Ресей ТМД елдерін санкциялардан қашу үшін пайдаланбақ

2058

Украинадағы соғыстың жүріп жатқанына жүз күннен асып кетті. Оны тоқтату жөнінде жасалып жатқан қандай да бір ірі қадам әзірге байқалып отырған жоқ. 

Ресей ТМД елдерін санкциялардан қашу үшін пайдаланбақ

 

 

Дегенмен екі жақ та титықтап қалғаны аңғарылады. Украина президенті Владимир Зеленский өзінің сөзінде Украина қазір шабуыл жасауға дәрменсіз деген сөзді айтып қалды. Ал саяси сарапшылардың арасында Ресей жағы ТМД елдерінен қару-жарақ пен оқ-дәрі алсам деп иегі қышитынын айтып жүргендер бар. Ресей ТМД елдерін Батыстың өзіне қойған санкцияларын айналып өту үшін пайдаланғысы да келетін көрінеді.

Украина президенті Владимир Зеленский Британияның Financial Times газетіне берген сұхбатында өз әскерінің Ресей әскеріне шабуыл жасауға қауқарсыз екенін айтты.  Бұл сөзді әлемнің саясаттанушылары сан-саққа жүгіртіп жатыр.  Шын мәнінде бұл сөздің өзі стратегия немесе тәсіл болуы да мүмкін. Мұндай сөзімен Владимир Зеленский АҚШ пен Батыс елдерінен қару-жарақты қажетінше алудың амалын жасап отыр деушілер көп. Себебі қару-жарақ лек-легімен толасыз келіп жатқан жоқ, аз-аздан жіберілуде. Зеленскийдің айтуынша, егер Украина әскері қазір шабуылға шықса көптеп қырылып қалады. Себебі Ресейдің әскери техникасы әлдеқайда басым. Сол үшін заманауи әскери техника мен оқ-дәріні АҚШ пен Батыс аямай төгуі керек.

Бұған дейін Украина толыққанды соғыс жүргізу үшін толассыз атқылайтын 60 реактивтік жүйе керектігі айтылған. Бірақ реактивтік жүйенің 20-сы ғана келтірілген көрінеді.

Қалай болғанда да, АҚШ пен Батыс елдері Украинаға ештеңесін аяп жатқан жоқ. Олар Украинаның ел ретінде сақталып, өркендеу жолына түскенін қалайтынын жасырмайды. Дегенмен олар Ресеймен бетпе-бет келіп қалудан жүрексінетін сияқты. Жоғары дәлдікпен өте ұзақтан соғатын қаруларды да там-тұмдап, есеппен ғана беруінің өзі осыған меңзейді. Олар қаруымыздан Ресейдің жеріне снаряд түсіп жүрмесін деп қауіптенеді. Ресеймен жанжалдасып қалсақ үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетеді деп алаңдайтындықтан өте жойқын қаруларын Украинаға жіберуден тартынып тұр. Ал Владимир Зеленский болса АҚШ пен Батыстан жойқын қаруды керегінше алғысы келеді. Оны алмасақ шабуылға шығуымыз қиын дегенді сұхбатында меңзегендей болды. Бірақ Украина президенті осылай деді екен деп жойқын қуаты бар ауыр қаруларды үйіп апарып беріп жатқан жоқ. Сценарий осы қалпынан өзгермесе Украина әбден титықтап, екі-үш облысының жерінен айрылып тынуы да ғажап емес. Соғыс сонымен тыншып қалуы да мүмкін деп жатқандар бар. Анығын ешкім дөп басып айта алмайды. Зеленскийдің өзі АҚШ пен Батысқа толық сүйене беруге болмайтынын аңғарды. Батысқа салса, санкцияларды босаңсытып, Ресеймен экономикалық қатынасты қайта жолға салудан кетәрі емес.

Жалпы, саясатта қызық нәрселер айтылып жатыр. НАТО, Еуроодақ деген ұйымдар мәңгі емес, оларды он орап кететін жаңа құрылымдар жасалады дейді. Соның мысалы ретінде Түркия, Украина, Польша, Балтық жағалауы елдерінің мықты бірлестігі құрылуы мүмкін деген сөздер айтыла бастады. Олай болған жағдайда Украина үшін НАТО да, Еуроодақ та керек болмай қалады. Керісінше, Еуропа елдері кіріптарлықтан Украинаны жағалап қалуы да ықтимал. Енді мұндай жағдай орнай ма, жоқ па, оны уақыт көрсетер.

Ал Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде не болып жатыр? Ресейдің ықпалы қаншалықты болып тұр?

Мамыр айының соңында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдеріне АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лу бастаған үлкен делегация келіп, бақандай бес күн аралады. Жай делегация емес, құрамында АҚШ-тың дипломаттары, әскери шенділері, қаржыгерлері бар. Олардың келгенінен Кремль мен оның насихатшылары қатты секем алып, бей-жай күй кешті. Себебі, Қазақстан мен Орталық Азия елдері Ресейдің Украинаға соғыс ашқанын қолдап отырған жоқ.

Ресми ақпаратта АҚШ делегациясы көптеген нысандарда болғаны айтылады. Ал ең маңыздысы – барған елдерінде Ресейге жасалып жатқан санкциялар, АҚШ-пен арадағы экономикалық қатынастар, аумақтық және шекара қауіпсіздігі сынды өзекті мәселелердің талқысына басымдық берілген.  

Сарапшылардың пікіріне қарағанда Ресейдің компаниялары осы күні Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне кірігіп жатыр. Олардың мақсаты – осы елдер арқылы АҚШ пен Батыстың санкцияларын айналып өтіп, тауарлар мен технологияларға қол жеткізу. Сол сияқты, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде Ресейдің әскери мүддесі де жоқ емес көрінеді. Олар ретін тапса біздердің тараптарымыздан қару-жарақ пен оқ-дәрі алуға мүдделі болса керек.

Жалпы, Орталық Азия елдері мен Қазақстанның АҚШ-пен жақындасқанына Ресей барлық уақыттарда риза болмаған. Әсіресе бұл елдердің АҚШ-пен әскери ынтымақтастығы Ресейге мүлде жақпайды. Кезінде АҚШ Бішкектегі Манас әуежайын пайдаланып, ол жерге әскери базасын орналастырған еді. Ресей Қырғызстан билігіне қысым жасап, ақыры америкалықтарды 2014 жылы ол маңнан кетірді. Осы жақында ғана Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов ел парламентіндегі сөзінде "Өзбекстан Украинаның территориялық егемендігін қолдайды және ДНР мен ЛНР-ді мойындамайды" деп мәлімдеме жасаған болатын. Осы сөздерінен кейін Кремльдің Ташкентке қысым жасауымен ол қызметінен алынды. Табанды, мықты министр болған деседі.

Сарапшылар Ресейдің Орталық Азия елдерінен қару-жарақ пен оқ-дәрі алуға және аумақтарды санкцияларды айналып өтетін орындарға айналдыруға осы күні мықтап кірісіп жатқанын айтады. Санкцияларды айналып өту үшін экономикалық қатынасты нығайтамыз деген сылтаумен бизнес-құрылымдар жасап жатыр. Сол бизнес-құрылымдардың тетіктерін пайдалана отырып, шет елдерден әскери өнеркәсібіне және экономикасына қажетті жоғары технологиялық өнімдерді өз жеріне асырып отырмақ көрінеді. Мұндай схемалар жүзеге асырылған жағдайда осыған жағдай жасаған елдер де АҚШ пен Батыстың санкцияларының астында қалады. Біздің елдерімізде ондай көлеңкелі бизнестің, құпия тетіктердің пайда болуына қарсы жұмыс сонау АҚШ-тың өзінде де жүргізіліп жатыр. Сондықтан Қазақстан мен Орталық Азия мемлекеттері ұятқа қалмайтындай болып, сақадай сай отыратын болса керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу