Президент өкілеттіктерін азайту көрші елдер үшін тосын оқиға болмақ

2537

Қазақстанда демократиялық өзгерістерге беталыс жалғасып жатыр. Конституциялық заңға бірқатар өзгерістер енгізу халық талқысына түсіп, референдумнан өткізілмек. Жалпыхалықтық референдумның қорытындысынан кейін қандай өзгерістер күтіп тұр? Өзгерістерді қоғам бірден сезіне ала ма? Саяси, демократиялық даму мен мемлекеттік басқару ісі шын мәнінде оңтайландырылып, беталыс халыққа қаншалықты жайлы болуы мүмкін?  

Президент өкілеттіктерін азайту көрші елдер үшін тосын оқиға болмақ

Әрине, кейбіреулер күткендей бірден күрт өзгерістер бола қоймайды. Мемлекеттік істе бас-көз жоқ күрт өзгерістерді бір мезетте жасай салу әрі күрделі, әрі оның қауіпті жағы да болса керек. Аздаған жаңа өзгерістердің өзі әзірге қоғамда әрбір адам сезінерліктей нәтиже алып келуі мүмкін. Ал Президенттің уәдесіне қарағанда, алдағы уақытта қоғамды демократияландыру ісі жалғаса бермек.

5-маусымда өткізілетін референдумда 33 бап бойынша 56 өзгеріс енгізу көзделген. Ал сайлаушылар оның бәрін жіктеп, ара-жігін ажыратып жатпайды. 56 түрлі өзгеріс үшін бір ғана сауалға жауап береді. Осыншама өзгерісті бір ғана жауаппен не құптайды, не құптамайды. Негізі 56 өзгеріс үлкен қоғам, мемлекет үшін көп те емес. Сондықтан өзгеретін нәрсенің өзі шамалы ғана. Дегенмен осының өзі бүгінгі таңда қоғамымыз үшін өте қажет әрі алдағы жылдарда болуы тиіс үлкен өзгерістердің баспалдағы.

Халық талқысына салынып жатқан өзгерістердің бәрін атап шықпағанның өзінде негізгілерін айта кетудің реті келіп тұр. Мысалы халықтың меншігі деген заңнамалық термин енгізіледі. Оған  жер, оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар жатады. Парламент мәжілісінде 98 депутат болады. Олардың бір бөлігі партиялық тізіммен, екінші бөлігі кандидаттарға халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланады. Ал міндетін дұрыс атқара алмай маужырап жүретін болса, сайлаушылар ондай депутаттың мандатын кері қайтарып алуға құқылы.

Республика Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының және өзге де соттарының төрағалары мен судьялары ешқандай партияға мүше болмайды. Партиялар мен кәсіподақтардың  қатарына Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелері, әскерилер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері  де алынбайды. Бұл тізімге бюджеттен жалақы алатын ірі құрылымдар – білім беру мен денсаулық сақтау салалары енгізілмепті.

Президент те ешбір саяси ұйымға кірмейді. Оған қоса Президенттің туыстары мемлекеттік лауазымдық қызметтерді атқармайтыны, болашақта  экс-президенттердің Конституциялық кеңес пен Конституциялық сот құрамына кіргізілмейтіні де заңмен шегенделіп отыр.

Ең дұрысы – Президенттің өкілеттігі тарылып, Парламент пен Үкіметтің өкілеттігі артады.

Президент облыс, қала әкімдерінің өкімдері мен шешімдерін бұза алмайтын болуы мүмкін. Мұны тек Үкімет не жоғары тұрған әкім бұзады және олардың күші сот тәртібімен де бұзылатын болады.

Президент әкімдерді де тікелей өз қалауынша тағайындай алмайды.

Тағайындау үшін депутаттардың келісімін алуы тиіс болады. Сонда айналып келгенде Президент Парламенттің алдында есеп беріп отыратын болса керек. Халықтың өкілі ретіндегі орган – Парламентке үлкен сенім артылады. Бұл өте жақсы қадам. Парламенттің мықты ролі бар мемлекет болуға қадам жасалмақ. Әрине, бұл Президенттің ролі төмендейді деген сөз емес. Президент ішкі-сыртқы саясат пен әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік басқару істерінен де маңызды жұмыстарды мойнына алуы тиіс. Ол мемлекеттің бағытын қалыптастырады, даму жолын жасайды, ғаламдық орны мен салмағын негіздейді. Қазақстанның әлемдегі іс-әрекеттері мен жолын айқындау, өз еліміздің ішіндегі барлық жаңа бастамалар, әлеуметтік саясатты жетілдіру, игіліктерді пайдалану тәртібі туралы ұсыныстар  Президенттен шығып отырады.

Конституциядағы "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді" деген жолдар толығымен өзгеріске ұшырайды деп күтілуде.

Бұл жолдардың орнына "Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері өзгермейді" деген жолдар жазылады. Тұңғыш Президенттің отбасына мемлекет есебінен көрсетілетін қызметтер мен берілетін игіліктер тоқтатылуы да мүмкін екені әлеуметтік желілерде сөз болып жатыр.

Президенттің өзі "Менің міндетім қоғамға қажетті өзгерістерді жүзеге асыру, халқымызға жарқын болашаққа жол ашу" деп отыр. Ол халыққа мұнымен демократияландыру үрдісі тоқтамайтынын, Қазақстан әлі ұзақ жолдан өтетінін айтты. Президенттің сөзінше, бүкіл әлеуметтік жүйені реформалау мен жаңғырту жұмысы жалғасады.

Жалпы, Президенттің өкілеттіктерінің бірсыпырасы Парламентке өтуі көршілес республикалар үшін тосын оқиға болып әсер етері сөзсіз. Әзірбайжан, Түркіменстан, Тәжікстан елдері үшін тіпті биліктің тізгінін атадан балаға өткізу тән мына заманда біздің еліміздегі өзгерістер, әрине, тың жолға алшақ қадам басқандай әрекет болып көрінсе керек.

Қазақстанда Конституциялық заңның осымен алтыншы рет өзгеріске ұшырауы. Тәуелсіздік алғаннан кейін Конституция алғаш 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылданды. Сарапшалар сол алғашқы қабылданған Конституция өте дұрыс құжат болатын дейді. Ал 1995 жылы Конституция өзгеріске ұшырады. Содан кейін 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 жылдары қайта-қайта жұлмаланып, 55 бап бойынша 1100 өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл жолғы өзгерістердің мақсатын референдум алдында Президент "Басқарудың суперпрезиденттік формасынан ықпалды Парламенті мен жауапкершілігі мықты Үкіметі бар Президенттік республикаға өту" деп түсіндірді.  

Референдумды өткізуге қазынадан 16 миллиард 460 миллион теңге қаржы бөлініпті.

Қаражат дауыс беру учаскелерінің материалдық-техникалық жасақталуына, комиссия мүшелерінің жұмыс ақысына, баспа өнімдерін дайындауға, ақпараттық сүйемелдеуге, билбордтарды орналастыруға, 71 мың учаскелік және аймақтық комиссиялардың еңбекақысына  жұмсалмақ.

Ел ішінде бір референдуммен түбегейлі орасан үлкен өзгерістерді жасап тастауды қалайтындар бар, әрине. Бүгін әзірге жасалып жатқан шектеулі өзгерістерге олардың көңілдері көншімейтін сияқты. Бірақ мұндай жауапты іске майда қадаммен, сүйем-сүйем сыналап кірумен барған да жөн шығар, мүмкін бұл да өзіндік стратегия болар. Бір анығы – елдің бүгіні мен болашағы үшін сөзсіз пайдалы қадам деуге негіз бар.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу