Ресей әр елдің саяси ұйымдарын жіті назарда ұстауға көшті

1766

Жемқорлықта шекара жоқ болса керек. Орыстың жемқорлығы Ресейді қойып, әлемге қанат жайған екен.

Ресей әр елдің саяси ұйымдарын жіті назарда ұстауға көшті

Шетелдегі саяси партияларды, кейбір шенеуніктерді де паралап, оларды құпия түрде Ресейдің пайдасына жұмыс істетіп келген көрінеді. Шет елдердегі президент сайлаулары кезінде Ресей ондағы саяси партияларды іске қосатын болыпты. Ол партиялар Ресейдің ықпалын арттыруға жұмылған, Ресейдің көздеген үміткерін сайлауда жеңіп шығуына күш салған деген мәлімет пайда болды. Шетелдің саясатта жүрген адамдарын парамен тақымдағанда 2014 жылдан бергісінің өзі 300 миллион долларға шығыпты.   

Осылайша, орыс билігі дүниенің түпкір-түпкіріндегі президент сайлауларына астыртын түрде араласып келгені айтылуда. Ондай әрекет Қазақстанға қатысты да жасалды деген дерек жоқ. Дегенмен, кім білсін, Қазақстан шенеуніктері мен партиялары Ресейдің оң жамбасына келгені тағы бар емес пе? Біздің адамдарымызға пара бермей-ақ айтқанын істеткен де болар, бәлкім. Әйтеуір Ресей билігінің шетел партиялары мен шенеуніктерін сатып алу деректерінде Қазақстанның аты аталмапты.

Ресейдің мұндай мақсатқа 300 миллион доллар жұмсағанын The Washington Post гезеті, Германияның әлемге телерадио хабар таратушы Deutsche Welle мемлекеттік мекемесі хабарлаған. Олар АҚШ президенті әкімшілігінің қызметкерлерінің сөзіне және АҚШ барлау қызметінің мәліметтеріне  сүйенген.

Саяси партиялары Ресейдің ақшасына сатылған елдердің тізімі жиырмадан асады. Арасында Албания, Босния және Герцеговина, Черногория, Мадагаскар, Эквадор деген елдер де бар. Келтірілген деректе Азияның да бір елі бар екені айтылған. Барлаудың мәліметінше, сол Азия еліндегі Ресей елшісі президенттікке үміткер адамға миллиондаған долларды қолма-қол бергені келтірілген. Бірақ оның қай мемлекет екенін атамаған.

Ресейдің өзге шет елдің саяси оқиғаларына астыртын араласуы мен ықпал етуі тосын хабар ретінде тарап жатыр. Кремль бұл істе шет елдің осыған икемдендірілген компанияларын, саяси партияларын, бұқаралық ақпарат құралдарын, талдау орталықтарын пайдаланған. Барлау қызметінің дерегінше, орыстың ақшасы ақшасы қолма-қол да, криптовалюта түрінде де берілген, Ресей елшілігінің есеп-шоттарынан да аударылған. Барлау қызметінің ақпаратына сүйенсек, мұндай мақсатқа ақшаның құпия жолмен ең көп аударылуы 2014 жыл болған екен.

Ресей үкіметінің шенеуніктері мен заң орындары шет елдің партияларын қаржыландыруды Федералдық қауіпсіздік қызметі арқылы қадағалаған көрінеді. Қаржы схемаларында соғысқа адам жинаумен айналысатын "Вагнер" ұйымын құрушы Евгений Пригожин, Ресей Госдумасы төрағасының орынбасары Александр Бабаков дегендердің аттары аталады. Александр Бабаковқа АҚШ биыл Америка саясатына ықпал ету мақсатында қастандық ұйымдастырды деген айып таққан.  

АҚШ Мемлекеттік департаменті өз елінің 100-ден астам шетелдегі елшіліктеріне Ресейдің осындай әрекеті жайлы ескертті.  Ескертпеде Ресей астыртын түрде саяси қаржыландыруды жақын күндері Орталық және Оңтүстік Америка, Африка, Таяу Шығыс және Азия елдерінде үдететіні айтылған. Ресейдің мұндай әрекеті халықаралық санкцияларды әлсіретуге және Украинамен соғыс жағдайында шетелде өзінің ықпалын сақтап қалуға бағытталған көрінеді.

Осыған байланысты АҚШ барлау қызметі осы күні Ресей билігінің адамдары мен әр елдің саяси ұйымдарын, президенттікке үміткерлерін жіті назарда ұстауға көшті. Орыстардан бағалы сыйлық, пара немесе басқалай ақы алып, Ресейдің пайдасына жұмыс істеген адамдар болса, дереу әшкерелемек.

Әлемдегі барлық дерлік елдер шетелге ақшаны судай шашады. Бірақ олар шенеуніктер мен партияларға параға деп шашпайды, өздерінің имиджін көтеру мақсатында шығыны үлкен іс-шаралар өткізеді. Біздің еліміз де имидж үшін қаржыны аямайтын елдердің қатарында.

Қазақстанның билігі шетелдің партияларын сатып алыпты деген әңгіме еш жерде болған емес. Еліміз жыл сайын шетелдерде ондаған миллион доллар тастап қайтады. Бірақ ол шығындар шенеуніктер мен саясаткерлерді сатып алуға емес, әлемнің алдында Қазақстанның имиджін көтеруге бағытталған. Осындай мақсатқа соңғы жылдарға дейін жылына 50 миллион доллар жұмсалып келген. Қазақстанның тұлғаларын насихаттау, өнерін паш ету, тарихынан дерек тарату, брендін таныстыру, спортшыларын дәріптеу сынды көптеген шараларымыз шетелде ұйымдастырылып  жатады. 

Имиджді арттырып отырудың Қазақстан үшін маңызы зор. Ондай шаралар елдің абыройы үшін ғана емес, өзге мемлекеттің адамдары ағылып келуі мен шетелдің ірі бизнесіне жайлы инвестициялық орта қалыптастыру мақсатында да керек. Сондықтан миллиондаған доллар шығын болып жатса, оның еліміз үшін пайдасы бар, ал зияны жоқ болса керек.

Рас, шетелдің басым бөлігі Қазақстанды көшпелі тұрмыс жүргізетін далалы өлке деп түсінеді. Сол үшін еліміздің бар жақсысы мен табиғатын, қасиетті орындарын, қазысын, тазысын, домбырасын, киіз үйін, ән-жыры мен тарихта өткен тұлғаларын, құнды мұражай экспонаттарын, киноларын, жаңа астанасын шетелдерде, әсіресе Еуропада насихаттаймыз. Сол жақтың журналдары мен телеарналарында жиі көрінеміз.  Қазақстан Ғұн жұртының, Түркі Қағанаты мен Алтын Орданың мұрагері екенін шетелге дәріптеу ісіне баса назар аударады. Осының бәріне пара жүрмейді, заңды шығындардың күшімен жүзеге асырылады. Біздің еліміз Бумын қаған, Жошы хан, Абылай хан сынды тұлғаларды әлемге паш ететін шаралар жүргізеді, шет тілдерінде кітаптар басады, кинолар түсіреді. Имиджді көтеру шаралары еліміздің өзінде де күн құрғатпай өтіп жататын. Қазір де аз өтпейді. 2019 жылдан бері ондай шараларға ел ішінде шығын шығару біршама қысқартылған.  

Шет ел шенеуніктері мен партияларына және зерттеу орталықтарына пара бермей-ақ жақсы танылып келеміз. Қазақстанның танымалдығы, әсіресе, 2020 жылдан бері арта түсті. Еліміздің имиджін көтеруде Геннадий Головкин мен Димаш Құдайбергеннің өзі не тұрады.

Қазақстан шетелге ықпалын жүргізу мен саясатына араласуды мақсат етіп, астыртын жұмыс жүргізсе, сол жолда керек адамдарды ақшаға сатып алатын болса, еліміздің абыройы төгілген болар еді. Еліміз өзінің жақсы істерімен шетелдердің бетін бері қаратуға тырысады. Жақсы істер мен елдің бетке ұстар тұлғаларын насихаттау, Қазақстанның шын мәніндегі брендтерін көрсету шараларының үлкен шығындары болатыны түсінікті. Ресейге еліктеп шет елдермен арада сыбайлас жемқорлық орнатқан болсақ, АҚШ, Ұлыбританияның барлау қызметтері ол жөнінде айтқан болар еді.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу