#Қазмұнай, 13-бөлім: Борн эволюциясы. Мұнай трейдерлерін не күтіп тұр?

Соңғы уақытта қазақстандық мұнай трейдерлеріне қатысты көптеген сын-ескертпелерді естіп, оқып жүрмін. Жағдайды микро ойыншылардың көзқарасымен емес, ауқымды көлемде талдап көрейік.    

#Қазмұнай, 13-бөлім: Борн эволюциясы. Мұнай трейдерлерін не күтіп тұр?

Мен үшін #Қазмұнай хештегімен жарық көріп жатқан жарияланымдағы 13-бөлімнің символикалық мәні бар. Бұл – менің туған күнім. Ал бүгінгі жазба "Жаңа трейдерлердің туған күні қашан болады?" деген сауалға жауап іздейді. 

Танымал фильмнің сипаттамасында былай деп жазылды: "Ойында үнемі бірнеше фигура болады. Олардың бірі – Джейсон Борн, екіншісі – агент Аарон Кросс. Екеуінің де мүмкіндігі шексіз. Алайда кейде керемет қарудың өзі істен шығады".

1. Дүниежүзі тарихы. "Империал" банкі.

Осы жарнама есіңізде ме? Ол ресейлік маркетингтің классикасы деп аталды. 2012 жылы осы роликтер Ресей жарнамасының 20 жылдық тарихындағы ең үздік топтама деп танылды. Оны 90-шы жылдары Тимур Бекмамбетов түсірген. Банкротқа ұшырауының салдарынан банк 1998 жылы лицензиясынан айрылған. 

Таяуда мен "30 корпоративті көшбасшы" мемлекеттік бағдарламасын қайта оқыдым. Үкімет бұл құжатты 2007 жылдың қарашасында бекіткен. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі мақсатының бірі. "Қазақстанда өңірлік және әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті тауар мен қызмет корпорацияларын құру" болған. 

Иә, иә, мен еліміздің бұрынғы бағдарламалық құжаттарын қайта оқығанды ұнатамын. Әділдік үшін айтайын, бұрынғы мемлекеттік бағдарламалар қазіргі мемлекеттік бағдарламаларға қарағанда анағұрлым қысқа және әлдеқайда аз бетке жазылады.  

"30 корпоративті көшбасшы" мемлекеттік бағдарламасының күші Үкіметтің қаулысымен 2010 жылғы сәуірде жойылды. Оның мақсатының бірі: қазақстандық бренд қалыптастыру, биржалық сауда жүйесін дамыту, компанияларды әлемдік қор және тауар биржаларына шығару, қор нарығында корпоративті көшбасшылардың бағалы қағаздарын орналастыру болды. Жалпы соңғы жылдардағы барлық мемлекеттік бағдарламалардың стратегиялық мақсаты бір-бірін қайталаған және майдаланған болып шықты. Бұған біздің бұрынғыдай әлемге әйгілі компаниялардың көшіне қосылуды емес, импорт алмастыруды армандай бастауға көшкеніміз дәлел. 

Бұрынғы мемлекеттік бағдарламаларды қайта оқыған сайын өзіме өзім: "Мен не ұсынар едім?", "Неге біз арманымызды аласартып алдық?" деген сұрақ қоямын. Ойланыңыздар, әлемде Қазақстанды қандай да бір компаниясы немесе бренді бойынша танымайды. Бізді әнші, спортшы немесе әдемі астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы арқылы ғана біледі. Мен барлық саланың сарапшысы емеспін, алайда мұнай саласы бойынша "Қазмұнайгаздың" халықаралық экспансиясы жойылды деп мәлімдей аламын. 

Еліміз бен шетелде мұнай және мұнай өнімдерінің сауда операциясын жасау үшін 2002 құрылған "ҚазМұнайГаз" сауда үйі нарықтан кетті.

Халықаралық нарыққа шыға алатын мұнай сервистік компаниялары Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты ірі операторлардың объектілерінде жергілікті қамтумен ғана айналысып жүр. Мұнай өндіруді дамыту саласында дәл мұндай жағдаймен хайтек жасау мүмкін емес. 

Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылғы 14 ақпанда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында: "Қазақстанда мұнай өндіру коэффициенті шамамен 30-35%-ды құрайды, әлемде бұл көрсеткіш 50%-ға жетті. 2020 жылға дейін осы коэффициентті арттыру қажет", – деді.

Президенттің тапсырмасы хаттамада мұнай өндіру коэффициентін 3-5%-ға ұлғайту қажет деп тіркелді. Алайда 7 жылда бұл салада айтарлықтай жетістік болған жоқ. Мұнай-газ саласы ұлттық брендке айнала алмады. 

2. Мұнай мен бидай
Сәуірде "Астық және мұнай: жапырақ пен тамыр" деген мақала жарияладым. Онда Қазақстанда неге нан бензинге қарағанда  2 есе қымбат деген сұрақты күн тәртібіне қойдым. Ойланып қалдыңыз ба? Қараңыз, әдетте біз 300-400 грамм нанды орта есеппен 130-150 теңгеге сатып аламыз. Яғни 1 келі нанның құны шамамен 450 теңге. 1 келі 92-ші бензин шамамен 1,35 литрге тең. Шамамен құны 240 теңге.

Айырмашылық екі есеге жуықтайды. Қазір бидайдың әлемдік бағасы тоннасына шамамен 300 долларды құрайды, ал мұнайдың бағасы (84 х7,33 доллар) тоннасына 600 доллардан асады.

Әлемдік нарықта мұнай бидайға қарағанда 2 есе қымбат, бірақ біз неге екені белгісіз, нанды бензиннен 2 есе қымбат бағаға сатып аламыз. Бұл туралы жоғарыдағы мақаладан оқуға болады. 

Сараптаманың соңында астыққа қайта ораламыз. Әзірше әлемдік мұнай трейдерлеріне көшейік.

3. Күннің бетінде де дақ болады 

Мұнай мен басқа шикізаттың физикалық саудасында олигополия жоғары. Олигополия дегеніміз – ірі ойыншылардың саны аз нарықтық құрылым.

Мысал ретінде әдетте ұшақ өндірушілер нарығын келтіруге болады. Бұл жерде бәсекелестік бар сияқты, бірақ халықаралық ойыншыларды саусақпен және бір қолмен санауға болады.

Мұнай, мұнай өнімдері, шикізат тауарлары, ауыл шаруашылығы өнімдері және т.б. саудасының едәуір бөлігін бақылайтын Vitol, Trafigura, Glencore, Gunvor сынды әлемдік мұнай трейдерлерінде де осындай жағдай.

Google-ге жүгінсеңіз, өткен жылдардағы сыбайлас жемқорлық мәмілелері мен тергеулер туралы ондаған ақпарат таба аласыз. Осы компаниялар туралы ой өрбітіп көрейік.

Vitol Group

1966 жылы құрылған Швейцария-Нидерланд компаниясы. Күн сайын шамамен 7 млн баррель көлемінде мұнай сатады. Бұл әлемдік тұтынудың 8%-ы. Топтың жылдық айналымы жақсы кезеңде 200 млрд, 2020 жылғы дағдарыста 140 млрд долларға жетті. Түсінікті болу үшін айтайық, Қазақстанның жылдық бюджеті шамамен 30 млрд доллар. 

Жақында Vitol АҚШ Әділет департаменті мен CFTC-тің Brent және WTI бағасына ықпал еткенін туралы айыптауға жауап ретінде 164 млн доллар айыппұл төлеуге келісті. Бұған қоса компания 10 жылдан астам уақыт Бразилияның мемлекеттік шенеуніктері мен Petrobras ұлттық мұнай компаниясына пара беріп отырғанын мойындады.

Trafigura

1993 жылы құрылған Сингапурлық компания. Мұнай және мұнай өнімдері саудасы бойынша Vitol-дан кейін әлем бойынша екінші орынға, ал метал саудасы мен жеткізілімі бойынша бірінші орынға орналасқан. Компанияның құбыр, тау-кен металлургия саласы, мұнай терминалдары сияқты түрлі секторларда активі бар. Компанияның "Саддам Хусейннен қолдауын көрген", "Мұнай азық-түлікке айырбас ретінде" бағдарламасы аясында заңсыздықтарға жол берген деген қауесетпен де аты шыққан. Топтың 48 елде кеңсесі бар. 2020 жылдың соңында қызметкерлерінің саны 10,8 мың адамды құрады. Былтырғы жылғы дағдарыста компанияның жылдық кірісі 147 млрд доллардан асты.

Glencore International AG

Негізі 1974 жылы Швейцарияда қаланған. Компания американдық эмбаргоны айналып өтіп, Иран мұнайын саудалады. Кубадан никель мен алтын сатып алды. Халықаралық санкцияға ұшыраған кезде Ливиямен, Оңтүстік Африкамен сауда жасады. Ауғанстандағы соғысқа байланысты санкция енгізілгенде КСРО-ға астық жеткізген әлемдегі жалғыз компания. 

Қазір топ мұнай және мұнай өнімдерін, металл, көмір, ауылшаруашылығы өнімдерін сатады. 135 мың қызметкері бар компанияның әлем бойынша мұнай өндіру мен тау-кен металлургия саласында 150 активі бар. Компания 2020 жылы 142 млрд доллар табыс тапты. (2019 жылы 215 млрд доллар). 2020 жылы инвестицияларға (менің түсінуімше, бірігу және сатып алу жөніндегі мәмілелерге) 65 млрд доллардан астам қаражат жұмсады. 

Gunvor

Гунвор – 1997 жылы құрылған әлемдегі ең ірі энергетикалық топтардың бірі. 2014 жылғы наурызда АҚШ-та Тимченкоға қарсы санкция жариялауға бір күн қалғанда Геннадий Тимченко өз үлесін басқа акционерге сатты. Бұл дер кезінде жүзеге асырылған сәтті мәміле болды. 

Компания Ресей мұнайының ең ірі сатып алушыларының бірі саналады. Кейде Ресей экспортының 70%-дан астамын осы мұнай трейдері сатып алатыны айтылады.

2012 жылы The Economist Gunvor компаниясының мұнай нарығындағы қызметіне қатысты зерттеуінің нәтижесін жариялады. Сонда компания Urals мұнай бағасына айла-шарғы жасады және шамадан тыс пайда тапты деп айыпталды.

Егер топтың жылдық есебін ашсақ, онда Gunvor компаниясының штаты 1 600 адамнан тұратынын, 100-ден астам елде бизнес жүргізетінін, тәулігіне 3 млн баррельге жуық мұнай және мұнай өнімін саудалайтынын білуге болады. (Салыстыру үшін тұтас Қазақстан шамамен 1,6 млн б/с өндіреді). Бұдан бөлек сұйытылған табиғи газ, металл, биодизель және т.б. бар.

Топтың жылдық айналымы 2018 жылы шамамен 90 млрд, 2019 жылы 75 млрд долларды құрады (2020 жылы сайттарынан ресми сандарды таппадым).

Gunvor компаниясының әлем бойынша мұнай-газ секторының логистикасында: порт, ауыстырып тиеу, мұнай құбырлары, қайта өңдеу салаларында активі өте көп. 

Жақында Швейцарияның Федералды прокуратурасы Gunvor-ды Конго Республикасында және Кот-д ' Ивуарда мұнай мәмілелерін сыбайлас жемқорлық схемасы арқылы жасауға қатысы болды деп таныды. Gunvor-ға шамамен 95 млн доллар айыппұл төлеуге бұйрық берілді.

4. Нарық қайда?

Мұнайшылардың барлығы көмірсутек пен шикізатты жеткізу бойынша әлемдік сауда нарығының тыныс-тіршілігін толық біле бермейді. Басқалар да бұдан бейхабар. Алайда Қазақстан нарығын талқылау кезінде неге екені белгісіз барлығы біздің нарықтың жетілмегенін, ал әлем нарығы дамып кеткенін, бұл жақта бәсекелестік бар екенін алға тартады. Өкінішке қарай, бұлай емес. Бізге классикалық экономика кітаптарынан үйретілген таза нарық тек кітаптарда ғана бар шығар. Шындық бұл модельден алыс. 10 ірі трейдердің үлесіне әлемдік мұнай және мұнай өнімдерін жеткізудің 20-30%-ға жуығы келеді. Шамамен осынша бөлігі ОПЕК-тің мұнай өндіруші елдерінің "сауда үйлеріне" тиесілі. Brent және WTI котировкаларына қатысты нарықтың шынайы бағасы қалай қалыптасатынын бұған дейін жаздым. Бұған жаһандық инвестициялар мен хеджирлеу қорларын қосыңыз. Олар да баға белгілеумен ойнайды және сауда-саттықтың бағасын төмендетіп немесе көтеріп отырады. Осыдан нарық қайда деген сұрақ туады. Нарық деген осы. Жетілмеген, алайда өз ережесі бар нарық. 

5. Дұрыс армандау керек 

2016 жылы "ҚазМұнайГаз" халықаралық трейдерлер арасында болашақта Теңізден мұнай жеткізуге аванс беруге қатысты тендер өткізді. Мұнда ұлттық компанияның 20% үлесі бар еді. Бұл тендерде Vitol жеңіп, ҚМГ-ға жобаларды қаржыландыру, кредиттерді өтеу және т.б. үшін 3 млрд долларды алдын ала ұсынды. Егер қателеспесем, бұл мәмілені ҚР Бас прокуратурасы тексерді. 

Кезінде адамдар ҚМГ-да жұмыс істеуді армандайтын. ҚМГ қызметкерлері өздері туралы "ҚазМұнайГаз қызметкерінің бір белгісі – ТШО-да жұмыс істеу" деп қалжыңдайтын. Меніңше, бұл жерде әлемдік трейдерлердің жұмысын визуализациялау дұрыс болатын еді. Айтпақшы, олардың өте  қызық моделі бар. Қызметкерлерге әлемдік стандарт бойынша төмен жалақы төленеді. Бірақ сауда мәмілесі бойынша таза кірістен пайыз беріледі. Бұған қоса олар өз нарығындағы операция бойынша кең өкілеттікке ие болады. Уақыт өте келе негізгі қызметкерлерлер серіктес болады және компания акциясының пайызына ие болады. 

6. Аққан дизель, жатқан астық

Дизель отыны тапшы болып жатқаны баршаға белгілі. Астыққа қатысты да осындай мәселе туындап жатыр. Үкімет астық экспортын шектеуге тырысуда. Алайда астық шектеу қойылмайтын басқа сынып бойынша экспортталуда. Биылғы жыл әлемде де, Қазақстанда да төмен өнімділік тіркелді. Біз дәнді дақылдардың үштен бір бөлігінен айырылдық, соңғы рет мұндай жағдай 2012-2013 жылдары болды. Сол жылдары ауылшаруашылығы өнімдерінің бағасы 20-30%-ға өсті.

Менен дизель тапшылығынан қалай құтылуға болатын еді деп жиі сұрайды. Тапшылық шетелдік жүк көліктеріне Қазақстан шекарасынан лимиттен тыс дизель отынын тасуға тыйым салынғанда өршімес еді. 

Алайда еркін нарық мүмкіндігінше молырақ ақша табуға тырысады. Мақсатына жету үшін барлық көлеңкелі экспорттық схемаларға қадам жасайды. Бұл ретте ірі бизнес жауапкершілік танытады. Мысалы мемлекет ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынын жеңілдікпен жеткізуге қатыспайды, ал ҚР ірі мұнай трейдерлері биыл ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге 800 мың тоннадан астам мұнайын өнімін нарықтағы бағадан төмендетіп берді. Шағын және орта бизнес ауқымы мен экономикалық мүддесіне байланысты мұндай міндетті атқара алмас еді. 

Астыққа қатысты жағдай бұдан күрделірек. Көптеген шаруашылықтар шықпай қалған егін көлемін жоғары экспорттық бағамен толтыруға тырысып жатыр. Қоғам әдеттегідей мемлекеттік резервтегі сатып алуға күмәнмен қарайды. Өйткені мемлекет бағаны ұстап тұру және тапшылықты болдырмау функциясын сирек орындайды. Көктемде картоптың келісі 500-700 теңгеден сатылғаны есіңізде болар.

Жоғарыдағы жағдайға тағы бір жүйелі мәселе қосылды. Өзбекстан бірнеше жылдан бері бізге астық пен ұнды үшінші елдерге жеткізуге кедергі келтіріп келеді. Бұл үшін транзитке жоғары тариф орнатты. Сонымен қатар бізден астықты қайта өңдеу үшін сатып алып, кейін оны айтарлықтай маржамен қайта сатып жатыр. 

Қазақстанда ұнды қайта өңдеу көлемі бірнеше жылдан бері төмендеп кетті. Астықтың сыртқа шығуы көбейді. Шектес мемлекеттердің нарығын жоғалтып жатырмыз. Себебі жергілікті ойыншылардың мүддесі әртүрлі. 

Мәселе 2-3 ірі астық трейдерлері арасында туындаса, оны өзара келісіп шешуге болатын еді. Әзірше біз ұн мен нан айтарлықтай қымбаттамайды және ел ауылшаруашылығы тауарының тапшылығына тап болмайды деген үмітке иек артамыз. 

7. Эволюция

Міне, біз 13- жарияланымның соңғы тезисіне жеттік. Иә, иә, маған материалдарым көлемді болатыны туралы жиі айтады. Алайда мәселеге жүйелі түрде қарап, әлемге жаһандық жағдайды тиісінше жеткізу қажет. 

Біз мұнай және мұнай өнімдері саудасы әлемінде таза нарық жоқ екенін көріп отырмыз. Бизнесін мұнай саудасынан бастаған жаһандық трейдерлер ұзақ уақыттан бері шикізат тауарының кең спектрін жеткізуге көшті. Бізге үнемі сын айтып, ірі мұнай трейдерлеріне кедергі келтірудің  қажеті жоқ шығар? Бәлкім, олардың дамуының келесі кезеңі жаһандық ойыншылардың үлгісіндегі бизнес моделі болар. 

Мен бұл нарықтың контурларын келесі материалдарда көрсетуге тырысамын. Мысалы Қазақстанда "азық-түлікке айырбасталатын мұнай" схемасы жақсы жұмыс істеуі мүмкін. Ауылшаруашылығы кәсіпорындарының егін егу және ору науқаны кезінде жанар-жағармайға мұқтаж болуы сынды келеңсіздікті бартерлік-фьючерстік мәмілелермен, уәкілдердің кепілдігімен нормативтік және биржалық база қалыптастыру арқылы шешуге болады. 

Менің ойымша, ірі шикізат трейдерлері Өзбекстанмен және басқа да көрші елдермен кең ауқымды мәселелер бойынша келіссөз жүргізсе, ел мүддесін қорғай алады. Біз бала кезімізде "Шаруа және оның ұлдары" деген шығарманы бекер оқыған жоқпыз. Онда бір сыпырғыш шашыраңқы шыбықтардан күшті екені нақтыланған еді.

БАҚ өкілдерімен, таныстарыммен дизель отыны нарығындағы жағдай  бойынша әңгімелескенде бұл нарықтық ешкімге ұнамайтынын естимін және тұрақтылық қажет екенін түсінемін. 

Бірақ бұл жерде тұрақты ойын жағдайын тек ірі және әлеуметтік жауапты бизнес қана қамтамасыз ете алатынын ұғыну керек. Осы ретте Қазақстанда көпсалалы трейдерлер эволюциялық жолмен пайда бола ма, әлде бізді көрші елдер базып оза ма деген сұрақ туындайды. 

P. S. мүмкін, 31-корпоративтік көшбасшы – бұл болашақ шикізат трейдері болар, ол бізге империялық көңіл-күй сыйлар. 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу