Ресейге күштеп әкетілген украиналықтар туралы толық ақпарат жоқ

1900

Бір елдің жас балаларын екінші бір ел күштеп әкеткенін көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Өкінішке қарай, қарсы жақтың балаларын жиып әкету соғыс айла-тәсілінің бірі ретінде қолданылатын болған сияқты.   

Ресейге күштеп әкетілген украиналықтар туралы толық ақпарат жоқ

Ресей билігі өзінің әскеріне Украинаның жас балалары мен бейбіт тұрғындарын күштеп алып кету жайлы пәрмен берген болар. Соғыс тәсілі дейтініміздің себебі – қалаларды ракетамен атқылау, тұрғындарды қыру, балаларды күштеп алып кету арқылы қарсы жақтың билігі мен әскерінің сағын сындыру, қарсылығын тоқтату көзделген. Жас балаларын алып кетсек, украиндар қарсы соғысуды қойып, дегенімізге көнуге мәжбүр болады деген есеп болса керек.

Орыстардың жас балаларды Ресейге алып кетуі украиналықтардың сағын сындырмаса да қабырғасын қайыстырғаны анық. Олар адамдарымызды қайтарып аламыз дегенді ойлап соғысып жатыр. Ресей жағы украиналық балаларды әр аймақтарға, тіпті Сібір мен Қиыр Шығыс жақтарға таратып жіберуде деген әңгіме бар. Әкетілген балалардың көбі соғыстың алғашқы екпінінде басып алынған елдімекендер мен қалалардың интернат үйлерінің тәрбиеленушілері болатын. Арасында аласапыранда ата-анасынан көз жазып қалған немесе ата-анасы қаза болған балалар да аз емес. Мыңдаған Украин балаларын осылайша орыстандыру және жадын өшіріп, тілін ұмыттыру жұмысы жүріп жатыр деседі.

Жалпы, жас балаларды алып кетудің әсері қалаларды бомбалаудың әсерінен кем түспесе керек. Бауыр еті баланың жат қолына кетуі ауыр қасірет емес пе.

19 маусымға дейінгі есеп бойынша Украина, Донецк пен Луганскіден 307 423 бала әкетілген. Үлкендерді қоса алғанда осы күнге дейін Украинадан 1 936 911 адам Ресейге әкетіліпті. Бұған шет елдер Украина халқын күштеп қоныс аударту деп баға беріп жатыр. Ал Украина билігі Ресей адамдарды заңсыз  күштеп алып кетіп жатқанын айтып кінәлаумен келеді.

Соғыстың басында-ақ Ресей басшылығы балаларды алып кету жайлы бұйрық берген көрінеді. Нақтылап айтсақ, соғыстың басында Ресейге алып шығарылған 95 739 адамды аймақтарға бөлу жайлы Ресей президентінің жарлығы да шыққан екен. Жарлықта ол адамдарды үйлері қалған жерден кемі 9 мың шақырым ұзаққа алып кету, губернаторлардың оларды қабылдап алуы көрсетілген. Құжатта 11 398 адамды Сібірге, 7 218 адамды Қиыр Шығысқа, 7 023 адамды Солтүстік Кавказға бөлу қарастырылған. Одан бергі кезеңде күштеп әкетілгендердің саны өсіп те жатқан болар. Балалардың ішінде ата-аналарымен бірге көшірілгендерден гөрі ата-анасынан тірідей адасып немесе өлідей ажырағандар көп деседі.

АҚШ Сенатының бір топ депутаты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерришке үндеу жолдады.  

"Украинаның билігі мен құқық қорғаушылары адамдарды алып кетуді және үз-түзсіз жоғалтуды Ресей әскери тәсіл ретінде пайдалануда деп түсінеді. Украинадан балаларды күштеп алып кету арқылы Мәскеу Киевке қысым жасап, жеңілуге мәжбүрлегісі келетін сияқты", – деп сенаторлар соғыс басталғалы беру Украина балаларының із-түзсіз жоғалуына немесе Ресейге күштеп әкетіліп жатқанына тексеру жүргізуді сұраған..

Соғыста қолданылатын мұндай тәсілді адамзат тек екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде көрген болса керек. АҚШ Сенаторлары Ресейдің балаларды алып кету әрекетін Біріккен Ұлттар Ұйымының геноцид туралы Конвенциясын бұзу деп атады. Яғни Ресейдің бұл ісін Украина халқына қарсы жасалған геноцид бағалап отыр. Бұл біздің тілімізде "тұқымын тұздай құрту" деген түсінікке саяды. Себебі жүздеген мың бала кіндік қаны тамған отанынан ажырауы мүмкін. Күштеп әкетілген балалардың азапталмауына, зорлық-зомбылықты бастан кешпеуіне немесе ауыр еңбекке салынып көз жұмбауына ешкім кепілдік бере алмайды. Украина президенті Владимир Зеленский балаларды қайтармау үшін Ресей оларды алыс аймақтарға әкетіп жатқанын айтып:

"Бұл қылмыстық саясаттың мақсаты тек балаларды ұрлап қана қою емес, мақсаты – күштеп көшірілгендерге Украинаны ұмыттыру, оларды қайтып кері қайтармау. Украина мұны жасағандарды жауапқа тартады. Украина жеңілмейді, балаларымыз басқыншылардың иелігінде болмайды", – деді.

Ресейге күштеп әкетілген мыңдаған украиналықтар мен балалардың қандай ахуалда екенінің толық картинасы жоқ. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары балалардың Ресей отбасыларына таратылғанын, бір бөлігінің демалыс лагерьлеріне жайғастырылғанын айтып жатады. Бұл жай ғана әлемге осылай көрсету саясаты ма екен, кім білсін. Анығын ажырату қиын. Күштеп әкетілген балалар мен үлкендер Сібір мен Қиыр Шығыста болуы да мүмкін.

Маусымның орта тұсына дейінгі мәлімет бойынша Украинада 300-ге тарта бала қаза болған, жарақат алғандар 500-ден астам. Бомбалау салдарынан 1971 оқу орны қираған, оның 194-і жермен жексен болған.

Украинаның үкіметінде Із-түзсіз жоғалғандар ісі жөніндегі уәкіл деген жаңа қызмет енгізіліпті. Олег Котенко деген 51 жастағы осы уәкіл мен оның кеңсесі жоғалып кеткендерді анықтаумен және іздестірумен айналысады. Уәкілдің айтуынша 26 маусымға дейінгі есеп бойынша 6 972 адам жоғалғандар тізіміне енгізілген. Бұдан бөлек, полицияға туыстарын тауып беруді өтінген 20 мыңдай арыз түскен. Табылып жатқандары да бар екен.

Ресейдің соғысты жүргізу тәсілін ешбір ел қолдап отырған жоқ. Бейбіт тұрғындарды қыру, балаларды күштеп әкету, қалаларды, әсіресе көпшілік шоғырланатын әлеуметтік нысандарды жару  абырой емес екені бесенеден белгілі. Осылай қорқытып-үркітіп жеңіске жетеміз деген әскери тәсілдің пайда болғаны өте өкінішті. Украина билігі де, өзге елдер де соғыстың барысы осындай тәсілге ұласады деп күтпеген еді.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу