Қазақ айтады ғой "екі сиырды тел емген бұзау балпанақтай болып өседі" деп. Бұл солтүстіктен келетін суды айтқаныма жарты ғасырдан асты. Солтүстікте су мол болған жылдары біз соларға үміт артамыз. Ал, оңтүстіктің суы болған жағдайда солтүстік ағыны бізге (Арал өңірін айтады – ред.) демеуші болады. Осындай бір үлкен жаңалық Арал өңіріне, Қызылорда жеріне, Сырдың төменгі алабына келді деп қуанышпен айта аламыз. Есілді картадан қарап отырсаңыз, бізге қарай төмендеп келе жатып, Державинск деген Жарқайың ауданының орталығына келіп, күрт бұрылып Ертіске құйып, ары қарай Солтүстік мұхитқа кетіп қалады. Осы жерден 30 шақырымдай ғана жер, 60 метр тереңдікте болады дегенмін, соны бермен қарай Торғайдың алабына жеткізсек, Торғай транзиттік арнасы бар, булану шығынын өзі көтереді, берілген судың мұрты да бұзылмастан біздің желке жағымыздағы Құрдымкөлдің маңайына, Бақшақ-Байтақ көлдер маңына жеткізеді. Біраз уақыт бұрын осы Бақшақтың төңірегінде Торғайдың суын Аралға жеткізу туралы ұмытылысы, талпыныс-талабы болған. Сөйтіп Бағысбаев бөгетін салып, Торғайдың аяқ жағындағы Айғырөткел деген жерден Атықай-Дәгір, Қасқырлы-Шатырлы деген арналарды, жүлгелерді қуалап отырып, Қарақұм совхозының Көкаша деген ферманың сыртына дейін суды жақындатқан. Өйткені, пәленбай ғасыр бұрын Аралға 4 өзен құйып тұрған. Олар – Торғай-Ырғыз, Шу-Сарысу және Сырдария мен Әмудария болса да.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін