Қытайдың "барлық жұмыртқаны бір себетте ұстауға болмайды" деген мақалы бар. Сондықтан міндетті түрде ұстайтын қаражатыңыз бірнеше себетке бөлінуі тиіс.
Жалпы қазір қазақстандықтардың ұлттық валютаға деген сенімі қаншалықты екенін нақты кесіп айту қиын. Дегенмен де елімізде қайбір операцияларда төл валютамыз жүреді. Сондықтан міндетті түрде теңге болу керек.
Егер сіз көп қаржыңызды жинақта ұстайтын болсаңыз, шетел валютасына шаққандағы теңгенің құны арзандап кететін болса, сіз одан депозиттен гөрі көбірек табыс алуыңыз мүмкін. Бірақ ол нақты факт емес. Бүгін-ертең ол ақшаның құны өзгере ме, жоқ па деген сияқты. Оның үстіне ол тек қымбаттай бермейді, арасында құбылып тұрады.
Ай сайынғы жалақыны үшке бөлген жөн. Егер 100 мың теңге алатын болсаңыз, соның 10 мың теңгесін жинауға дағдыланған жөн.
Бұл шарт. Екіншіден, күнделікті қажеттілікке жұмсалатын қаражатыңыз болу керек. Тамаққа, киімге немесе балалардың оқуына дегендей. "Қауіпсіздік жастығы" сияқты ақшаның болғаны да құба-құп. Үшіншіден, қайырымдылық жасау – бұл да шарт. Ата-анаңызға көмектесіп, отбасылық жағдайы төмен адамдарға аз да болсын қайырымдылық жасап отыру керек.
Бұдан бөлек егер несиеңіз болса, онда оған кететін ақша да қамтылуы тиіс. Түскен табыс пен кеткен шығысқа талдау жүргізіп, жазып отырған дұрыс. Негізі тапқан табысыңыз емес, қолыңызда қанша ақшаның қалғаны маңызды.
Адамдар үйде тұрған ақшаны жұмсауға бейім келеді. Сондықтан банкте тұрғаны дұрыс. Инвестициялар, банктердің қосымшаларында түрлі акциялар, IPO-лар бар. Соларға салып жинасаңыз, ол өсім көрсетеді. Үйдегі ақшаның қолда тұруы қиындау деп айтылады. Банкте немесе жеке бір инвестициялық портфельдер ашып, соған салып қойған тиімді.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін