Қоғамда әйелдің статусы "тұлға", "адам" деңгейінде қалыптаспаған

1984

Қазіргі кезде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейді.  

Қоғамда әйелдің статусы "тұлға", "адам" деңгейінде қалыптаспаған

Оның себебі қоғамда әйелдің статусы "тұлға", "адам" деңгейінде қалыптаспаған. Әйелді ер адамнан төмен қойғаны үшін, оны объект, иемдену құралы ретінде қабылдағаны үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық көп және соның нәтижесінде жылына 400 әйел өз күйеуінің қолынан көз жұмады. Қаншасы мүгедек болып қалып жатқанын ешкім есептеп жатқан жоқ. Бұл мәселені баяғыдан көтеріп жүрген қоғам белсенділері және менің дауысым ешкімнің құлағына жетпеді. Заң күшеймеді, әйелдер қорлана берді. Түрмелерде отырған қылмыскер әйелдердің 68%-ы өз күйеуінен қорғанамын деп абайсызда өлтіріп алған әйелдер. Өкініштісі атышулы экс-министр әйелін өлтірмегенше бұл мәселеге қоғам көз жұмып келді.

Еркектер әйелдерді биыл ұра бастаған жоқ, баяғыдан ұратын. Бірақ осы жылы бұл тақырып жан-жақты көтерілгендіктен мұның бәрі ашық айтыла бастады. Осы уақытқа дейін әйелдер көбінесе үндемейтін, шыдап жүре беретін. Қазір оған шыдамайды.

Біз барлығымыз зорлық-зомбылық туралы заңның қабылдануын қалаймыз. Бұл мәселеде мынадай жайт бар. Көпшілік мұндай қатігездікке қолы бос, жұмыс істемейтін, жағдайы төмен ер азаматтар барады деп ойлаймыз. Шын мәнінде солай ма? Абьюз деген нәрсе ол ешқандай статусқа, әлеуметтік жағдайға байланысты емес. Ұратын еркек ол қандай қызмет атқарса да ұрады, қандай ақылды болсада, "Болашақ" бағдарламасымен оқып келсе де ұрады. Сондықтан қыз-келіншектерге айтарым, зорлық-зомбылыққа көнбеу, төзбеу керек. Қыз балаларды солай тәрбиелеу керек. Қазір халық арасында "қызыма агрессорға шыдама, қол көтерсе кетіп қал" деп айтамын деп, жазып жатқандар көп. Бұл дегеніміз не? Қоғам осылай-осылай жөнделеді. Ешқандай психологиялық, физикалық абьюзге төзбеу керек. Оған шыдауға болмайды.

Абьюз қай кезде туындайды? Ол теңсіздік болған кезде туындайды. Бізде қоғамда "еркек бір саты жоғары" дейтіндер көп. Сондықтан әйел өзін төмен сезінеді. Сондықтан қыз-келіншектер көп қысым көреді.

Жалпы отбасында татулық болуы керек. ерлі зайыптылар бір команда болуы шарт. Ортаға үшінші тарап түспегені абзал. Бір жағадан - бас, бір жеңнен - қол шығарып, тату-тәтті өмір сүруге ұмтылуға тиіс.

Қазір ата-аналардың балаға деген қатыгездігі туралы да жиі естиміз. Бұл Кеңес одағының мұрасы. Баланы жазалау, булинг жасау сол заманның әдеті. Бұрышқа тұрғызу, белдікпен ұру кеңес одағының кино және мәдениетінде кеңінен насихатталған әдістер. Өкініштісі қанша жылдар бойын қалыптасқан осы психологиядан арыла алмай келеміз.

Бұндай жайттарды алдын алу үшін ұлдың да, қыздың да тұлғалық дамуын қолға алу керек. Еркек балаға "сен қашан да биіксің", қызға "бір саты төменсің" деп үйретуге болмайды. Барлығы тең және тең құқылы. Ал қазір қоғамның дертіне айналған зорлық-зомбылық дәл осы теңсіздіктен шығады.

Қазақстанда бір ғана идеология болу керек – бәрінің дәрежесі мен құқығы бір, заңның алдында министр де, даяшы да тең деген құндылық қалыптасу керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу