің орнын басып отыр.

Модернизация теориясын көп зерттедім. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 57 мемлекет ресми түрде модернизациядан өтетінін жариялаған екен. Жапония, Тайвань, Оңтүстік Корея, Қытай, Малайзия, Сингапур секілді тоғыз мемлекет қана модернизациядан өте алды.

Тоғыз мемлекет те модернизацияның негізгі тұтқасы ретінде барлық салада дамыған елдердің стандарттарын қабылдаған. Қазақстан Тәуелсіздік алған уақыттан бері ешбір салада түбегейлі реформа, модернизация болған жоқ. Мәселен, құрылыс нормалары мен ережелері (СНиП), санитарлық ережелер мен нормалар (СанПиН) өткен ғасырдың 60-70 жылдары жасалған стандартпен келе жатыр. Барлық салада ескі стандарттар қолданылуда. Біз стандартты өзгертпей түбегейлі реформа жасай алмаймыз.

Бір ғана мысал келтірейін. Оңтүстік Корея соңғы бес жылдың ішінде медициналық туризммен дамыған елдердің бестігіне енді. Қалай дейсіз ғой. Олар дәрігерлерді лицензия алу үшін АҚШ-қа барып, кәсіби емтихан тапсыруды міндеттеді. Сынақтан өте алғандарға ғана лицензия беріледі. Көрдіңіз бе, Оңтүстік Корея басқа бір елдің стандартын өзінің стандарты етіп жасап алған.

Біз түбегейлі реформаларды бастауымыз керек. Ол үшін жаңадан сайланған Президентке ең алдымен қайсарлық қажет. Реформаларды бастау батылдықты талап етеді. Елбасының ең мықты реформалары, ең терең шешімдері Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында орын алды. Сол кезде оның реформаларына бәрі қарсы шыққан. Бірақ сол реформалардың бәрі өз жемісін берді. Ал соңғы 10-15 жылда ондай мықты, батыл шешімдер өте аз болды.

Қазір халық реформаға дайын. Жаңа президент реформаларды батыл бастаған жағдайда, халық оны қолдайды. Жалпы халықтың көкейіндегі ең басты сұраныс – түбегейлі өзгеріс. Олар соны талап етіп отыр.

Халық жартылай өзгеріске немесе құрақ көрпе секілді жамап-жасқалатын өзгеріске риза емес. Қанағаттанбай отыр. Сондықтан біз көп салада жаңа стандарттарға көшуіміз керек. Мысал ретінде Грузияны алайық. Саакашвилиді жақтайтындар да, даттайтындар да бар. Шыны керек, ол көп салада түбегейлі реформаларды бастап кеткен адам. Соның нәтижесінде Грузияда кері қайталанбайтын мықты бір қозғалыс басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – өте тәжірибелі саясаткер. Ол қазіргі үрдістерді жақсы түсініп отыр. Сезіп отыр. Қазақстандық қоғамның саяси сана-сезімі, саяси мәдениеті өзгеріп жатыр. 19 наурыз күні Елбасы 19.00-де орнын босатты. Қазақстан тұңғыш рет отыз жылдан кейін ресми түрде көшбасшысыз, президентсіз қалды. Міне, сол 19 наурыз күнгі 19.00 уақыты қоғамның сана-сезімін, саяси мәдениетін өзгеруге бастады. Адамдар бұрын көкейде жүрген мәселелерді ашық айта бастады. Жастар бұрын ойға келмеген дүниелерді жасауға көшті. Оны билік сезіп отыр.

Барлық реформаның, жасалған алғашқы қадамдардың негізгі алғышартының бірі – сенімді қайтару. Қазір қоғамда сенім жоқ. Адамдар бір-біріне сенбейді. Халық билікке сенбейді. Ал сенім – негізгі әлеуметтік саяси капитал.

Сенімді қайтарудың екі жолы бар. Бірінші жол – қателерді мойындау. Сенімді қайтару қателерді мойындаудан басталады. Екінші жол – ашықтық. Көп дүниені мойындап, ашық түрде талқылау керек. Мәселен, қара суды шай деп емес, қара су деп қабылдауымыз керек.

Сенім болмаған жағдайда, елдегі әлсіздікті сыртқы күштер пайдаланып кетеді. Қазақстан осының зардабын тартып отыр. Халық кімге сенетінін білмей қалды. Сенетін адам қалмады. Қазақ айтпақшы, "алыстан көрінген асқар тау, жақындағанда соқыр төбе боп шыға келді".  

Президент ұлықтау рәсімінде 10 ұсыныс айтты. Соңғысы жастар туралы болды. Өзіме түртіп алған дүниенің бірі сол болды. Біздің қазіргі кадрлық саясатымыз буындар сабақтастығын қамтамасыз етпейді. Мәселен, 60-70 жас аралығындағы буын саяси сахнадан біртіндеп кетіп жатыр.

50-60 жас аралығындағы буынның өкілдері негізгінен билікте отыр. Олардың өз жобалары, пікірлері, армандары, амбициялары, көзқарастары бар. Бірақ соның бәрін жүзеге асыратын толық мүмкіндіктері жоқ.

Қазір 30-40 жас аралығындағы буынға үміт артылуда. Бұл буынның біразы шетелге кетіп жатыр. Өкініштісі, аталған буын өкілдерінде қазірдің өзінде пессимизм басталды. Мен осы буынға жатамын. Қатарластарымызбен жиі кездесеміз ғой. Сонда өзімізді "жоғалған буын" деп атаймыз. Тәуелсіздік алғаннан кейін аталған буын өкілдерінің көзі ашылып, шетелде оқып, үлкен амбициямен елге оралды. Бірақ 10-15 жылдың ішінде елдегі қалыпты жүйеге кірікті. Сөзі өшті, көзі өшті, соңында өзі өшті.   

Десе де, 30-40 жас аралығындағы буынның потенциалы жоғары. Президент сол себепті жастарға сенім артып отыр. Осы орайда біз Президентті қолдауға тиіспіз.

Жазып алған – Фархат Әміренов

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу