"Блумберг" қор нарығының айнасы ма

Қаржы саласына қатысты есімі мәлім "Блумберг" басылымының журналисі Нариман Гизитдинов пен қаржыгер Тимур Турловтың арасындағы оқиға журналист пен қаржыгердің сұрақ-жауап ауанындағы әңгімеге ұқсамайды.

"Блумберг" қор нарығының айнасы ма

Қаржыгерлер үшін жағымсыздау болып қабылданған қаржылық компанияларының кәсіби  ұждансыздық тақырыбына сөз қозғалған екеудің  жазбаша "айтыс" орын алғанын айта кетейік.

Шын мәнінде, оқиға қалай туындады? Әңгімені әріден бастайықшы. Американың ықпалды ақпараттық холдингі бүкіл әлемге қиырда жатқан Қазақстанның шағын бір жеке компаниясы  дәл сол Қазақстанда компания клиенттері үшін тәуекелге алып келетін жағымсыз әдістермен шағын қор нарығын құрғанын мәлім еткен. Ықпалдың күштілігін ескерсек,  жеке компанияның ықтимал құрдымға кетуі өзге компаниялардың клиенттеріне де әсер етуі мүмкін, өйткені нарық кішкентай, сол себепті бәрі де тақырға отырмақ.

Бұл ақпарат аталмыш жеке компания өз акцияларын АҚШ-та орналастырған сәтпен тұспа-тұс келгенін қайтерсің.  Ендігі жерде америкалық клиенттер қазақстандық клиенттердің кебін киіп қалмаймыз ба деп ойлай бастайтындығы белгілі ғой.

Бұл біреудің тапсырысы болуы мүмкін бе? Мен "мүмкін", деп айтар едім. Америкалық брокерлердің гильдиясы Уолл-Стриттің маңдайынан қазақстандықтардың логотипін байқай сала "Блумбергке" ақшаларын аудара бастады деп ойламаймын: әлемнің ең басты қаржы даңғылындағы кіл мықтыны үркітетіндей "қазақстандықтың" қауқары қуатты емес.

Оның себебі, сірә "Фридомның" атауы жиі-жиі көзге көрініп, ауызда айтыла бастағанында болса керек.  Оның аты газеттерде де, теледидарда да, әлеуметтік желілерде де, қомақты мәмілелерде де, баспасөз жиындарында да жылт ете қалатын болды.  Сарапшы қажет пе – тағы да "Фридомға" хабарласуға кеңес береді.  Қайда болса да "Фридом" алда жүр. Ұлттық банк  криптовалюта туралы пікір айта бастаса, "Фридом" криптовалютамен есептесетін облигация шығаруға әзір тұрады. Міне, осылардың бәрі  -қаржылық ортаның бір бөлігінің "қытығына" тию мүмкін.

Қазақстан еңсе тіктеген тұста келген шетелдік брокерлер 2008-2010 жылдардағы дағдарыс кезінде кетіп қалды. Сірә, пайдасыз деп шешсе керек.  Ал шағын брокер олардың жолын құшқан жоқ. Ол жергілікті икемсіз нарық пен бос жүрген брокерлерді өзінікіне иілдіріп, бірнеше жылдан бері брокерлік бизнестің өзіндік үлгісін жасап жатыр.

Мәселе әбжіл  "Фридомда", әйтпесе Тимур Турловтың жергілікті нарыққа сенім артқандығында да емес, мәселе сол нарыққа өзгелердің сенбейтіндігінде немесе оны дайын күйінде қолға алғысы келетіндігінде.  Сынап-мінеу  – оңай нәрсе.  Дәл сондай шаруаны қолға алып тамаша етіп жасап көріңізші...

Елімізде инвесторларға  өзге құралдарды ұсынатын және бағасы "құлаған" акцияларды көтере сатып алатын белсенді жеке брокерлердің қарасы қашан көбеймек?  Мұндай брокерлер біздің елімізде жоқ, болмайтын да шығар.  Жергілікті брокерлердің көпшілігіне банктер қожалық етеді, олар қор нарығының қарыштағанын қаламайды, себебі  ол – бәсекелесі. Ал егер  брокерлік кеңсенің иесі – жеке меншік  болатын болса, ол аса көп шығындалмай табысқа кенелуді қалайтыны анық.

Жергілікті енжар брокерлермен салыстырғанда "Фридом"  "ойнақтап" тұр. Зейнетақы активтерін басқарушы болып табылатын Ұлттық банк шетелдік құнды қағаздарға долларлық салымдарын арттыратын болса, ол мұны мүлт жібермес еді.  Қаржы нарығының  жаңа тарихында мемлекеттің шетелдік кірістілікке соншалықты ұмтылуы әлі болып көрмеген.  Амал нешік, өзіміздің нарық кішкентай, әрі оны дамуы алдымен ырықтандыруды қажет етеді, ал ол үшін  шенеуніктер  жауапкершілікті өздеріне алулары керек.  Сондықтан оңай жолы – шетелдік басқарушыларға жүктеу.

finanz.ru бетінде жарық көрген "АҚШ-тағы жеке инвесторлардың эйфориясы доткомдар көпіршігін басып қалды" атты мақаладан үзінді келтірейік: "Ірі ойыншылар  нарықтың өсімін бұрын-соңды болмаған баға бойынша кірісті тіркей отырып сату үшін пайдаланды. BofA мәліметі бойынша, институционалдық клиенттер соңғы сегіз аптаның жетеуінде акцияларын сатып жатыр, ал хедж-қорлар – қатарынан алты апта бойы саудалауда. Жыл басынан бері жеке тұлғалар  нарыққа 9,8 миллиард долларлардай қаржы алып келсе, қорлар  50 миллиард долларға жуық алып кеткен".

Қор нарығы мінсіз емес. Клиенттердің шоттарынан  ақша жымқырғаны үшін лицензиясынан айырылған брокерлар да бар.  Ал нарықтан кетпеген, бірақ  өзінің өтімсіз акциясын жеке ЖЗҚ шоттарына оңтайлы орналастыра қойғандар да баршылық. Сондықтан, істің қайырлы болуы үшін шыншылдық қажет-ақ.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу