Рустам Жүрсінов: Бізге салық агенттері қажет

7336

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл бизнесті жақсартуға ықпал ететін үш ұсыныс айтты. 

Рустам Жүрсінов: Бізге салық агенттері қажет

"Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы микро және шағын бизнес үшін үш жылдық мораторий мен салық демалысын жариялаған болатын. Жарты жыл өтті, әзірге нәтиже жоқ. Дүниежүзілік банкпен жасалған келісім бойынша осы тапсырманың тек техникалық бөлігін әзірлеудің өзі бір жыл уақытты талап етеді. Мұндай жұмыс үшін бір жыл мерзім тым ұзақ. Бұл үдерісті жеделдетіп, реформаның өзін іске асыруды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау қажет", – деген уәкіл салық агенттерінің жұмысын жолға қою керек деген ой айтты.

"Кәсіпкер мемлекетке қанша қаржы төлеуге тиіс екенін нақты түсінетіндей жүйе қажет, сондай-ақ кәсіпкердің жұмсалатын уақыты мен күш-жігері де үнемделуге тиіс. Егер мұндай жұмыстарды (тіркеу, салықты ұстап қалу, есептілікті тапсыру) кәсіпкер үшін қандай да бір агент атқаратын болса тіптен оңтайлы болар еді. Мысалы: банк, цифрлық платформа "Яндекс", Uber  сияқты платформалар бар. Салық төлеу процесі барынша елеусіз, көзге көрінбейтіндей болу керек. Тиісті сервистік платформаны құрмайынша, мұны іске асыру қиынға түспек", – деді ол.

Сондай-ақ, ол экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендетуге қатысты ұсыныс айтты.

"Коммуналдық меншікте 5,6 мың мемлекеттік кәсіпорын, акционерлік қоғам, жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Оның 85%-ы әлеуметтік салада. 800-ден астам субъект немесе 15%-ы әлеуметтік емес кәсіпкерлік қызметпен айналысады. Монополияға қарсы органмен бірлесіп, 132 тауар нарығына жүргізілген талдау негізінде мемлекеттік компаниялар үшін рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізбесі 347-ден 240-қа (30,8%) дейін қысқартылды. Бұдан басқа, жекешелендірілетін нысандардың тізбесін өзектендіру қорытындысы бойынша ҰЭМ-мен бірлесіп, республикалық меншіктің 35 нысанын жекеменшікке беру жөнінде ұсыныстар әзірленді", – деді Рустам Жүрсінов.

Есжан Ботақара

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу