Ендігі жерде Украинаға әскери техника мен қаржы көмегі арттырылатын болды. Ресейге қарсы қырық елдің коалициясы құрылды десе де болады. Сарапшылар мамыр айының ортасына қарай екі жақтың қақтығыстары шарықтау шегіне шығатынын айтады. Оған дейінгі аралықта Украинаның әскері күннен-күнге күш алатын көрінеді.
Әлемнің бір ғана уайымы – Ресей стратегиялық ядролық қару қолданып жіберсе не болады деген сұрақ. Соған қарамай,Украинаға қолдан келген көмекті аямауға кіріскен қырық мемлекет тәуекелге бел байлап отыр. Украина әскері сұрапыл соғысқа төтеп беріп, тіпті кей тұстарында шабуылға көшіп те жатыр.
Дегенмен, айылын жиып отырған Ресей жоқ. Ресей әскерінің бас-аяғын жиып, бекінуге және айла-тәсілдерін жетілдіруге көшті. "Украинаны ұлтшылдардан тазартамыз, ол жақтағы орыстарды қорғаймыз" деген о басындағы беталыстары әлі өзгермеген. "Арнайы операциямызды межесіне жеткізбей тынбаймыз" деп табандап отыр. Батыс елдері мен әлемнің өзге мемлекеттерінің Украинаны қолдап жатқанының себебі – Ресей халықаралық келісімді бұзып, Украинаның бейбіт халқын қырғынға ұшыратты, әскери қылмыстарды жасады деп есептейді. Мұндағы халықаралық келісім дегендері – Будапешт меморандумы. Ядролық қарудан бас тартып, бейбітшілік жолындағы ел атанған Украинаның қауіпсіздігіне кепілдік берілетін мемлекетаралық меморандумға 1994 жылы Украина, Ресей, Ұлыбритания және АҚШ қол қойған болатын. Ол кездегі Украина президенті Леонид Кравчук еді.
Украинаның қолында 176 континентаралық баллистикалық ядролық ракета, 44 ядролық ауыр бомба, мыңнан аса ядролық қанатты ракета, 1240 ядролық оқтұмсық болды. Бұл қарулардың біраз бөлігі өте ұзақ мерзім сақталатындай етіп жасалған деседі. Осыншама қарудан айырылуға Украинаның ішінде қарсы адамдар көп болды. Бірақ Украинаның сол кездегі билігі қауіпсіздіктің кепілін алу және АҚШ пен Ресейден аздаған қаржылық өтем алатын болып, ядролық арсеналдан бас тартты. Әрі ядролық қаруды бабында ұстап отыратын мамандар мен қаржы да қажет деп ақталғандай болды. Оған қоса Украинада орналасқан ядролық ракеталармен атудың шифры Ресейдегі Орталық командалық пунктен берілетін еді. Украинада ол шифрды білетін адам болмаған көрінеді. Ақыры орасан көп ядролық қару Ресейге көшірілді.
Ал енді Будапешт меморандумы дегеннің өзі қаншалықты өміршең, қаншалықты жұмыс істеп тұр дегенге келсек, көңілге күмән ұялайды. Меморандум бойынша Украинаның егемендігіне, шекарасының тұтастығына, сырттан қарулы қауіптің төнбеуіне Ресей, Ұлыбритания және АҚШ кепіл болуы тиіс еді. Ал бүгінгі ахуалға қарағанда меморандумның жұмысы нашар деуге келеді. Украинаның егемендігіне, шекарасының тұтастығына және тыныштығына ешкім кепіл болған жоқ. Ресей болса Украинаның ішкі жағдайына байланысты жасалып отырған арнайы операцияға Будапешт меморандумының қатысы жоқ дегенді айтып басын алып қашты. АҚШ пен Еуропа елдері Ресейдің билігі мен әскерін әлемге қауіпті деп тапқандықтан Украинаға үміт артып, көмектерін арттыруға көшті.
Будапешт меморандумы демекші, Қазақстан да ядролық қарудан бас тартқан ел. Сол үшін бізге шет елдерден егемендігімізге, шекарамыздың тұтастығына және ешкімнің қарумен басып кірмеуіне кепілдік берілген. Ядролық қарудан бас тартқан бейбіт елміз. Будапешт меморандумымен мұндай кепілдік Украина және Беларусь республикасымен бірге Қазақстанға да берілген.
Қазақстанның қолында 104 континентаралық ядролық ракета, 1410 ядролық оқтұмсық, 40 ядролық бомба болды. Біздегі ядролық қарулар да жайын тауып кетті.
Украинадағы жағдай көрсеткендей, Будапешт меморандумына толық сенуге болмайтын сияқты. Жаман айтпай жақсы жоқ, ертеңгі күні басымызға күн туса Будапешт меморандумының пайдасы шамалы болып қалуы мүмкін. Осы биылғы ақпан айында Украина президенті Владимир Зеленский Будапешт меморандумын қайта қараймыз деп ескертті. Бұл сөздің ар жағында ядролық қаруы бар мемлекетке айналамыз деген мағына бар. Себебі Владимир Зеленский Украинаға кепіл болуы тиіс мемлекеттердің басын ең болмағанда кеңесу үшін жинай алмады. Ал Ресей басып кіргенде АҚШ, Ұлыбритания және басқа мемлекеттер Украинаға көмек берумен ғана шектелді. Олар Украинаның қауіпсіздігіне кепіл бола алмады. Бұл жағдай Қазақстан үшін шындап ойланатын нәрсе. Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан кезде Араб мемлекеттері бұл қаруды сақтаңыздар деп кеңес берді деген дерек бар. Тіпті АҚШ та Қазақстанда ядролық қаруды қалдыру жайын ойлаған көрінеді. Бірақ Қазақстан ядролық қарусыз, бейбітшіліксүйгіш ел атануды таңдады. Мұның есесіне Қазақстанның атағы кеңге жайылды, көптеген ірі инвестициялар келді, халықаралық қауымдастықтың алдында жүзі жарқын болды.
Дегенмен де қауіпсіздік мәселесінің орны бөлек. Қауіпсіздік мықты болмаған жерде үнемі көңіл алаң болып тұратыны заңды. Ал қазіргі заманда қағаз жүзіндегі қауіпсіздіктің толық кепіл бола алмайтыны көрініс берді емес пе? Сарапшылар мемлекет қауіпсіздігінің бірнеше белгілерін айтады. Бұл мәселеде экономика мен технологиялар көп нәрсені шешеді. Бұл екеуінің арқасында өте мықты, заманауи әскер қалыптасуы керек. Келген жауды шұғыл түрде жойқын соққының астына алатын қауқары бар елге өзге мемлекеттердің тісі батпайды. Сарапшылар осы күні қауіпсіздік кепілінің үлкені қандай да бір мықты әскери одақтың құрамына ену және ядролық қаруға ие болу екенін айтып жүр. Ядролық қаруы бар елге ешкім шабуыл жасамайтын болса керек.
Посткеңестік аумақта ядролық қарулар Ресей, Украина, Қазақстан және Беларусьте болды. Стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту туралы Келісімнің аясында алдымен Лиссабон хаттамасының, соңынан Будапешт меморандумының ықпалымен Украина, Қазақстан және Беларусь республикасындағы ядролық қарулар Ресейге шоғырландырылған болатын. Ядролық қарудан бас тартуға қарсылық білдірген ел оқшауландырылып, экономикалық қысымға ұшыраған болар еді.
Мұндағы айтпағымыз елдің ұзақ мерзімдік қауіпсіздігінің жағдайын жасаудың формасын табу керек деген мәселені еске салу. Ядролық мемлекетке айналайық деп үгіттеуден аулақпыз. Оған халықаралық қауымдастықтың өзі жол бермесе керек. Себебі Стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту туралы Келісімнің талаптары барлық кезде күшінде. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тағы бір маңызды күш – білім-ғылымды ұштау мен озық технологияларды меңгеру, әскери өнеркәсіпті жаңғырту және экономиканы өркендету болар.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін