"Донбасстағы соғыста кім басым түссе, жеңіс соның қолында"

3040

Украина жеріндегі ұрыс қимылдары алмағайып күйде.   

"Донбасстағы соғыста  кім басым түссе, жеңіс соның қолында"

Орыс әскері соңғы күндері Донбасстағы шабуылын үдетті. Бірталай елдімекендер мен қалаларға өңмеңдеп еніп те барады. Ресей қаруы мен техника, әскерінің қарасы жағынан басым түсіп тұр. Әсіресе, әуеден соққы беруге және өте ұзақтан екпінді атқылауға келгенде орыс әскерінің күші басым.

Украина әскері әзірге әупіріммен төтеп беріп тұр. Ал қарсы шабуылға шығуға шамасы келер емес. Өйткені әуе қорғанысы мен ұзақтан ататын, қанатты ракеталарға тойтарыс беретін әскери техникасы жетпейді. Жалпы ахуалға келсек, орыс аларман, украин берермен халде.

Украинаға АҚШ пен Батыс елдерінің жәрдемі жетуіне жетіп жатыр-ау, бірақ қолдаушыларда шапшаңдық жоқ, шабан қимыл танытуда. АҚШ пен Батыс елдері Украинаға керекті қаруды жеткілікті мөлшерде бермей, әлі күнге дейін тартыншақтаумен келеді. Табанды қорғану және қарсы шабуылға шығу үшін қажетті қару мен техниканың осы күнге дейін 10 пайызы ғана келіпті. Ал Ресей әскерінің белсенділігі күннен-күнге артуда. Техниканың күшімен 70 шақырым ұзақтан атқылап-ақ украиндықтарды тықсырып бағуда.

Украинаға 1000 гаубица, 300 екпінді атқылаушы реактивтік жүйе, 500 жаңа үлгідегі танк, 1000 ұшқышсыз ұшу аппараты қажет. Бірақ мұншама қаруды әлі күнге дейін берген жоқ. АҚШ пен Батыс елдері тарапынан сөз көп, ал іс аз. Украина билігінің сөзіне қарағанда, осы қарулар жылдам жеткізілсе, Ресей әскерін шекара асыра ығыстырып шығуға қауқар жеткен болар еді.  Мысалы, 1000 гаубица қажет болса, қолдарында 100 ғана гаубица бар.

АҚШ пен Батыс Украина күшейсе, Ресейді өз шекарасынан шығарып қана қоймай, ары қарай да соғыс жүргізе ме деп алаңдайды екен. Шекараның ар  жағында соғыс жүрсе, онда Ресей ядролық қаруды қолдана ма деп қауіптенеді. Украина билігі бізге Ресейдің бір метр жері де керек емес, тек шекарамыздан қуып шықсақ болды, ал егер қарсылықты тоқтатсақ, онда бәрінен де, тіпті отанымыздан да айырыламыз деп отыр. Сол үшін Украина әскері табандылықпен қорғаныс шебін құрған. Жағдайдың аса күрделі екендігі де осында. Украиндықтар үшін өмір мен өлім таңдауы тұр.

АҚШ өзінің HIMARS деген екпінді атқылау реактивтік жүйесін жеткізуге келісті. Бірақ алдымен ондай жүйенің төртеуін ғана Еуропаға апаратын көрінеді. Украина әскерилері алдымен сол жақта үйренеді, содан кейін ғана майдан шебіне жеткізіледі. Екпінді атқылау реактивтік жүйені беруге Британия да келісіп отыр. Алайда ондай қару Украинаға дәл бүгін керек. Себебі Ресей әскеріне қарсылық күші күннен-күнге сарқылып, Украина тарапы шамамен 100-ден аса жауынгерінен айрылып жатыр, 200-300-ге дейін жарақат алуда. Дегенмен жанқиярлықпен соғысудың арқасында украиналықтар Ресейдің әскерінің қатарын селдіретіп жатқаны да рас. Осы күнге дейін қаза болған орыс жауынгерлерінің саны 33 мыңға таяған көрінеді. Украина жағының әскер шығыны 10 мыңнан асады деген ақпар жүр. Екі жағы да соғысты тоқтатуды қалайды. Келіссөзге отырсақ дейді. Бірақ бір-бірінің шартына көнбейді. Содан атыс-шабыстың тоқтайтын түрі әзірге көрінбейді. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Донбасстағы соғыста  кім басым түссе, жеңіс соның қолында. Ресей әскері оншақты бағытта шабуылын күшейтті. Әсіресе Харьковтағы шайқас шарықтап тұр. Украина әскері осы Харьковта көп сарбазынан айырылды. Ресейдің жоғары дәлдікпен ататын "Калибр" зымырандары ұзақтан атқылап, Украинаның қорғаныс шептерін бұзуып, оқ-дәрі қоймаларын жаруда.

Келіссөздердің қайталануы екіталай болса керек. Ресей басшылығы Украина тарапының келіссөздер жүргізуден бас тартып отырғанын айтады және мұны Батыс елдерінің қалауы бойынша жасалып отыр деп ойлайды. Жақында Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Анкараға сапарлаған еді. Сол жақта ол Украина-Ресей келіссөздерін қайта жалғаудың тетіктерін іздестіріп көрді. Бұл тақырыпта Түркияның Сыртқы істер министрімен де кездесті. Бірақ нәтиже шықпады. Соған қарағанда, Украина келіссөздерге көнбейді. Украина келіссөздерге тек қана Ресей соғысты тоқтатып, шекарадан ары асып, өз жеріне шыққанда ғана көнуі мүмкін. Түркиядағы жиында  Ресей-Украина келіссөздерінің мәселесі емес, Украинаның астығын экспорттаудың жолдары талқыға салынды.  Киевтің мәлімдеуінше, жергілікті кемежайларда 20 млн тоннадан аса астық жиналып қалған екен. Оны өзге елдерге экспорттауға Ресей әскері кедергі етіп отырғанын көрінеді.  Владимир Зеленский Ресей әскерінің кесірінен азық-түлік өнімдерін экспорттай алмай отырғанын айтады.  

Бұл жағдайды Ресей саудаға салғысы келеді. Мәскеу Украинадағы астықтың экспортына кедергі жасамау үшін Украина кемежайлар төңірегін минадан тазартсын, Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкциялары алып тасталсын деген бірнеше талап қойған. Ал Украина кемежайларды минадан тазартпайтынын аңғартты. Минадан тазартсақ, Ресейдің теңізден шабуылы күшейіп кетеді деп ойлайды.  Ал Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінің күніне жарап тұрған Украина астығы еді. Ол жеткізілмей жатыр. Енді бұл елдердегі 50 миллиондай адамға аштық қаупі төніп тұр. Украина астық өндіруден әлем елдерінің ондығына енеді екен. Астығын экспорттаушы елдерде аштық орнауы мүмкін болатын тағы бір себеп – соғыстың салдарынан Украинада егістік күрт төмендеген. Биылғы жылдың жалпы ішкі өнімі 35 пайызға кемиді деп күтілуде. Украина күнбағыс майы мен жүгері өндіруде де әлемдегі көшбасшылардың қатарында болып келген.

Ырыс-берекесі артқан, тәуелсіздігін көздің қарашығындай қорғаған осындай елдің ту-талақайы шығып отыр. Осы күнге дейін 7 миллионнан астам украиналықық босқынға айналды. Олар шет елдерге асып, жан бағып жүр. Қалаларды ракетамен атқылағанда көз жұмған бейбіт тұрғындар қаншама...

Ресей өзінің мүддесіне қол жеткізу жолында ештеңеден тайынбайтынын анық көрсетіп отыр. Қаншама әскерінен айырылды, әлем теріс қарады, соғысты айыптаған ондаған мың өз азаматы қамауға алынды, мұның бәрі шыбын шаққан құрлы болып жатқан жоқ. Санкцияларды да Ресей оңай еңсеріп жатыр. Қысқасы, Ресейдің мұртын балта шаппайтын сияқты. Кім біледі, оған да бір тоқтам болар, бәлкім. Осы күні АҚШ пен Батыс елдері Украинаға тағы да қаржы бағыттап, қаруды да молынан береміз деп қайта-қайта жиын өткізіп те жатыр.

Ал Ресей көшбасшысы өзінің миссиясы не екенін ашық айтты. Оның мақсаты орыстың қонысын түгендеуші ретінде атын қалдыру екен. Осылайша Владимир Путин төңірегінің бәрін алаңдатып қойды.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу