Түркімендер несімен тамсандырды?

Қыздары шетінен көрікті. Шаштарын екіге бөліп, қос бұрымын төсіне қарай тастай салған. Бәрінің шашы қап-қара, бастарында тақия.

Түркімендер несімен тамсандырды?

Алланың қалауымен түркімен елінің астанасы Ашхабадқа жолым түсті. Күздің соңғы айының соңғы күндерінде мұнда үлкен ғаламдық деңгейдегі, әлемнің төрт бұрышынан түрлі мемлекет өкілдерінің басын тоғыстырған тұрақты көлік қатынасына қатысты жиын өтті. Бірақ, бүгінгі менің айтпағым, жиын туралы емес, менің көзбен көріп, өз құлағыммен естіген түркімен халқы, елі туралы естеліктер болмақ.

"Сырт көз – сыншы" демей ме... Оның үстіне, адамның табиғаты әу бастан, кемшілікті көріп, олқылықты байқап қалуға жақын тұрады емес пе?! Бірақ, түркімен елінде өткен төрт күнде түркімендердің бір кем тұсын көріп қалуға қаншама "тіміскеленіп" бақсам да, байқай алмадым. Сондықтан, көзбен көргенімді еш қоспасыз жеткізуді жөн көріп отырмын.

Бізді ұшақтан түскен бойда әуежайда ұлттық кестелі ұзын қызыл көйлек киген бойжеткендер мен костюм шалбарда жүрген жігіттер қарсы алды. Қыздары шетінен көрікті. Шаштарын екіге бөліп, қос бұрымын төсіне қарай тастай салған. Бәрінің шашы қап-қара, бастарында тақия. Біздің елдегідей, табиғи емес, ақ, сары, қызыл, жасыл, күлгін, боз түске боялған шаштарды көре алмадық.

Ертеде қазақ қыздарының да шаштарын екіге бөліп өріп, ұштарына шашбау таққанын, сыңғырлаған шашбаулары бойжеткенге ерекше нәзіктік, әсемдік беріп, талай ақын-жазушының жыр-шашуына, көркем дүниелеріне арқау болғанын тамсана оқитын едік. Екіге өрілген шаш қыздың тұрмысқа шықпағанын білдіреді дейтін әжем марқұм. Қазақ халқына тән осы қасиетті түркімен қыздарының бойынан бір көргенде, бауырлас елде бұл ғұрыптың ғұмыры ұзақ болып, сақталып қалғанына қызыға да қызғана қарадым. Рас-өтірігін қайдам, "естіген құлаққа жазық жоқ" демекші, түркімендер қыздарының шашын бояуға, қиюға рұқсат бермейді екен, үнемі осылай өріп жүру бұзылмас қағидаға айналған.

Ал тұрмыс құрған келіншекке, мейлі ол он сегізде болсын, мейлі ол отыз сегізде болсын, жастығына қарамастан орамал тағу міндеттелген. Бір байқағанымыз, конференцияға келген журналист келіншектердің өздері кестелі ұлттық нақыштағы түрлі түсті ұзын көйлек киіпті. Елден кеткенімізше балтырын жылтыратып, қысқа киім киген бір әйел затын көрмедік. Мені сүйсіндіргені – өрімдей жас қыздар мен жігіттердің жастығына қарамастан, бір дауыс көтеріп сөйлеп, жырқ-жырқ күліп немесе өрескел әдет-қылық көрсетпеуі еді. Шетінен сыпайы, ізетті, кішіпейіл, ең бастысы, байсалды, салмақты. Құдды бір инкубатордан шыққан балапандардай десеңізші...

Түркімендер қонақжайлылығы жағынан да қазақтардан асып түспесе де, кенде емес болып шықты. Ас та төк ас мәзірі шетелден келген меймандар көңілінен шығып жатты. Бірақ, қазақ дастарханының сәнін келтіретін қазы-қарта, жал-жая, қымыз-шұбат жоқ екен мұнда. Бақсақ, түркімендер жылқы малын "әулие" санап, соймайды да, етін жемейді де. Бірақ, қой еті түркімендер дастарханының төресі, палау ұлттық тағамның негізгісі екен.

Бір қызығы, түркімендер арасынан, тіпті, Түркіменстаннан Ауғанстанға темір жол ашылып, екі ел президенті қатысқан үлкен шараға жиналған ел басқарған әкім-қара, шенеуніктері арасынан да қарны қабақтай, бұқа тамақ, ырсылдап-пысылдаған сиықсыз борсық адамдарды көре алмадым. Аға буын өкілдерінің арасында етжеңді келгендерінің өздерінің салбырап жатқан қарындары не тамақтары жоқ, жинақы. "Семіз адамдар неге жоқ" деген менің сұрағыма, Ираннан көшіп келген маңғыстаулық оператор жігіт, олар тамақтарына қызыл бұрышты көп қосып жейді, қайдан семіз болсын деп әзіл-шыны аралас жауап қайтарды.

Ал Ашхабад қаласына келсек, оның "мәрмәр қала", "аппақ қала" деген қосымша атаулары бар екен. Айтса айтқандай, аппақ қала атына заты сай болып шықты. Көшелері жылан жалағандай тап-таза, бір тал қиқым таба алмайсың, бұл елде көшеде шылым шегіп, шемішке шағуға қатаң тыйым салынған. Жолдарына келсек, тақтайдай түп-түзу, бір еңіс, ойық не жамау таба алмайсың, мұнысын, көліктердің аздығынан, бұл жақта климаттың жылылығынан немесе жол сапасына ерекше көңіл бөліп, бөлінген ақшаны жөнімен жұмсайтынынан шығар деп ой түйдік. Көлік демекші, Ашхабадта көлік қоюға қатысты мәселе жоқ, әкімшілік ғимараттың артқы жағынан және астыңғы қабатынан арнайы тұрақ қарастырылған.

Ал Түркімен астанасында үйлер ақ мәрмәрдан тұрғызылған. Ел-жұрттың айтуынша, үй салам деушілерге мәрмәрмен қаптау талап етілетін көрінеді, егер бұл талап үдесінен шыға алмасаң, онда рұқсат жоқ. Сондықтан, қарапайым халыққа үй салғаннан гөрі 30 жылға 1%-бен ипотекалық несиемен пәтер алған тиімді болып отыр.

Изиз есімді аудандық әкімдік қызметкерімен сөйлескенімде, ол бір жерде бес жылдан артық жұмыс істесең, жаңағы пәтер алғандағы ипотекалық несиенің 50%-ын мемлекет төлейтінін айтты. Сондай-ақ, көпбалалы отбасыларға пәтер тегін беріледі екен. Бұл да демографияны көтерудегі мемлекеттің салиқалы саясаты болса керек.

Біздің тағы бір байқағанымыз – түркімендер өз арасында таза туған тілінде сөйлейді, мұнымен қоса, ағылшын, орыс тілдерін еркін меңгерген. 70 елден келген түрлі ұлт өкілдеріне барынша жағдай жасап, ағылшын тілінде емен-жарқын әңгімелесіп жүрді. Сөйтсек, ағылшын тілі мектеп жасынан бастап, университетте түрлі мамандықта оқып жатқан студенттерге қосымша тегін оқытылады екен. Мейлі ол мұғалім, балабақша тәрбиешісі немесе әлеуметтанушы болсын, ағылшын тілін оқып білу міндеттелген.

Бұдан бөлек, өзге тілдер де студенттердің өз таңдауымен оқытылатын көрінеді. Сөз орайы келгенде, студенттердің бәріне шәкіртақы тағайындалғанын айтып өткім келеді. Тек шәкіртақылардың арасында айырмашылықтар бар, үздік оқитын студенттер сәйкесінше ең жоғарғы, жақсы оқитындары орташа, ал үлгерімі нашарлаулары төменгі шәкіртақы алады.

Халықтың әлеуметтік ахуалына келсек, мұнда су, тұз, қуат көзі тегін. Түркіменстан жерінің 80%-ында мұнай мен газ болғандықтан ба, үйлер де, қызметтік ғимараттар да табиғи көгілдір отынмен жылытылады. Халық газды тұтынғаны үшін өте төмен бағада ақша төлейді. Тіпті, әлемдік қаржылық дағдарыс қыспаққа алып, мұнай бағасы төмендеп кеткенге дейін көлігі бар әр адамға айына бір рет 100 литр бензин тегін беріліп тұрыпты.

Сөз орайы келгенде, түркімен елінің экономикалық жағдайы туралы да сөз қозғағанның артықтығы болмас. Бүгінгі күнге дейін бұл елден 144 кен орны табылса, соның әзірге 40-қа жуығы ғана игеріліп жатыр. Қалғаны өскелең ұрпақ еншісіне қалып отырған сыңайлы. Газдың болжамды қоры 21-23 трлн м3, ал мұнайдікі 12 млрд тоннаға жуықтайды. Жалпы, түркімендер өз елдеріне сырттан шетелдіктерді кіргізіп, өз байлықтарымен бөліскеннен гөрі, өз өнімдерін сыртқа шығарғанды жөн көреді екен. Сол себепті, Түркіменстан ел аузында жабық ел атауына ие болған.

Бұл елге кіріп шығудың өзі қиындау. Ал Түркіменстан азаматтығын алу қияметқайым деседі. Бізде қазақ қызына үйленген шетелдіктердің жолы болып, көп қиналмай, Қазақстан азаматтығын алып жатса, ал түркімен қызына үйленген азамат сол елде тұратын болса, бес жыл мемлекетке көп мөлшерде салық төлеп тұруға мәжбүр болады. Осыдан-ақ, түркімендердің өз қыздарын қалай құрметтеп, бағалайтынын бағамдай беріңіздер. Жалпы, түркімендер қыздарын өзге ұлт өкіліне бере қоймайды.

Түркіменстан – түркімен кілемі және ақалтеке сияқты арғымақтарымен әлемге танылған ел. Мұнда қолөнердің дамуына ерекше мән берілген. Мақта, бау-бақша, егін егіп, мал өсіріп, күн көріп жатқан түркімендер әлемнің 80-нен астам елімен сауда-экономикалық байланыс жасап, жоғары дамыған 30-дан астам елге мақта-мата бұйымдарын, тоқыма жіптерін экспорттайды. Түркімен халқының ұлттық рухының биік, отансүйгіштік сезімінің асқақ болуы халқының әлеуметтік жағдайының жақсы болуынан ба деген ой түйдік. Отан отбасынан басталады дейді әдетте халық даналығы. Әрине, бұл құптарлық ой. Десе де, тұрмыс сананы билейді дегеннің бар екенін де билік басындағылар ескерсе деген тілек бар.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу