Бәрінің де ойларын күпті еткен мәселе – ертеңгі күні Украинаның күні біздің де басымызға түссе не істейміз дегеннің төңірегі. Молдова мен Грузия сияқты Қазақстан да осындай қауіптің тәуекелі бар мемлекет. Ресейдің денацификациялау саясатының шеңберіне біздің еліміз әлдеқашан іліккен. Осы күнге дейін Ресей билігінің өзі де, саясаткерлері де Қазақстанға талай рет біресе мұндағы орыс ұлтына қысым жасалуда деп, біресе сендерде жеріміз кеткен деп ашық түрде құлаққағыс жасап келді. Екі араны шиеленістірудің, соңынан жанжалға ұластырудың Ресейдегі бүгінгі технологиясы осындай. Ал мұндай бәле-жалаға қалай қарсы тұрамыз?
Рас, көршіні таңдамайды, көршіні Құдай қосады. Ресейден іргені аулақ салайық дегенімізбен оның жолы қиын екені тағы бар. Себебі шекарамыз өте ұзақ, ал экономикамыз біте қайнасқан. Мұндайда қиыннан қиыстырып өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жолды қарастыруға тура келеді.
Сыртта үлкен қолдаушылар болуы керек-ақ. Түркия мен Қазақстан арасында бұрыннан әскери ынтымақтастық бар. Ал өткен ақпан айында Түркия мен Қазақстан арасындағы әскери ынтымақтастық жаңа қырынан тағы да бір пысықталып, бірнеше құжатқа қол қойылды. Жақында Қазақстан мен АҚШ арасында әскери ынтымақтастық мәселесі талқыланды. ҚР Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов пен АҚШ-тың Қазақстандағы сенімді өкілі Джуди Куоның хаттамалық кездесуі өтті. Екі жақ Қорғаныс министрліктері арасындағы әрекеттесу, мамандарды даярлау мәселелерін ортаға салды. Түркиямен де, АҚШ-пен де әскери ынтымақтастыққа қол жеткізу Қазақстан үшін өмірлік маңызды десек те болады.
Біздің еліміз үшін осы күнде озық үлгідегі заманауи қарулар мен техникалар, жоғары технологиялы қондырғылар және әуе қорғанысының құралдары қажет. Бүкіл әскери арсенал жаңаруы тиіс. Себебі біздегі қолда бар әскери техника мен оқ-дәрі, қару-жарақтың бірсыпырасы ескі. Ал Ресейдің қолындағы ескі қарудың қауқары қандай болатыны Украинадағы шайқастарда көрінді. Елдің тұтастығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін қорғаныс саламыз Түркия, АҚШ, Еуропа елдері, Израиль сынды мемлекеттердің озық үлгідегі қаруларымен жарақтандырылуы күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін нәрсе.
Батыстың бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан өзінің қорғаныс саласына миллиард доллар қаржы бөліп жатыр деп жазды. Бұл рас. 7-сәуір күні ҚР Қаржы министрінің орынбасары Татьяна Савельева Парламентке үш жылдық бюджеттің жобасын таныстырған еді. Өз сөзінде биылғы жылға күштік құрылымдардың әскери дайындығын жандандыру мен жабдығын жақсарту үшін 441 миллиард теңге бөлу жоспарланғанын айтты. Бұл қаржы бір миллиард доллардан кем емес. Әскердің элиталық бөлімшелері даярланады, техника мен қару-жарақ алынады, Отан қорғаушылардың жалақысы 40 пайызға жоғарылатылады деп күтілуде.
Қазіргі уақытта қарудың жаңа түрлері көбейді. Солардың ішінде дрон деген қарудың жөні бөлек. Ұшқышсыз дрондар жаудың нысандары мен техникаларын жарады, әуеден барлау жасайды. Дрондар Ауғанстандағы, Таулы Қарабақтағы және Украинадағы соғыстарда шешуші рөл атқарып жатыр. Мамандар әлемде көптеген елдің дрондары барын айтады. Әскери дрон жағынан ең мықтысы АҚШ деп жатады. Израиль, Түркия, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия елдерінің дрондары танымал.
Қазақстан өз дрондарын өндірмегенімен, ондай қаруды әр елден сатып алған. Қорғаныс министрлігінде Қытайдың WingLoong-1 және Израильдің Skylark-1LEX дрондары бар. Түркияның атышулы Bayraktar-TB2 дрондарын әзірге алмаған көрінеді. Алдағы уақытта алынса керек. Қарулы күштерімізге Түркияның Аnka әскери дронын алу жоспарланған.
Қытайдың WingLoong-1 дрондары нысанды бомбамен және ракетамен атуға арналған. Бұл ұшқышсыз аппарат 200 келіге дейін жүк алып жүреді, 5000 метр биіктікке көтеріледі, 4000 шақырымға дейін ұшады.
Израильдің Skylark-1LEX шағын дроны бомба тастайды, ракетамен атады. Ол әуеден барлау жасайды, шекараларды бақылайды, террорға қарсы операцияларға пайдаланылады, барлау деректерін 40 шақырым қашықтықтан береді.
Ал Түркияның Аnka дронының үш данасын сатып алу көзделген. Дрон 8000 метр биікпен ұшады, түнде де бомбалайды, ракетамен атады және барлау жүргізеді.
Жалпы саны Қарулы күштерімізде 15-шақты дрон бар екен. Алайда Қазақстанның өз дроны болуы керек. Қазір отандық мамандар айналысып жатыр екен, тіпті, болашақ дронымызға осы бастан Шағала деп ат қойыпты. Шағаланың барлау камерасы, ракетамен атқылау қондырғысы, және өзін атқан ракетадан жалтаратын тәсілі болады деп күтілуде. Ол 5000 метр биіктікте 40 шақырымға барып қайтады. Осы күні Ресей де өз дронын жасаған көрінеді.
Украинадағы жағдай көрсеткендей бізге ұзаққа ұшатын баллистикалық ракеталар да қажет. Ал ең керегі – ракеталарды әуеде атып түсіретін әуе қорғанысы. Украина осы әуе қорғанысының болмауынан алғашында қатты зардап шекті. Әуе қорғанысы оларға кешеуілдеп Еуропадан жеткізілді.
Қорғаныс саласын сақадай сай етіп жаңғырту заманның талабы болып тұр. Заманауи озық үлгідегі қарулар қолданылмаса да сыртқа сес болып тұрады емес пе?
Сес демекші, Ресей өзінің "Сармат" деген континентаралық жаңа баллистикалық ракетасын ұшырып сынақтан өткізді. Мұны Ресей Батысқа сес көрсету үшін жасады. Осындай қаруымыз бар дегенді аңғартты. 20- сәуірде Плесецк ғарыш айлағынан ұшырылған "Сармат" ракетасы 5700 шақырымдағы Камчатка полигонына жүк жеткізді. "Сарматты" Ресей билігі биылғы жыл соңына дейін әскери кезекшілікке қоймақ. Ол 18 000 шақырымға дейін ұшатын көрінеді. Салмағы 10 тонна бір ғана ракета 700 шаршы шақырым аумақтағы әскерді техникасымен қоса жойып жіберетін қауқарға ие екен. Владимир Путиннің өзі мұндай қару ешбір елде жоқ деп өзгелерге айбат жасап отыр.
Қысқасы, біздің еліміз де көштен қалмай мықты әскері мен техникасы бар, айбынды мемлекеттердің сапына тұруы керек.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін