Саммиттердің басты нәтижесі ой алмасудан кейін қабылданған шешімдерде

1691

Астанада қаншама маңызды халықаралық саммиттер мен жиындар, екіжақты кездесулер мен басқа елдердің президенттерінің мемлекеттік сапары өтті. Әлем назарының Қазақстанға ауғаны анық.

Саммиттердің басты нәтижесі ой алмасудан кейін қабылданған шешімдерде

Астана төріндегі сыртқы саяси белсенділік тым жоғары болғанын көрдіңіздер. Соған қатысты қоғамда да бірқатар ойлар бар. "Мұндай жиындардың Қазақстан үшін пайдасы қандай? Нақты шешімдер қабылданды ма, әлде қабылданған жоқ па? Барлығы келіп өз ойын айтты, бірақ одан не пайда?" деген секілді пайымдар айтылып жатыр. Бірақ бұл жиындар өзге жиындардан өзгерек. Себебі алдыңғы кезеңдерде сыртқы саяси ахуал, тағы басқа жағдайлар ішкі сұраныстар мен ішкі көзқарастарға сәйкес келмейтін еді. Ал қазіргі таңда Қазақстанның сыртындағы геосаяси жағдайлар бұл жиындардың маңыздылығын арттырып отыр.

Екіжақты келіссөздер жүргізілген кезде қақтығысқа қатысты мемлекеттер алдын ала белгіленген позициямен, көзқараспен келеді. Одан шығып кетуі екіталай.

Сондықтан, мұндай кездесулер нәтижесін бермей жатады. Сол секілді қай мемлекет делдалдық қызметті атқарады, оған сенім бар ма, саяси беделі қандай деген мәселелер де сараланады. Ал Астанада өткен саммиттер аясында аңғарсаңыз, екіжақты кездесулер, ой бөлісу, алмасу өте көп болды. Мысалы Түркия мен Ресей президенттері келіссөздер жүргізді. Қырғызстан мен Тәжікстан басшылары келді. Осы жиындарда екіжақты көзқарастармен шектелмеген мемлекеттерге бірін-бірі тыңдауға мүмкіндік пайда болды. Яғни бүгінгі таңда саммит аясындағы ой алмасудан кейін міндетті түрде нақты шешімдер қабылданады.

Бір-біріне айтылған айыппен қатар осы мемлекеттердің басшылары келіссөздерді жүргізуге дайындығын көрсетті. Мұны да негізінен өткен саммиттердің ең басты нәтижесі ретінде қабылдау керек.

Өйткені қазір кез келген халықаралық іс-шараның қай уақытта қай жерде өтетіні өте маңызды. Бүгінгі таңда түрлі мемлекеттердің басшыларының Қазақстанға келуінің өзі елдің сыртқы саясаты, халықаралық жанжалға қатысты теңтарапты арақашықты ұстанымын көрсетіп отыр. Соның арқасында басқа мемлекеттер үшін дәл осы аймаққа еркін келіп, еркін ой алмасуға мүмкіндік пайда болды.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу