Егер статистикалық деректерге жүгінетін болсақ, 2022 жылы Қазақстан мен Қытайдың арасындағы сауда-саттық көлемі 22 млрд долларды құраса, 2023 жылы 31 млрд долларға жеткен. Қазақстаннан көптеген шикізат өнімдері, өңделген өнім, бидай, ұн және басқа да ауыл шаруашылық дақылдары экспортқа шығарылып жатыр. Қытай жақтан көптеген жабдықтар мен тауар түрлері келеді. Қазақстанның транзиттік мүмкіндігі жоғары.
"Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасына келсек, осыған дейінгі келісім 1992 жылы жасалған. Бұл құжатқа 32 жыл болды. Оған сәйкес, біздің көліктеріміз Қытай шекарасының айналасындағы аймақтарға ғана баратын, одан артық өте алмайтын. Қазіргі ең үлкен айырмашылық – отандық жүк тасымалдаушылары Қытайдың ішіне, оның порттарына бара алады. Порттардан тауар алып, елімізге алып келуге мүмкіндіктері бар. Бұл паритеттік, яғни тең негізде жүзеге асырылатын болады. Енді бұл келісімді ратификациялағаннан кейін Қытайдың Үрімші, Шанхай, Пекин, Ляньюньган портына көліктеріміз бара алады. Қытайдың көліктері де біздің транзиттік әлеуетімізді қолданып, Қазақстан арқылы басқа елдерге баруға да мүмкіндіктері пайда болады. Бұл келісімде жолаушылар таситын мүмкіндіктер де қарастырылған. Оның бірқатар процедуралары бар.
Қазірдің өзінде 2022 мен 2023 жылдары екі ел арасындағы жүктерді тасымалдау көлемі 30 пайызға артқан. 2022 жылы бұл көрсеткіш 760 мың тонна болса, 2023 жылы – 1,3 млн тонна. Биыл бұл көрсеткіш 2 млн тоннаға дейін жетуі мүмкін. 2030 жылы автокөлікпен орындалатын жүктерді тасымалдау көлемін 4 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндіктер бар.
Қытайдан контейнерлік пойыздар арқылы электроника, тұрмыстық техника, басқа да жабдықтар тасымалданады. Осыған дейін Қытай жақта тауарлардың қай жерде тұрғаны, пойыздарымыздың келе жатқанына қатысты ақпарат болмады. Егер кәсіпкер қандай тауар түрлері келе жатқанын білмейтін болса, бұл бірқатар қиындық туғызады. Енді Қытай тарапы келісімнің аясында жүктер, контейнерлік пойыздар туралы ақпаратты бізге беруге міндеттеледі. Осыған дейін Қазақстан осындай мәліметті беріп отыратын, бірақ Қытай тарапы бермейтін.
Жалпы екіжақты визасыз режим негізінен туристерге емес, біздің кәсіпкерлерге берілген мүмкіндік деп ойлаймын. Одан бөлек Қазақстан жылдан жылға Қытайдан келіп жатқан тауарлардың транзиттік көлемін де ұлғайтып отыр. Жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылып келеді. Қазақстан өзінің транзиттік әлеуетін қолдануға толық мүмкіндігі бар.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін