Қанды оқиғаның жаңғырығы әлі талай жылдарға дейін естіліп тұратын болар. Өйткені кез-келген халықтың ерік-жігері мен тағдыры таразыға түскен мұндай оқиғаның ізі өшпейтіні тағы белгілі. Қарақалпақстан тұрғындары өздерінің ықтиярын алға тартып, егемен ел болсақ деген емеурінмен көшеге шыққан. Алайда халық арандап қалды ма екен, шеруге шығамын деп қан-жоса болғанын көз көріп, құлақ естіді.
Араға уақыт салып, Қарақалпақ оқиғасын Human Rights Watch деген халықаралық құқық қорғау ұйымы зерттеген екен. Human Rights Watch – штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан үкіметтік емес ұйым, 1978 жылдан жұмыс істейді. Ол әлемнің 70-тен астам елінде адам құқықтарының бұзылуына мониторинг жүргізеді, зерттейді және құжаттайды.
Осы Human Rights Watch ұйымы Қарақалпақстанда болған оқиғаны сол кезде таратылған фотолар мен бейнежазбаларға қарап бүге-шігесіне дейін зерттеп, халыққа қарсы қару қолданбауға да болатын еді деген қорытынды жасапты. Жақында Human Rights Watch ұйымы өзінің зерттеу материалын жариялады. Бұл халықаралық ұйым "Қарақалпақтарды қарумен жаншуға негіз болмады" деген тұжырым жасаған. Осылайша, халықаралық құқық қорғау ұйымы шілдеде Қарақалпақстанда болған наразылық акциясында Өзбекстан билігінің жеңіл қару қолданылғаны туралы мәлімдемесін жоққа шығарып отыр.
Өзбекстан Қарақалпақстанда болған наразылық кезінде жөн-жосықсыз күш қолданған деп жазды Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы өзінің зерттеу құжатында. Негізінен, Қарақалпақстандағы оқиға жайлы жарияланған алғашқы ірі зерттеу құжаты осы болып тұр.
Құқық қорғау ұйымы 2 миллионнан астам адам тұратын аймақта болған акция негізінен бейбіт өткенін айтады. Ал Өзбекстан билігі сыртқы күштер араласқанын айтқан еді. Human Rights Watch зерттеуі бұл тұжырымға қайшы келеді.
Ресми мәліметте 21 адам қаза болған делінген. Екі жүздей адам жараланған көрінеді.Наразылық акциясына қатысқандарды тергеу үшін арнайы комиссия құрылған. Жүзден астам адам қамауға алынған делінеді. Дегенмен Human Rights Watch ұйымы арнайы комиссияның жұмысына күмәнмен қарайды. Себебі бұл комиссияның мүшелері негізінен шенеуніктер деседі. Сондықтан халықаралық зерттеу ұйымы өз қорытындысында "комиссия полиция мен қауіпсіздік күштерінің әрекеттері туралы тәуелсіз қорытынды жасайды деуге болмайды" деп жазады.
Human Rights Watch ұйымы биліктің адам өліміне әкеліп, ауыр жарақаттауы мүмкін қару-жарақ, әртүрлі граната қолданғанын мәлімдеген.Ұйым наразылардың жараланған немесе қаза тапқан көріністері бейнеленген фотолар мен бейнежазбаларды қарастырып, жеті жағдайда адамдардың жарылыстан зардап шеккенін анықтаған. Шын мәнінде, жарылғыш заттар мен гранаталарды қолданбауға болатындай жағдай еді деген тұжырым жасаған.
Telegram арнасында жарияланған бейнежазбалардың бірін зерттеген дәрігер мамандар мұндағы адамның тірі қалуы қиын екенін айтқан. Олар "Сүйек сыртына шығып тұр, ашық жарақат, қан ағып жатыр, жұлын зақымданған және бұл көзге көрініп тұрғаны ғана" деп, мұндайда адамның тірі қалуы күмәнді деп түйген.
Халықаралық зерттеу ұйымының материалында адамдарға жарылғыш заттар арқылы залал келтіргеннен бөлек, қандай жағдайда күш қолданылғаны жайлы да айтылады. Граната немесе басқа да қару қолдану кезінде қауіпсіздік күштеріне қауіп төнбеген. Нөкісте түсірілген бейнежазбалардың бірінде оң аяғы жараланған адамды әкеле жатқан топқа қарай қауіпсіздік күштерінің өкілі граната лақтырғаны көрінген.
Human Rights Watch ұйымы Өзбекстан қауіпсіздік күштері Израильде өндірілген қару-жарақ қолданылғанын келтірген. Сондай-ақ адам шығынына әкелуі мүмкін ауыр гранаталарды да пайдаланғанын айтқан.
Әрине, Қарақалпақстанда болған қанды оқиға өткен іске салауат деп қоя салатын нәрсе емес. Қарақалпақстан халқының санасында өшпес із қалдырған оқиға. Өзбекстан билігі Қарақалпақстанға қатысты әрекеттің дұрыс болмағанын ойлап, бұл оқиғадан сабақ алғандай болды. Бірақ қамауда қанша адамның жатқаны белгісіз. Қазіргі күнге дейін жүзден астам адам қамаудан босатылды. Ал босатылмағандары қаншама екені Өзбекстан билігіне ғана аян. Оннан астам адамға конституцияға қарсы қылмыс жасады деген айып тағылған.
Көршінің тыныш болғанына не жетсін. Ал Қарақалпақстанның шын қалауы теріс деп те ешкім айта алмас.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін