Президенттің биылғы Жолдауын сергек саналы қоғам айырықша күтті десек, болады. Өйткені, қоғамда "АЭС-ке қатысты Мемлекет басшысы не айтады?" деген сұрақ пісіп тұр.
Президент елімізде жүргізілетін АЭС құрлысына қатысты жалпыхалықтық референдум күнін белгіледі. Бұған дейін түрлі сарапшылар болжап келген мерзім қоғамда сан-алуан көзқарасқа себеп боп келген. Өзінің халыққа жасаған Жолдауында Президент АЭС құрлысына қатысты Жарлыққа қол қоятын күнін нақтылап, оны халыққа жеткізді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде "Қазір әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқандығы" туралы айтты. Шын мәнісінде де солай! Оны өзіміздің орналасқан географиялық нүктемізден де сезуге болады. Мәселен, бүгінгі таңда көршілес ел – Өзбекстан ресейлік "РосАтоммен" бірлесіп Жизақтан Атом энергия стансасын соғып жатқаны белгілі. Сондай-ақ, Қырғызстан да алдағы уақытта АЭС салу жөнінде қоғамдық талқыны бастап кетті. Бізде де бұл тақырып кеше-бүгін басталған жоқ. Сонау Тәуелсіздік алған кезден бастап "Қазақстанға АЭС керек пе, керек емес пе?" деген мәселе қызу қозғалып келе жатыр. Кейін экономикалық жағдайларға байланысты бұл тақырып тек талқылау дәрежесінде ғана қалып келді. Енді бұл мәселе әбден пісіп-жетілді деп есептеймін.
Қоғамда АЭС құрлысын қолдаушылар мен қарсылардан бөлек, тағы бір топ бар. Олар – "маңызды стратегиялық нысанды кім салуы керек?" деген мәселені қозғаушылар. Сондықтан алдағы референдумда "АЭС салуды қолдайсыз ба?" деген жалқы сұрақ бола ма әлде "АЭС құрлысын кім салуы керек?" деген заңды сұраққа жауап беріле ме, міне, бұл мәселе де қоғам назарында тұрған басты тақырып деп есептеймін.
Менің жеке пікірім – АЭС құрлысын салу шешімі жалпыхалықтық референдум тұрғысынан қабылдануын қолдаймын. Өйткені, бұл бір адамның саяси ерік-жігер пәрменімен қабылдай салатын шешім емес, бұл Қазақстанның тағдырына тікелей қатысты маңызды мәселе болғандықтан, оған жалпыхалықтық референдум арқылы баға берілгені дұрыс деп есептеймін.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін