Ал тұтынушы дегеніміз сіз бен біз. Әрине, бұл барлық тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуіне әкеледі. Бұл әрбір қазақстандықтың қалтасын қағады. Әсіресе, табысы төмен, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтар үшін ауыртпалық әкелуі мүмкін.
Шағын және орта бизнес зардап шегеді. Себебі ҚҚС ставкасының көтерілуімен бірге қосымша құн салығының тіркелу шегін 15 миллион теңгеге төмендету ұсынылып отыр. Мемлекет бизнестің90%-ына салық салуды көздеп отыр деген сөз. Меніңше, бұл адамдардың өз кәсібін бастап, оны дамытуға ынталандыратын шара емес. Бюджетке төлеуге берілетін ҚҚС мына формула бойынша есептеледі: сату бойынша айналымнан түскен ҚҚС- жеткізушіге төленген ҚҚС, оның айырмашылығы бюджетке төленеді. Осылайша бұл тізбектеліп соңғы тұтынушыға дейін жалғасады.
Әсіресе, ҚҚС есептеудің деңгейі төмен салаларға айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, мысалы қызмет көрсету саласы (қонақ үйлер, туризм, консалтинг, заңгерлік және бухгалтерлік қызметтер және тағы басқалар). Өйткені қызмет көрсету саласындағынегізгі шығынға еңбекақы жатады. Үйлердегі шағын сауда, қоғамдық тамақтану орындары. Бұл көбінесе бастапқы құжаттар берілмейтін базарлардан тауарлар мен азық-түлікті сатып алған жағдайларға қатысты. Осындай компанияларға қосымша жүктеме артылып, ол тауардың немесе қызметтің бағасына қосылады. Кәсіпкерлер баға бәсекелестігіне төтеп бере алмаған жағдайда, нарықтан шығып, бизнесін жабуға мәжбүр болады.
Ең әуелі бірінші қажеттіліктегі тауарлар үшін қосылған құн салығын 12%-да қалдыру керек, бұл теріс әсерді азайтуға көмектеседі. ҚҚС-ның көтерілуі әсер етпейтін осындай тауарлардың тізімі болуы тиіс. Бәлкім сараланған ставкалар қолданған жөн. Мұндай сараланған тәсіл көптеген елде бар. Мәселен, Ресейде жалпы ҚҚС мөлшерлемесі 20% болғанымен, 10% және 0% ставкалар да бар. Бұл төмендетілген мөлшерлеме тамақ өнімдеріне, дәрі-дәрмектерге қолданылады.
Қосылған құн салығы 20%-ға көтерілсе, өзгеріс барлық саланы қамтиды. Бұл біртіндеп бағаның көтерілуіне әкеледі. Бұл өзгеріс ешкімді айналып өтпейді, себебі бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Өнім сататын адам, бензинсатып алатын адам және тағы басқалар. Электр энергиясы, газ және бензин тарифтерінің көтерілуі жоспарланып отыр. Осыдан-ақ қорытынды жасауға болады.
Мәселенің түп тамырына зер салатын болсақ, бізде мемлекет салықтардан түскен қаражатқа қарағанда көп жұмсайды, солай ғой? Соңғы жылдары шығындарды қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан трансферттер пайдаланылды. Ақша жетуі үшін салықтық кірістерді арттыру керек немесе шығындарды қысқарту қажет. Бірақ осының екінші бөлігі туралы ешкім айтпай отыр. Қазір қоғамды бюджет түсімдерін ұлғайту үшін көбірек салық төлеу керек деген ойға дайындап жатыр. Десек те, мемлекеттік бюджеттің тиімді емес және қажетсіз шығындарын қысқартуға қатыстырезервтер де бар, бұл туралы жыл сайын Есеп комитеті баяндайды.
Бұдан бөлек бюджеттің кірісін арттыруға қатысты резервтер бар. Мәселен, Салық кодексінің жобасында банктерге арналған корпоративтік табыс салығының мөлшерін 25%-ға дейін көтерумәселесі талқыланып жатыр. Банктер жоғары маржа алады, оларды қаржылық делдалдар деуге келеді. Бұл қатарға сақтандыру компанияларын, ойын бизнесін және басқа да қаржы ұйымдарын жатқызуға болады. Осылайша шағын және орта бизнеске түсетін жүктемені төмендетуге болар еді.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін