Биыл қорғаныс саласына 1 млрд доллар шамасында қаржы жұмсалмақ

3625

Қазақстан өз қорғанысын нығайтуды қалға алғаны байқалады. Бүгінгі күні ұрыс қимылдарына бірден кірігіп кетуден қаймықпайтындай даярлығы бар әскери құрылымдарды әзірлеу мәселесі күн тәртібіне шықты.  

Биыл қорғаныс саласына 1 млрд доллар шамасында қаржы жұмсалмақ

Украинадағы соғыс кемі биылғы жылдың соңына дейін созылуы мүмкін. Соғыс жаз ортасына дейін барады деген бұған дейінгі болжамдар тура келмейтін сияқты. Ресей әскері шабуылды тоқтататын түрі көрінбейді. Ал Украина әскері тас-түйіндей қорғаныс шебін құрған. Күн өткен сайын геосаяси ахуал күрделіп барады.

"Жаман айтпай жақсы жоқ" демекші елге қауіп төнген жағдайда жауға әп дегеннен-ақ тойтарыс беретіндей қауқары бар әскер болуы керек. Бұл үшін от пен оққа еті үйренген, ұрыс қимылдарына әбден машықтанған, моральдық-психологиялық деңгейі биік ширақ әскери құрылымдар даярлаудың маңызы зор болмақ. Мықты қорғаныстың керектігі Украинаның жағдайынан-ақ мәлім болып отыр. Қазақстан қарап отырған жоқ, жаужүрек әскери құрылымдарды жасақтауға бет алған сияқты. ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың мәлімдеуіне қарағанда, осы күні соғыс және дағдарыс жағдайында әрекет етуге қабілетті жауынгерлік бөлімшелерді жасақтау қолға алынған. Жауынгерлік даярлықтың қарқынын едәуір арттыру заман талабына айналып отыр. Әлемдегі қарулы қақтығыстардың тәжірибесі көрсеткендей, әскерді қолданудың жаңа технологиялары мен әдіс-тәсілдерін игеруге бетбұрыс жасалған.

Қорғанысты күшейту мен соғыс жағдайында бірден қимыл-әрекет жасауға қабілетті әскери құрылымдарды даярлауды алдымен Президент: "Жаһандық жаңа қауіп-қатерлер біздің Қарулы Күштеріміздің әскери даярлығын арттырудың тиімді шешімдерін табуды талап етіп отыр. Сол себепті менің тапсырмам бойынша арнайы операцияларды жүзеге асыратын, жоғары мобильді және гибридтік соғыстарды жүргізуге қабылетті әскери құрылымдар жасақталды. Әлемдегі соңғы оқиғаларды ескере отырып, әскери іс-қимылдың стратегиясы мен тактикасын үнемі жетілдіреміз", – деп тапсырған болатын. Қорғаныс министрлігі бұл бағыттағы жұмысты бастап та жіберді.  

Әрине, қазіргі уақыт экономика мен бюджеттің, жаңа технологиялар соғысының заманы. Қазақстан биыл Қарулы Күштерді қаржыландыруда кенже қалып отырған жоқ. Үш жылдық бюджеттің жобасында әскер мен күштік құрылымдарға 859 млрд теңге бөлу қарастырылған. Соның 441 млрд теңгесі биыл пайдаға асыралы деп күтілуде. Ал бұл қаржы бір жылға 1 млрд доллар шамасында.

Соғыс және дағдарыс жағдайында әрекет етуге қабілетті құрылымдарды жасақтаумен ғана шектеліп қалу жеткіліксіз.Сондықтан әскери қызметшілердің барлық санаттарының, оның ішінде міндетті түрде барша офицерлердің, сержанттар мен сарбаздардың дайындығын арттыру көзделген. Жыл бойына жауынгерлік даярлықтың жалпы 80 мыңнан астам шараларын өткізу жоспарланған екен. Оқу-жаттығу, қарудан оқ ату, парашютпен секіру, бөлімшелердің далалық жорықтары, кемелердің теңізге шығуы және жауынгерлік көліктерді басқаруға машықтандыру шапшаңдықпен жүзеге асырылады. Арнайы операцияларды жүргізу дәрістері, "Айбар" жедел-стратегиялық арнайы оқу-жаттығуы, "Бекет" дағдарыстық жағдайларға ден қою жөніндегі кешенді оқу-жаттығуы, тағы басқа толып жатқан әскери шаралар өткізіліп жатыр. Бір жыл ішінде жеткен жетістіктері мен даярлықтарын әскерилер "Айбалта-2022" стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуында паш етеді.

Жауынгерлік даярлықты шыңдауда қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі ескерілген. Әскери іс-қимылдың жаңа тәсілдерін жетілдіру, мергендерді, ұшқышсыз ұшу аппараттары операторларын даярлау, әскери тактикалық атысты одан әрі дамыту өте маңызды.

Сөзіміздің басында Украинадағы соғыстың созылып бара жатқанын айттық. Украина билігі ел аумағындағы соғыс жағдайын тағы үш айға созуды Жарлықпен шегендеп отыр.

Оны Украина Президенті  Владимир Зеленскийдің: "Ресей Федерациясының Украинаға қарсы ұзаққа созылған кең ауқымды әскери қысымына байланысты Украина Ұлттық қауіпсіздік пен қоғаныс кеңесінің ұсынысына сәйкес Украинадағы соғыс жағдайы 2022 жылдың 25-мамырындағы сағат 5:30-дан бастап 90 тәулікке созылсын", – деген Жарлығының жобасынан көруге болады.

Осыған қарағанда соғыс әзір аяқталмайды.

Бұдан көріп отырғанымыздай, Украинадағы соғыстың ахуалы алмағайып. Ресей әскері Украина аймақтарын бірінен соң бірін басып алып жатпағанымен тиіп-қашып соғысу тәсілімен уақыт оздыруда. Мұндай тәсіл әдетте қарсы жақты әбден титықтатып, әлсіретіп барып талқандау үшін қолданылушы еді. Ал Украина әскері өзіне нық сенімді, жоғары кәсіби армиясы бар, қару-жарақ пен азық-түлік және қаражат Батыс елдері мен Америкадан ағылып келіп жатыр. Украина тіпті өз аумағынан Ресейдің әскерін толығымен шығарып тынудан дәмелі. Әрине, кім де болса өз жерінің тұтастығы мен тыныштығын көздейді.

Украинадағы "Укрзализныця" деген акционерлік қоғам қаза болған Ресей жауынгерлерінің денелерін сақтайтын 20 рефрижераторлық вагон бөлген екен. Ресей жағы өз сарбаздарының сақтаулы денелерін алып кетуге асығар емес. Вагондар үш айдан бері қаңтарылып тұр. Өте өкінішті жағдай. Акционерлік қоғам Ресейге сарбаздарыңның денесін алып кетіңдер деп үсті-үстіне үн қатуда. Себебі вагондарды босқа ұстап тұр.

Соғыстың жуық арада біте қоюы екіталай екенін АҚШ-тың барлау қызметі де айтады. Мамандар соғыс тығырыққа тіреліп тұр дейді. Ресей президенті Владимир Путиннің өзі соғыстың барынша созылуына мүдделі көрінеді.

Эврил Хейнс, АҚШ Ұлттық барлау директоры: "Алдағы 2 айдағы әскери қимылдар көп нәрсені шешуі мүмкін. Себебі Ресей күштері шабуылды үдетуі ықтимал. Бірақ олар Донбасста жеңіске жеткеннің өзінде бұл соғыс тоқтайды дегенге күмәніміз бар. Себебі Путин Донбастан тыс жерлерді де бақылауға алуды көздеп отыр", – дейді.

Қалай болғанда да соғыстың ұзаққа созылғаны жақсы емес. Қантөгіс кімге абырой әперер дейсіз. Оның үстіне бұл соғыс әлемдегі қалыптасқан экономикалық қатынастарды бұзып та жатыр. Ал Қазақстан барша қауіп-қатер атаулыға сақадай сай болуы керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу