Кімге болса да көршісінің бас амандығы мен тыныштығы керек. Сырттай қарағанда жағдай тынышталған сияқты болып көрінеді.Себебі Қарақалпақстаннан тарап жатқан хабарлардың ауқымы тым жұтаң, жағдайдың нақты қандай халде екенінің анық-қанығын ешкім білмейді. Бір анығы – бір айға жарияланған коменданттық тәртіп қатаң түрде жүзеге асырылып жатыр. Барлық жерде бақылау күшейтілген, белсенділікке мүмкіндік жоқ десе де болады. Ал көз алдындағы қанды қақтығыстан есеңгіреп қалған халықтың көңілі су сепкендей басылған болар.
Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі Қарақалпақстандағы жағдай бойынша мәлімдеме жасады. Министрлік жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық құқық қорғау ұйымдары Нүкістегі оқиға жайлы нақтыланбаған хабарларды оңды-солды таратып жатыр деп есептейді. Бейбіт шеруге қарсы заңсыз түрде күш қолданылды, халықтың үні өшірілді және ақпараттар бұғатталды деген хабарларды ведомство негізсіз таратылған деп есептейді.
Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде "Нүкісте Өзбекстанның тұтастығын, Конституциялық құрылымын бұзуға әрекет етілді. Бөтен пиғылы бар топтар зорлық-зомбылық жасады, қақтығыстарды ұйымдастырды және мемлекеттік билік органдарын басып алуға ұмтылды" деген жолдар бар. Елдің ішін дүрліктіру мен сепаратизмнің отын үрлеу, диверсиялық әрекеттерді жүзеге асыру күнібұрын жоспарланған көрінеді. Ал интернеттің өшірілуіне жалған хабарларды тарату мен халықты көшеге шығуға үндеу бейнежазбаларының көбейіп кеткені себеп болды деп түсіндіреді.
Мәлімдемеде парламент ғимаратына, ішкі істер бас басқармасына, ұлттық ұлан басқармасына шабуыл жасауға бірнеше рет талпыныс жасалғаны айтылған. Құқық қорғау органдары өкілдеріне күш қолданылып, кепілдікте ұстаған және қару-жарақтарын тартып алған көрінеді. Құқық қорғау органдарының өкілдерінен 107 адам жарақат алыпты, соның 23-і ауыр халде екен. Мемлекеттік органдардың қызметкерлері арасынан 270 адам әр түрлі дәрежеде дене жарақатын алыпты. Мәлімдемеде алаңға жиналғандардың басым көпшілігі мас халде болғаны, есірткінің уытымен әрекет еткені айтылған. Сыртқы істер министрлігі қазіргі уақытта Қарақалпақстандағы оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын алға тартады.
6 шілдеде өткізілген селекторлық жиында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қарақалпақстандағы жағдай толық бақылауда екеніне тоқталды. Президенттің айтуынша, мекемелер мен кәсіпорындар, дүкендер мен базарлар жұмыс істеп тұр, адамдар өздерінің күнделікті тіршілігімен айналысып жүр. Жағдай биліктің жіті назарында.
Бұған дейін президент Шавкат Мирзиёев Нүкістегі оқиғаға ерте бастан дайындық жүргізілгенін, оны шет елдердегі күштердің жасағанын айтқан. Шет елдің адамдары Өзбекстанның тұтастығын шайқап, этносаралық жанжалдан көз аштырмауды көздеген көрінеді. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын өзбек басшысы да айтып отыр.
Мирзиёев құқық қорғау органдары өкілдерінің әрекетін де мұқият талдауды тапсырды. Егер олардың ішінде заңсыз түрде күш қолданғандары болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады дей келе, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты.
Өз кезегінде Қарақалпақстандағы қанды оқиғаға баға беріп жатқан сырт көздер де көп. Өзбекстан билігі жеті өлшеп, бір пішпей асығыс шешім қабылдады деп жатқандар аз емес. Қарақалпақстанның егемендігі мен Өзбекстанның құрамынан шығу еркіне қатысты баптар референдумның талқысынан алынғанымен ескі жараны беті тырналып қалды. Қарақалпақтардың бірлігі нығая түскен сияқты. Ал әлемде геосаяси жағдайдың қызуы артып тұрған қазіргі шақта бұлайша отпен ойнау қауіпті. Қарақалпақтар іштен тынып қалғаны рас, бірақ егемендіктен бас тарта алмайтындары анық белгілі болды. Өзбекстан билігі геосаяси жағдайды ойлап, мемлекеттің біртұтастығын шегендемек болған еді. Ертеңгі күні Қарақалпақстан өзге күштердің қолжаулығына айналып, ел ішінде сепаратистік көңіл-күйдің етек алмауы үшін қамданған әрекеті деп жатқандар бар. Бірақ Өзбекстан билігі Нүкісте халық наразылығы туындап кетеді деп күтпеген болар. Президент кінәні Қарақалпақстанның парламентіне жапты. Дұрыстап зерттемей ұсыныс жасадыңыздар, халықпен түсіндіру жұмысын жүргізбедіңіздер деген сыңай білдірді.
Референдумға салынатын негізгі өзгерістердің бірі – президенттік мерзімді ұзарту. Конституция бойынша президент екі мерзім ғана билік жүргізетін болған. Мирзиёев сол екі мерзімді еңсеріп тастады. Ал ендігі жаңа заң жобасы бойынша президенттік мерзім жеті жылға ұзартылады және Мирзиёевтың бұған дейінгі президенттігі есепке алынбайды. Сонда ол тағы да президенттік сайлауға екі рет қатарынан түсіп, әлі он төрт жыл билік құруы мүмкін. Міне, осы өзгеріс жайлы әңгімелер тасада қалып, жұртшылықтың санасы Қарақалпақстанмен көмкеріліп кетсін деген бақай есеп болған деп жатқандар да бар. Жоғарыда отпен ойнаудың қауіпті екенін айтуымыз содан. Мұндай жағдайда президенттің абыройы мен рейтингі түсіп кетуі де ғажап емес. Себебі қан төгілді. Ресми ақпаратта 18 адам қаза болғаны айтылды. Оның төртеуі әскери адам көрінеді. 243 адам жарақат алған, 516 адам тұтқындалған деп жатыр.
Қалай болғанда да, халыққа қарсы күш қолданылды. Тұтқындалған Дәулетмұрат Тәжімұратов, Лолагүл Каллыханова деген белсенділердің тағдыры белгісіз күйде. Адамдар бейбіт шеруге шыққан еді. Бірақ әскердің күш қолдануы қақтығысқа алып барғанын сол оқиғаның ішінде болғандар айтып жатыр.
Қарақалпақстаннан Қазақстанға келіп тіршілігін істер жүрген адамдар жүздеген мың болса керек. 2002 жылға дейінгі есеп бойынша Қазақстанға келген қарақалпақ бауырлар 250 мың еді. Одан бергі уақытта артпаса кемімеген болар. Кешегі Нүкіс оқиғасына осы жақтан барып қосылуға әрекет еткендер болған екен. Бірақ шекарадағы бақылау күшейтіліп, адамдардың ары өтуі қиындапты. Қазақстаннан Ақтау арқылы шығып кетуге қолдары жетіп, шеруге қатысқандар бар екен.
Бастысы, Өзбекстан билігіне сабыр берсін. Ал қарақалпақ бауырлардың бас амандығы мен еркіндігі керек. Бүкіл әлем Қарақалпақстанның тыныштығын тілеп отыр. Ол жерді сепаратизмнің ошағына айналмасын деп үміттенеді. Өзбекстан билігінің тұрақтылықты орнықтыру әрекетіне Қазақстан, Тәжікстан, Иран, Түркия, Ресей елдерінің қарсы болмауының себебі де осы.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін