Қазақстанның мұнай-газ өнеркәсібі саласында бірнеше кәсіподақ ұйымы қатар жұмыс істейді. Олардың ішінен "Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы" қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің мүшесі, Атырау облыстық филиалының төрайымы Салтанат Рахимовамен жүздесіп, бірқатар сауал қойған едік.
– Алдымен "Қазмұнайгазкәсіп" кәсіподағы жөнінде бір ауыз сөз. Соңғы жылдары сіздер араласқан еңбек даулары мен олардың қалай шешілгені жөнінде де айта кетсеңіз.
– "Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағы" ҚБ жеті жыл бұрын құрылған. Оның құрамына 40 мың жұмысшыдан тұратын 44 жергілікті кәсіподақ кіреді. Осы уақыт аралығында "Қазмұнайгазкәсіп" кәсіподақтар жүйесінде толыққанды әлеуметтік әріптеске айналып, республикалық салалық келісімдерге қол қойып келеді. Біздің мақсатымыз – ҚР "Кәсіподақтар туралы" заңын басшылыққа ала отырып, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік еңбек мәселелері бойынша құқықтары мен мүдделерін қорғау. Осы мақсатта мониторинг жүргізіп, жұмысшылар тарапынан реніш, наразылық туындайтын жағдайлар болса, оның себептерін анықтап, әрі қарай ушығып, түрлі жағдайларға ұласып кетпеуінің алдын алып отырамыз. Мәселен, былтыр "РауанНалко" ЖШС 35 жұмысшыны аустсорсинг арқылы жұмыс істеуге шығарып, қысқартатынын айтып, бір ай бұрын ескерту берген. Біз бұл адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қысқартуды көтермейтінін анықтағаннан кейін араласып, оларды орнында қалдырдық.
Өкінішке қарай, қазір шағын, орта бизнеске тексеруге Президентпен жарияланған мораторийге байланысты кейбір жауапсыз кәсіпорындар еңбекші құқығын бұзған кездерде еңбек инспекциясы тексеру жүргізуге қолы байланып қалатын реттер кездеседі.
Біз, мемлекеттің шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған шаралар кешенін қолдаймыз. Шағын және орта бизнесті дамыту-кез келген ел экономикасының негізі. Өз қызметкерлерінің құқықтарын сақтайтын кәсіпорындар, мемлекеттік органдар тарапынан артық бақылаудан қорғалуға тиіс. Алайда бизнес саласы да құқықтық негізде заңға сәйкес жұмыс істеуге міндетті, мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету барысында жұмысшы құқықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс.
Қазіргі уақытта еңбек инспекцияларымен мораторийге сілтеме жасай отырып, жұмысшылардың ҚР еңбек заңнамасын сақтау мәселелері жөніндегі өтініштері қаралмау фактілері жиі кездеседі.
Жұмыс берушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау мақсатында жарияланған мораторий жауапсыз жұмыс берушілердің асыра сілтеушілігіне жол беріп, қызметкерлердің наразылығын тудыруда. Қызметкерлер кімге және қайда жүгінуі керек?
Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 26 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасында тексерулер жүргізуге, профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы" Жарлығына қызметкерлер мен олардың өкілдерінің, кәсіподақтардың ҚР еңбек заңнамасын сақтау мәселелері, оның ішінде жалақыны төлемеу, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі шағымдары мен өтініштері бойынша тексерулерге мораторий талаптарын қолданбау туралы өзгеріс енгізу мәселесін көтердік.
Дегенмен, қалай дегенде де, еңбекшілердің құқықтарын қорғаудың ең басты негізі - еңбек заңнамаларын өзгерту болып отыр. Өкінішке қарай, 2007 жылғы Кодексте жұмыс берушінің міндетіне жүктелген индекстеу 2016 жылы қабылданған Еңбек кодексінде алынып тасталды. Қазіргі күні "Теңізшевройл" сияқты ірі компаниялар жыл сайын 5-10 % көлемінде еңбекақыны ерікті түрде инфляция деңгейімен индекстеп отырады. Біз бұл норманы қайтадан енгізу үшін жұмыстанып жатырмыз.
Сол сияқты, жаңа Еңбек кодексінің көп жағдайда сілтемелік сипатта болғаны да көңілімізге қонып отырған жоқ, атап айтқанда, онда көп жағдайда ұжымдық шартқа сілтеме жасайды. Бұл, бір жағынан, жұмыс берушіге басымдық берсе, екінші жағынан, жұмысшының құқығы сақталатына ешқандай кепілдік ұсынбайды.
"Әлеуметтік бағытталған" деп аталатын компанияларда еңбек заңдылығының сақталуына баса көңіл бөлінеді, алайда, кейбір мекемелерде ұжымдық шарт мүлдем жасалмаған, ал заңда оны міндеттейтін норма тағы жоқ. Егер жұмысшылар ұжымдық шарт жасамаған болса, кәсіподақ құрамына кірмеген болса – олардың құқығын кім қорғамақ?! Осындай кезде көптің арасынан белсенді азаматтар да пайда болып жатады, олар құқықтық жағынан сауатты болып, еңбек талабының сақталуын заң жүзінде талап ете алатын адамдар болса құба-құп, алайда, дау-дамайлар шешімін таппағандықтан күндердің бір күнінде шиқандай жарылып, жұмысшылардың көшеге шығуға мәжбүр болып жататынын көріп жүрміз.
– Соңғы екі ай ішінде еліміздің батыс өңіріндегі мұнай кәсіпшіліктерінен бірнеше ұжым жалақыны өсіруді талап етіп, наразылық білдірді. Белгілі болғандай, олардың көпшілігі ешқандай кәсіподақ мүшелігінде жоқ болып шықты. Сіздіңше, мәселеге кәсіподақтың араласуы оның неғұрлым оң шешілуіне ықпал етеді ғой?
– Кәсіподақ коммерциялық құрылым емес, ол жұмысшылардың құқығын қорғап, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуды көздейді. Кез-келген сауатты жұмыс істейтін, беделді кәсіподақ өзінің мүшелерін ереуілге шығуға шақырмайды, ол алдымен жұмыс берушімен келіссіз жүргізіп, жұмысшылар құқығының бұзылып отырғанын заң тұрғысынан дәлелдеп беруге күш салады. Сондай-ақ, тараптар кәсіподақтың дәлеліне құлақ асып, сөзіне жүрдім-бардым қарай алмас еді деп ойлаймын. Менің бұл сөзімді жұмысшыларды ереуілге шығуға шақыру деп біржақты түсінбеуді сұраймын, алайда егер жұмыс беруші талапты орындаудан мүлдем бас тартқан жағдайда кәсіподақ ереуілдің заңда көрсеткен талаптарын сақтай отырып жүзеге асқанын қадағалайды, нақтылай кетсек, ол үшін жұмысшылардың көп бөлігінің қолдауы, талаптарын алдын ала жазбаша жолдау, еңбек инспекциясына жолдау, тағы басқа әрекеттер талап етіледі.
– Пандемия өнеркәсіптің саласындағы кәсіпорындардың жұмысына қалай әсер етіп отыр?
– Пандемия кезіндегі басты өзгеріс – компаниялардың қашықтықтан жасауға көшіп, бейімделуі болды. Соның ішінде, жұмысшыларды тасымалдаудан бастап, тамақтануы, ПТР-тестілеуден өтуі ескеріліп отырды. Жатақханада бір қабатта жататын жұмысшылар саны азайтылды. Сонымен қатар, вахта ұзақтығына өзгеріс енгізілді, бұрын ол көпшілігінде 14/14 күн құраса, енді отыз күнтізбелік күннен асырылмай 28/28 болып белгіленді. Жұмысшылардың бұдан артық мерзімге де қалғанын естідік, бірақ, бұл жағдайда олардың рұқсаты алынып, 1,5 немесе 2 айлық жалақы көлемінде өтемақы төленген.
Жұмыс көлемі күрт азайып кетуі себепті оны тоқтатуға (простой) мәжбүр болған мекемелер де бар. Олар пандемия кезінде мүмкіндігінше жалақының елу пайызы көлемінде төлеуге тырысып, тамыз айынан бастап 42500 теңге төлеуге көшті. Бір қуантарлығы, қазір жұмыс ауқымы қайтадан көбейе бастады, көп ұзамай бұрынғы қалпына келеді деп күтіп отырмыз.
– Атырау облысы короновирус көрсеткіші жағынан бірнеше мәрте "қызыл аймақтан" көрінді. Ол жөніндегі статистикалық мәліметтердің басым бөлігін Теңіз кенішінде жұмыс жасайтындар құрап келеді. Осыған байланысты Теңіз кен орнын анклав ретінде облыстан бөлек қарастырып, ауырғандар санын бөлек есептеу жөнінде ұсыныстар айтылып жүр. Сіздің ойыңыз?
– Теңіз кен орнында жасайтындар аспаннан түскен адамдар емес, осы елдің, облыстың тұрғындары емес пе?! Мен былайша нақтылар едім. Егер Теңізге басқа өңірлерден келген мұнайшыларға байланысты көрсеткішті бөліп қарастырамыз десе келісуге болатын шығар. Мәселен, Қызылорда облысынан қатынап жасайтын жұмысшы ауырып емделсе оны сол облыстың статистикасына жіберуге болады. Ал жергілікті жұмысшылар осы жердің тұрғындарымен байланысқа түседі, сондықтан, оны бөліп-жарып қарау еш мүмкін емес. Бұдан бөлек, Теңіз кенішінде жұмыс көлемі азайған кездерде жергілікті жұмыс күшіне басымдық беріп, алдыңғы кезекте соларды қамту керек деген ұсыныс айтып жүр, мен оны дұрыс деп есептеймін.
– "ҚР заң актілеріне жалдамалы еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын талқылау барысында кәсіподақтар жалдамалы еңбекке заңды түрде тыйым салу мәселесін бірнеше мәрте көтерді. Алайда бұл ұсыныс қолдауға ие болып, шешімін таппаған сыңайлы. Сіздіңше, жалдамалы еңбектің тиімсіз тұстары қандай?
– Қазіргі таңда мұнай-газ өнеркәсібі кәсіпорындары үшін қызметкерлерді кадрлық агенттіктер іріктеп, қызметкерлермен тікелей еңбек шартын жасасады. Егер кәсіпорын "өз" қызметкеріне түрлі бонус, өтемақы, сыйақы төлейтін болса, жалдамалы қызметкерге олар төленбейді, яғни, бұл - жұмыс беруші үшін қолайлы әдіс болып табылады.
Сондай-ақ, біздің пікірімізше, аса қауіпті еңбек жағдайында жалдамалы еңбек қолданылмауы тиіс. Себебі, жұмыс барысында жазатайым оқиғалар болып, өндірістік жарақат алған немесе денсаулығы нашарлаған жағдайда жалдамалы қызметкердің құқығы аяққа тапталады. Басқаша айтқанда, оның жауапкершілігін алуды бір мекеме екіншісіне ысыра салады деуге болады.
ҚР еңбек заңнамасына, еңбек және ұжымдық шартқа сәйкес қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасау, өндіріс орындары мен технологиялық процестерде жазатайым жағдайлардың алдын алу жұмыстарын жүргізу жұмыс берушіге міндеттеледі. Ресми жұмыс берушілер болып табылатын кадрлық агенттіктер жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ете алмайды. Себебі, кадрлық агенттіктер қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуын, еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік стандарттарының сәйкестігін бақылай алмайды, тіпті олар мұнай-газ саласындағы қауіпті өндірістік объектілерге барып кіре де алмайды, оған тапсырыс беруші компания рұқсат бермейді. Сондықтан, кадрлық агенттіктер мұнай-газ саласының кәсіпорындары үшін кадрларды іріктеумен ғана айналысуға тиіс, олардың қызметкерлермен еңбек шартын жасасуына тыйым салынуы қажет.
Осы орайда біз жалдамалы еңбек күшін тартқан жағдайда ол жұмыс берушіге қаржылық жағынан тиімсіз болуы керек деген пікір білдіргенбіз. Егер жұмыс беруші жалдамалы жұмысшыға сыйақы, бонус, үстемақылар төлейтін болса, ол рекрутингтік компанияның қызметіне жүгінбей, өз күшін пайдалануға тырысар еді.
– Көпшілік арасында "мұнайшылар көп табады" деген түсінік бар. Олардың ереуілге шығуына байланысты да "жалақылары көп емес пе, соны азсынған ғой" деген әңгімелер айтылады. Сіз не айтасыз?
– Заңсыз ереуілге шыққан адамдар ол үшін жауапкершіліктің барлығын, одан кейін жұмыс беруші қырын қарап, қысымшылыққа ұшырауы мүмкін екендігін жақсы түсінеді, солай болса да тәуекелге барады. Сол себепті, олар проблема қордаланып шешімін таппағанда, басқа жол қалмағанда ғана талап -арызын ашық білдіріп шығатыны анық. Шын мәнінде, жұмыста жағдайы жасалған, оған көңілі толатын адамдар көшеге шығады деу қиын. Айталық, кей компанияларда жалақы өте жақсы болады, ал, кейбіреуінде жалақы төмен, бірақ, оның есесіне қызметкерге үй сатып алуға төмен пайыздық несие алып беру, баласын жоғары оқу орнында тегін оқыту, демалыс орнына жолдама беру, т.с.с. қарастырылған тиімді әлеуметтік пакет ұсынады; тағы бір кәсіпорындар жалақысы аз болғанмен жыл соңында қомақты сыйақы беріп, қолайлы ұжымдық ахуал қалыптастыруы, қызметкерінің мұң-мұқтажын шешуі мүмкін – бұл жұмыс берушінің қарамағындағы адамдармен санасатынын көрсетеді. Ал жұмысшыны тек пайда әкелуші, пайда көзі деп қарастырған кезде ұжымда тұрақтылық, жұмысшыда ертеңіне деген сенім болмай, реніш туындайды. Мен ереуілдің қолдаушысы емес екенімді айттым, бірақ, жұмысшылар оған шығып жатса қандай да бір себептердің болғаны және ол үшін ешкімді қудаламау керек деп ойлаймын.
Қазіргі күні мұнай қорының азайғаны, оның жұмыс көлеміне әсер еткендігі, басқа да сылтаулар айтылуда. Алайда, бұл айтылғандар кәсіпорында еңбек ететін адамдардың жалақысын төмендетуге негіз болмауы тиіс. Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы бойынша, төленетін еңбекақы адамның өзі мен отбасының қажеттіліктерін өтеуге жетуі қажет. Бұдан бөлек, вахталық әдіспен жұмыс істейтіндердің бірнеше уақыт бойына отбасынан, жайлы ортадан тыс жерде жұмыс істейтінін ескеру керек, мұның өзі қызметкерге психоэмоционалдық жағынан күш түсіретін фактор болып есептеледі.
Мұнайды маңдай терімен өндіріп, экономикамызға зор үлес қосып отырған мұнайшының мұң-мұқтажына жүрдім-бардым қарауға болмайды. Біздің кәсіподақ осыны мақсат етеді.
Жазып алған Құралай Қуатова
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін