Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ешбір бүкпесіз, ашық сөздерінде Қазақстанның геосаясаттағы ұстанымдары мен беталысын анықтап айтты. Қазақстан Президенті Ресей басшысы сөзімді қалай қабылдар екен деп алаңдаған жоқ. Дүйім жұрттың алдында тоқ етерін ешбір бүкпесіз, барынша нақтылап жеткізді. Бұл өзі әлемнің деңгейіндегі айтулы да, атышулы да оқиға болды деуге негіз бар.
Санкт-Петербургтегі халықаралық экономикалық форумның барысында берген сұхбаттарында Тоқаев бірталай мәселенің басын ашып айтты. Қазақстан Луганск пен Донецк республикаларын мойындамайтынын, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскері қаңтарда көмекке келгені үшін Қазақстан Ресейге қарыздар деген ұғымға орын жоқ екенін, Украинаның Еуроодаққа баруында тұрған ештеңе жоқ екенін Тоқаев Путиннің көзінше мәлімдеді. Бірқатар сарапшылардың айтуына қарағанда, Ресейдің бұрын-соңғы билеушілерінің және осы күнгі Путиннің режимдеріне қатысты өзге мемлекет басшыларының осылай тіке сөйлеуі бұған дейін болған емес. Тоқаевтың сөздеріне әсіресе Украинаның журналистері шәпкелерін аспанға ата қуанып жатыр.
Дегенмен, бұл жағдайды әркім әр саққа жүгіртіп бағуда. Қазақстанның өзінде мұны арнайы қойылым, бұлай бетке айтылуы мүмкін емес деп баға берген сарапшылар да бар. Негізінде, Путинмен алдын ала келісіп, жоспарлап барып осылай сөйледі дегеннің өзі ақылға қона қояр ма екен. Келісіп алып сөйлейтіндей оларға не көрініпті. Қасым-Жомарт Тоқаев қойылуы ықтимал сұрақтардың осындай жауаптарын күні бұрын ойда пісіріп қойған, соны ештеңеден тайсақтамай тіке айтты деген сөз сенімдірек болса керек.
Шет елдердегі сарапшылардың арасында енді Ресей Қазақстанға кесір-кесапат жасамай тұрмайды деп жатқандар бар. Бәрі де мүмкін. Санкт-Петербургтегі форум біте салысымен Ресей Новороссийскідегі Каспий құбыр консорциумы арқылы Қазақстан мұнайының ағысын шорт бекітті. Бұған дейін мұнайымыздың тасымал жолын бөгеп келген болса, кешегі сұхбаттарда айтылған сөздерден кейін мүлде жауып тастады. Айтқан уәждері – портта сақтаулы ескі оқ-дәрілер мен снарядтарды залалсыздандыру жұмысына байланысты дегенді алға тартады. Қалай болғанда да форумда айтылған Тоқаевтың сөздерінен кейін іле-шала мұнай құбырымыздың жабылуы тегін де емес, кездейсоқтық та емес. Донецк пен Луганск республикаларын Қазақстан мойындамайды деген сөзден кейін осындай әрекет жасалып отыр. Сарапшылардың пікірінше, Ресейдің Қазақстанды аяқтан шалуға әрекет етуі жалғаса беретін көрінеді.
Иван Преображенский, Ресей саясаттанушысы:
"Мәскеу Тоқаевтан Қазақстанды Беларусь сияқты елге айналдыруды талап етеді. Санкцияларды да Қазақстан арқылы айналып өтуді көздейді. Бірақ Беларусьтан айырмашылығы – Қазақстанның экономикасы басыбайлы әлемдік экономикаға бағытталған. Экономикасы Еуроодақ, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Түркиямен тығыз байланысты. Ресей де өте ірі әріптес, Бірақ Батыс елдерін қоса алғанда одан да ірі. Сондықтан Тоқаев Ресейдің жағдайы күрделі екенін түсіне отырып, не істейтінімізді Мәскеуден сұрамаймыз дегенді ашық айтты".
Иван Преображенскийдің айтуынша, енді Мәскеу тарапынан Қазақстанға түрлі аяқтан шалушылық әрекеттер жалғасатын көрінеді. Мұны ол Ресей мен Қазақстан арасында экономикалық соғыстың басталғанымен түсіндіргісі келеді.
Әлемдегі сарапшылардың арасында ТМД-да Путинді тыңдайтын ешкім қалмай бара жатыр дегенді айтқандар бар. Өзіне ең оңтайлы деген Беларусьтың өзін төрт айдан бері соғысқа араласуға көндіре алмай отыр. Ал Қазақстан басшысының сенімді түрде нық сөйлеуіне қарағанда, Қытай мен Түркияға арқа сүйейді деген де пікір жүр.
Мұның бәрі сарапшылардың пікірлері. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев Путинмен арадағы кең әңгімеге ризалық білдіретінін сол форумның өзінде-ақ айтты. Арамызда ешқандай көлденең мәселе жоқ деді. Тоқаевтың айтуынша, форумның панельдік отырысындағы сөздеріне қатысты Путин қандай да бір кейіс білдірген жоқ.
Санкт-Петербургтен кейін іле-шала Катарда да халықаралық экономикалық форум өтті. Сол форумның панельдік сессиясында берген сұхбатында Тоқаевқа Санкт-Петербургтегі сөздерін Путиннің қалай қабылдағаны жайлы сұрақ қойылған еді. Путин Тоқаевтың барлық мәлімдемелерін жайбарақат қабылдапты. Тоқаев Путинді Қазақстанның сенімді одақтасы деп танитынын, онымен жақын қарым-қатынаста екенін айтқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстант Президенті:
"Ол Қазақстанның сенімді одақтасы. Мемлекет басшысы ретінде мен онымен тығыз қатынаста екеніме қуанамын. Форумнан кейін біз өте жақсы кездесу өткіздік. Біз Қазақстан мен Ресей қатынасындағы нақты мәселелер жайлы сөйлестік. Ол өте сабырлы және өзіне сенімді болды".
Бұл сөздерді Қасым-Жомарт Тоқаев Катардағы форумның панельдік отырысының модераторының Луганск пен Донецкіні мойындамағаныңызға Путин реніш білдірді ме деген сұрағына орай айтты.
Байқап отырсақ саясаткерлер сыр бермей қарым-қатынасты жоғары деңгейді ұстап отыр. Алайда қарапайым адамдар, бизнес өкілдері Ресеймен қарым-қатынасты күшейте түссек өзіміз опық жеп қалуымыз мүмкін деп дабыл қағуда. Ресейге қалайша көмектесер екен деп бақылап отырған "батысың" тағы бар. Осылардың бәрін ескеріп, қазақ елінің мәртебесін биік, халқын тоқ алып шығу оңай шаруа болайын деп тұрған жоқ.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін