Украина мен Ресей мектеп оқушыларымен жұмысты күшейтті

1748

Соғыстың зардабын әсіресе екі тараптың жас балалары көріп отыр.

Украина мен Ресей мектеп оқушыларымен жұмысты күшейтті

Украина әскері жоспарлы шабуылға кіріскен. Текетірес екі жағына да оңай болмай тұрғаны рас. Дегенмен таратылып жатқан ақпараттар Украина тарапының іске мықтап кіріскенін айтады. Басы-қасында жүрмегендіктен,  бұл соғысқа нақты баға бере алмасымыз түсінікті. Ресей насихатшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының айтатыны бір басқа, ал Украинаның ақпарат көздерінің айтатыны бір басқа болып келеді. Хабарлардың дені Украина шабуылының екпіні қатты болып тұрғанын білдіруде. Әрине, ту сыртынан жау шапқанда атқа қонған әскердің ел мен жер қорғағаны жөн-ақ. Ұзамай орыс әскері сыр беріп қалады деп сәуегейлік етіп жатқан сарапшы көп. Кім білсін, орыстар да адам жиып, майдан даласына сарбазды қара құртша қаптатуға жанталасып бағуда.   

Жаңа оқу жылы басталып жатыр, сондықтан біздің бұл жолғы әңгімемізге Украинадағы және Ресейдегі мектеп жайы арқау болмақ.

Қаншалықты сұрапыл соғыс жүріп, қалалар мен елді мекендер қирап жатқанымен, Украина үшін мектептердің жұмыс істеп тұруы аса маңызды екені елдің басшылығы тарапынан айтылды. Дұрыс-ақ. Бірақ талай жерде мектеп қираған, елдің біраз бөлігі босып кеткен. Сонда да оқу-білім керек, оны тоқтатуға болмайды.

Украинада Ресей әскерінің атқылауынан қираған мектеп ғимараттары қыркүйектің қарсаңында жөндеуден өткізілді. Есеп бойынша 6 миллион бала мектепке барды. Білім беру жұмысын тоқтатпауға Украина үкіметі басымдық беретіні айтылды.

Украина мектептерінде балаларға бүгінгі соғыс жайлы деректер молынан жеткізіледі. Ресей әскері басқыншы, украин ұлтын жою мақсатында соғыс ашқан терроршы деп оқытылады. Орыс тілі деген пән болмаса керек. Ал тарих сабағына жаңа бағдарламалар енгізіліп, бұрынғы материалдар едәуір өзгеріске ұшыраған. Бүгінгі соғыс Украина мектептерінің тарих пәніне елді басқыншылдардан азат ету соғысы ретінде ендірілген. Тарих пәні қираған қалалар, қырылған бейбіт тұрғындар жайлы деректерге, әскердің ерлік жолына толы.

Украина Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша соғыс басталғалы бері 2300 мектеп қанатты ракета мен бомбаның астында қалған. Соның 286-сы жермен жексен болған. Бүгінде бәрі қалпына келтіріліп, жаңа оқу жылы өз жолымен бастау алды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша соғыс жүріп жатқан алты айдың ішінде Украинада 350 бала қаза болды, 586 бала жарақаттанды.

Өкінішке қарай, соғыс кезінде Украинадан 7 мыңдай бала Ресей жеріне күштеп әкетілген. Үлкен жұмыстың нәтижесінде соның 50-ін ғана қайтарудың сәті түсіпті. Қалған балаларды Ресейдің әр губерниясына, тіпті Сібірдегі аймақтарға бөліп тастаған деген ақпарат бар. Ресей тарапы ол балалардың еліне қайтарылмауына күш салатын көрінеді. Осы 7 мыңдай бала Украинадағы өз мектептеріне бара алмас. Ресей мектептеріне барды деген дерек те кездеспейді. Күштеп әкетілген балалардың көпшілігі ата-анасынан адасып қалғандар немесе ата-анасы қаза болғандар. Ата-аналарымен бірге әкетілгендері де көп. Қалалар мен селоларды атқылаған сәттерде бейбіт тұрғындар қырылды, балалардың біраз бөлігі орыс әскерінің қолына түсті. Әкетілген балалардың арасында ресейлік отбасыларға берілгендері де бар деседі. Олар өсе келе Ресейдің азаматтығын алады. Кәмелет жасына жетіп қалғандардың алғашқыларына өткен шілде айында Ресейдің төлқұжаты беріліпті.

Украина билігі Ресейдің балаларды алып кетуін геноцид деп танып отыр.

Ал енді Ресейде де мектептер жаңа оқу жылын бастады. Ол жақта мектеп бағдарламаларына жаңа сынып сағаттары енгізіліп жатыр. Әрбір сынып сағаты Ресей туын желбіретіп көтерумен ашылады екен. Ресей балаларының санасына "әскери операция" деп құя отырып, орыс сарбаздары мен офицерлерін ер етіп таныстырады. Ресейдің насихаты мен идеологиясы осылайша балалардың санасын да жаулап жатыр. Жас балаларға "арнайы операцияның" не үшін керек екенін түсіндіреді. Батыстың санкциялары Ресей экономикасын құлатпай, керісінше, дамыта түседі деп оқытады.

Жалпы, орыстың беталысын хақ жол, туралық жолы деп, ал украиндықтарды ұлтшыл, қарақшы, орыстың жауы деп сендіреді.

 

Ресей мектептерінің алаңдарына апта сайын ту тігілетін міндетті тәртіп енгізілді. Мұндай рәсімнің стандартын Оқу-ағарту министрі Сергей Кравцов қол қойып бекіткен. Тігілген тудың астында балалар сап түзеп, Ресейдің Гимнін орындайды. Мұндай рәсімге тек сабақта да, спортта да, қоғамдық жұмыста да жетістіктерге жеткен белсенді оқушылар ғана қатыстырылады екен.

Қырым жайлы сынып сағаттары да енгізілген. Әрине, балаларға Қырым орыстың төл атамекені деп түсіндіріледі. Апта сайын өткізілетін сынып сағаттарының тақырыптарының әрбірін Оқу-ағарту министрлігі шегелеп бекітіп берген. "Арнайы операция", "Қырым", тағы басқа сынып сағаттары 5-ші сыныптан жоғары қарай оқытылса, төменгі сыныптардың апта сайынғы сынып сағаттары Ресейдің жер-суына, Отан ұғымына негізделген әндер мен ойындарға құрылған.  

Ресей мектептеріндегі бұл жаңа үрдіс жалғаса беретін көрінеді. Ал пионердің 100 жылдығына қарай Ресейде балалардың ұйымы құрылады екен. Оған 18 миллион бала мүше болады деп отыр.

Ия, мұндай насихат сабақтарын ұнатпай жатқан мұғалімдер мен қоғам белсенділері де жоқ емес. Олардың үні әр жер-әр жерде шығып та жатыр. Белсенділер білім туралы заң бойынша мектептерде саяси үгіт жүргізуге тыйым салынғанын алға тартуда.

Әрине, бұл соғыстың балаларды айналып өтпегені өкінішті. Украинаның балалары жетім қалып, мыңдағаны босқынға айналып, мыңдағаны Ресей асырылып, жүздегені қаза болып жатқаны қандай қиын ахуал. Ал Ресей балалары да зардап шегіп отыр. Оларға саяси үгіт-насихат жүргізілуінің өзі қиянат жасау. Себебі сана-сезіміне әсер етеді, табиғаттың берген болмысын бұра тартып өзгеріске ұшыратады. Әңгімеміздің басында соғыс зардабын әсіресе екі тараптың балалары көруде дегеніміздің мәні осында. Әрине, үлкен қасірет.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу