Көрші мемлекеттерге үміттенбей ішкі су қорларын барлау жұмыстарын бастау керек

2447

Елімізде 1,3 млн гектар суармалы жер болса, оның 290 мың гектарында ғана суды үнемдеу технологиялары пайланылады. 

Көрші мемлекеттерге үміттенбей ішкі су қорларын барлау жұмыстарын бастау керек

Қазақстан су ресурстары бойынша көрші мемлекеттерге тәуелді. Шығыс өңір Қытайға, оңтүстік Өзбекстан мен Қырғызстанға, Батыс Қазақстан Ресейге. Біздің өз елімізде су ресурстары қалыптаспайды. Сондықтан, әрине, жылдан-жылға оның тапшылығы байқала береді. Себебі көршілес мемлекеттер де өздерінің ауыл шаруашылығын дамытып, егістік алқаптарын ұлғайтып жатыр. Олардың өздеріне де су керек.

Көрші елдермен су ресурстары мәселесіне қатысты келіссөз жүргізетін лауазымды тұлғалар өз позицияларына берік болып, ел мүддесі үшін барын салуы шарт. Себебі Қазақстан көршілерден су алса, орнына энергия сынды басқа ресурс береді. 

Бұған дейін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та осы мәселені көтеріп, алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін деген еді. 

Біздің елде судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалады. Соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кетеді. Оның себебі елімізде арықтар ескірген, каналдар тозған. 

Көптеген шаруалар егістік алқаптарын әлі ескі әдіспен суарады. Суды бұрынғыдай арықпен жібереді. Тамшылап, жаңбырлатын суару деген де қолданылады. Бірақ елімізде 1,3 млн гектар суармалы жер болса, оның 290 мың гектарында ғана суды үнемдеу технологиялары пайланылады. 200 мың гектары жаңбырлатып суару, 80 мың гектары тамшылатып суарылады. Ал қалғаны, яғни көбі бұрынғы әдісті қолданады.

Мұның басты себебі – шаруалардың қаржылық жағдайы төмен. Өйткені бұл жүйелердің барлығы өте қымбат. Әрине, оларға субсидия беріледі. Дегенмен көптеген шаруалардың қалтасы мұны көтере бермейді. 

Сондықтан бірінші кезекте инвестициялық субсидия бағдарламасы аясында аталған жүйелердің бағасын қайта қарап, қаржы көлемін арттыру керек. 

Екіншіден, су тапшылығы басталғандықтан, ішкі мүмкіншіліктерді іздеу керек. Нақтырақ айтқанда, еліміздің жерасты су қорларын барлау жұмыстарын бастау шарт. Кеңестік кезеңде мұндай жұмыстар жүргізілген. Жерасты су қорлары анықталып, оның картасы да жасалған. Сол архивтер де бар шығар. Соларды көтеру керек немесе биологиялық барлау жұмыстарын қолға алу маңызды.  

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу