Ресейдегі өзбектер Темірлан атындағы батальон құруды ұсынды

3132

Ресей әскері осы күні сарбазға зәру екені жиі айтылуда. Еріктілерді жиып-теріп әкеткенімен де майдан шебінде сарбазға деген сұраныс артпаса, кеміп жатқан жоқ. Ал ендігі кезекте Ресейде жұмыс істеп жүрген мигранттарды да соғысқа тарту үрдісі басталған сыңайлы. 

Ресейдегі өзбектер Темірлан атындағы батальон құруды ұсынды

Мигранттардың өздері де соғысқа қатысуға бастамашы болып жатқан жайы бар. Мүмкін Ресей билігінің насихатының әсері болар, ол жақта тұрақты өмір сүріп жүрген өзбек мигранттары өздерін орыстарға қарыздармыз сезінетін сияқты. Сол қарызын соғысқа қатысып өтеуден кетәрі емес. 

"Пермь аймағындағы Орталық Азия өзбектері қоғамы" деген ұйым бар екен. Оның жетекшісі Жахонгир Жалолов Украинадағы соғысқа қатысу үшін Темірлан атындағы батальон құруды ұсынды. Оның бейнеүндеуін Vetta телеарнасы жариялады.

Жалоловтың айтуынша, өзбектер Ресейде тұрақты жұмыс істеп, жайғасып та қалған. Балалары балабақшаға барады, мектепте және университеттерде оқиды. "Біз жеген нанымызды ақтауға міндеттіміз. Ерікті батальон құрып, оны "Темірлан" деп атауды сұраймын" дейді Жалолов.

Жалпы, Ресейде еріктілерден құрылып жатқан батальондар көп. Тіпті жоғары жақтық тапсырмасымен әр қаланың басшылары да батальон құруға кіріскен. "Коммерсантъ" басылымы осы күнге дейін Ресей аумағында соғысқа қатысу үшін 40-тан астам ерікті топ құрылғанын жазған. Ерікті батальонға қосылғандар Ресейдің қорғаныс министрлігімен бірнеше айға келісім-шартқа отырады екен. Оларға айына 130 мыңнан 300 мың рубльге дейін айлық төлейміз деп уәде береді. Еріктілерге берілетін айлықтың кешіктіріліп жатқаныны жайлы да талай  жазылды.

Ресейдегі өзбек мигранттарының арасынан осындай бастамашы топтың пайда болғаны Өзбекстан үкіметін алаңдатып отыр. Өзбекстанның Ресейдегі елшілігі шетелде еріктілер батальонын құрып, бөтен аумақта соғысқа қатысқан азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Елшілік шетелде жүріп, соғысқа қатысқан өзбек азаматтары 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін шегелеп айтты және арандату әрекеттеріне ермей сақ болуға шақырды.

Ресейде жүрген өзбектердің жұмыс таңдау кезінде сақ болуын Өзбекстанның сыртқы көші-қон агенттігі еске салып жатыр. Себебі бүгінде Ресейде Орта Азия елдерінің азаматтарын жұмыс береміз, жалақыға қарық қыламыз деп алдап шақырып, соңынан соғысқа тартатын ұйымдар пайда болған көрінеді.

Өзбекстанның сыртқы көші-қон агенттігінің хабарламасынан:

"Бірқатар жаңалық арналары Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтарын жалақысы жоғары жұмысқа Ресейге шақырған. Мұндай жарнамалардың басты мақсаты – азаматтарды Ресей мен Украина арасындағы жанжал аумағына тарту. Сол себепті отандастарымыздан шетелге жұмысқа шақыратын бейресми жарнамаларға сенбеуін сұраймыз".

Шетел аумағында қарулы жанжалдарға немесе әскери әрекеттерге материалдық табыс үшін жалданғандар қылмыстық жауапқа тартылатыны да ескертілді.

Ресейде "Вагнер" деген жекеменшік әскери компания бар. Компания жер-жерден сарбаз жалдап, соғысқа салумен айналысады. "Вагнердің" жалдамалы жауынгерлері 2014 жылы Донбасстағы соғысқа қатысқан. Әр жылдары "Вангердің" адамдары  Сирия, Ливия, Орталық Африка Республикасы, Мозамбик және Судандағы әскери қимылдарға араласқан. 2021 жылғы желтоқсанда Еуроодақ "Вагнерге" қарсы санкция жариялады. Бейресми ақпарда "Вагнер" компаниясының иесі кәсіпкер Евгений Пригожин делінеді. Бұл адам әрі Ресей президенті Владимир Путиннің аспазы деседі.

Міне, осы "Вагнер" компаниясы Ресейдегі өзбек және қырғыз мигранттарының арасында жұмыс жүргізіп, Украинадағы соғысқа тартып жатыр деген ақпарат бар. Украинадағы соғысқа қатысамын деген мигрантқа айына 240 мың рубль жалақы береміз деп айналдыруда екен.

Ресми статистика бойынша Ресейде осы күнде екі миллион Өзбекстан азаматы еңбек етіп жүр.

Үгіт-насихатқа елітіп және жалақыға алданып, арандап қалмау туралы ескертулер біздің еліміздің азаматтарына да қатысты деп қабылдаған жөн болар.

Нағашыбек Алдан

Фото: finach.ru

 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу